Home » Жаңалықтар » Бейіндік оқыту жағдайында мұғалім құзырлылығының ролі

Бейіндік оқыту жағдайында мұғалім құзырлылығының ролі

????????????????????????????????????

Сарсенова Нұрзила Сарсенқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Атырау  облысы  бойынша педагогикалық  қызметкерлердің  біліктілігін арттыру институтының
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы,
профессоры,  педагогика ғылымдарының кандидаты

 Қазақстандағы жалпы білім беретін мектепті жаңарту ауқымындағы ең бір елеулі инновациялық шешімдердің бірі оның жоғарғы сатысында бейінді оқытуды енгізу болып табылады.

Бүгінде бