Мақсаты: Балаларға күз мезгілінің ерекшелігі туралы түсінік беру. Күз мезгілінің тіршілікте тиер пайдасын, табиғаттың өзгешелігін, қыр-сырын тақпақ, өлең жолдары мен нақыл сөздер арқылы ой-өрісін дамыту. Жыл мезгілінің ішіндегі күз айының алатын орны жөнінде айту. Балаларды табиғатты қорғауға, сүюге, аялауға, қажырлы еңбек етуге тәрбиелеу.
(зал іші мерекеге сай безендіріледі, шарлар, қанатты сөздер т.б күзге байланысты әуен қойылып тұрады)
Жүргізуші: Табиғат – күллі тіршілік атаулының құтты қонысы, алтын ұя бесігі, құт берекесі. Осы табиғаттың төрт мезгілінің өзіне тән ерекшелігі, жақсылығы, әр түрлі мерекесі, берекесі бар. Соның ішінде күз мезгілінің алатын орны ерекше.
Күз – адам баласына молшылық, береке әкелетін мезгіл. Сондықтан да адамдар күзге берекелі күз, алтын күз, аяулы күз деп баға берген. «Алтын» аталуының себебі, біріншіден, айналаның бәрі сап-сары бояуға малынған. Екіншіден, алтын – байлықтың белгісі. Екеуін атастырып «алтын күз» деп атаған. Күзде егінді жинап болған ата-бабаларымыз сабан той деп күз берекесін тойлаған. Міне, бүгін сол дәстүрдің жалғасы ретінде «Берекелі алтын күз» атты мерекелік кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Әсем әуен салдырған,
Сәбилер де алғыр жан.
Бал дәуреннің қызығын,
Есте қалар балдырған.
Балалар қолға шар ұстап залға кіреді. Шеңбер бойынша музыка әуеніне жүріп айналады. Шарларды ұшырады.
Қыркүйек: Мансұр:
Бір-біріне жер аспан, мейіріммен қарасқан
Ұстаз-шәкірт жүздескен, “Қош келіпсіз, күз!” дескен
Бірінші қыркүйек, білімге бастады,
Мал мен аң жүр билеп, құс шарлап аспанды.
Қазан: Ернұр:
Қазан айы болыпты, қамбаға астық толыпты.
Сары даланы сәндетіп, думандатып әндетіп,
Жаңбырлы ғажап айы, бұл мен – қазан айы.
Қараша: Нұрдан:
Мол байлық тергені, шаттығы қаншалық,
Қараша өрледі, қараша ән салып.
Күн суытып барады, малдар қолға қарады,
Қараша ауыл даламыз, қысқа дайын боламыз.
Хор: «Күзге сәлем»
Жүргізуші: кезегімізді балаларымыздың өлең шумақтарына берейік
Аяулым:
Алып келді мереке,
астық жеміс береке,
Батырлыққа жараса,
көбейді той тамаша.
Ән салады өзен, тал құрақ,
шашу болды жапырақ.
Жания:
Әуенге еріп сиқырлы,
Айтылды ән боп сыр қилы.
Күзгі әуен жастардың
Жүрегіне нұр құйды.
Нұрға бөлеп өмірді,
Жырға бөлеп көңілді,
Жарқыраған сәулелі
Күз әуені төгілді.
Дамир:
Ақтарады мырза күз, уылжыған жемісті,
Күзге біз де ризамыз, аянбаған ел үшін.
Көбейді құт береке, астық толы қамбамыз,
Құтты болсын мереке, алтын күзді тойлаймыз.
Несібелі:
Жатыр дала жалтылдап, жаз шуағы мол құйды,
Күн астында алтын дән, тербеледі толқиды.
Көктемде егін егетін, күзде жиып беретін,
Біздің дала бай дала, астық толы айнала.
Исламбек:
Сарғайды тоғай, сап-сары маңай.
Соңғы әнің айтып, құс кетті қайтып.
Жапырақ ұшты, суық та,
Сонда да бізге, қызық көп күзде.
Жүргізуші:
Кездескен соң күзімен,
Бұтағынан үзілді.
Ай жапырақ-сары алтын
Айналаның бәрі алтын.
Нұрдан мен Айнұрдың орындауында «Жомарт күз» әнің қабыл алыңыздар!
Жүргізуші: Береміз ендеше,
Би өнеріне кезегін.
Ортада «Аралар» биін қошеметтеп қарсы алайық.
Жүргізуші: Кезегімізді өлең шумақтарға берейік.
Айзере:
Алтын нұрдай тамшылап, жапырақтар төгілді,
Біздің өмір таң шуақ, біздің өмір көңілді.
Біреу астық түсіріп, біреу бидай ұшырып,
Жатқан мезгіл күз екен, алдым соны түсініп.
Інжу:
Жетті желмен алтын күз,
Жеміс жинау салтымыз.
Жиып-теріп болған соң
Той жасайды халқымыз,
Мол өнімді жинаймыз
Елге бәрін сыйлаймыз.
Назым:
Гүл жайнаған даланың,
Жапырағы солыпты.
Таңырқадым, қарадым,
Танымастай болыпты.
Әсел:
Тілегім аман болсын ел іргесі,
Алтын күз қайта келді берекесі.
Молшылықтың жаршысы бола білді,
Алтын күз ырыс, береке, бірлік ала келді.
Жүргізуші: Келді міне алтын күз, сары шашты жарқын жүз.
Мол өнімді ісімен, таңдандырып халқын күз.
Бүлдіршіндеріміздің орындауында – Хор: «Алтын күз» әнің қабыл алыңыздар!
Ән «Осень-осень» — Аяулым орындауында.
Жүргізуші: Балаларымыз ән айтты, би биледі, ендігі кезегіміз ата-аналарда.
Мына себеттің ішінде күздің сыйы жемістерге толы, ата-аналарымыз да ауыз тиіп отырыңыздар. (Ата-аналарға жемістерге түйілген әріптер бар, сол ата-аналарды ортаға шақырады).
Ойын шарты: Мысалы: Берілген әріптен (ж,қ,м,н) балаларымызды төлдердің аттарымен еркелетеміз, үйдегі кез келген тұрмыстық заттармен еркелету, жемістер атауымен еркелету және ата-аналарымыз балаларымызға тілектер айтуы.
Теңіздей тербетіле көл бетіне,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілеріміз өнерлерін көрсетуде.
Би «Кірпілер»
Жүргізуші: Табиғат-Ана ғой. Тағдыр ғой күз деген.
Тыныштық бұзылма, үмітті үзбеген.
Балалардың орындауында өлең шумақтарын тыңдаңыздар»
Али:
Күн суытып келеді,
жапырақтар түседі.
Астық-жеміс жиылды,
қамбамызға құйылды.
Ардақты күз, мың алғыс,
алдық өнім – сыйыңды.
Айбар:
Қоңыр салқын тарады,
Қойнаулар мен сайлардан.
Қаздар қайтып барады,
Қайтқан елдей жайлаудан.
Соңғы шуақ төгіліп,
Жалқынданып тұр аймақ.
Ансар:
Ақ сәулеге шомылып,
Жапырақтар жүр ойнап.
Көктен көзін бір алмай,
Қызғылт тартты кәрі күз…
Жер қызығын қия алмай,
Маужырап тұр сары күз…
Арсен:
Жайдары күз, жарқын күз,
Аяулы күз, алтын күз.
Дәнге толы кең далам
Дариядай шалқып жүр.
Жүргізуші: Ата-аналармен ойын: Салат жасау
Жүргізуші: Вокалды топ бүгін бізде қонақта
Келіпті күзге ән арнамаққа.
Жеке Ән «Тамшылар» Ернұрдың орындауында
Жүргізуші: Сән әлемінен сырттап, құр қалмаңыздар,
«Күз — 2017» сәнді киімдер шеруін тамашалаңыздар!
Сәнді киімдер шеруі
Қыздар сән үлгісіне ұлдармен қол ұстасып шығады.
Жүргізуші: Аспанды сұрғылт бұлт
Жан-жақтан жабады.
Күн бірте суытып
Жауын көп жауады.
Әсем әнсіз той бола ма? Ән арнайық күзге, балаларымыздың орындауында Хор: «Жау-жау жаңбыр»
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, ата-аналар, бүгінгі «Берекелі алтын күз» атты мерекелік кешімізді аяқтай отырып, күз берекелі, астықты болсын демекпіз. Сау болыңыздар, қонақтар, келгенше жыл айналып!
Курмангалиева Гульжан Тулегеновна,
Айбекова Гулден Балгабаевна,
«Мұрагер» мектепалды даярлық тобының тәрбиешілері,
МКҚК «Күншуақ» балабақшасы
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
96 разъезд ауылы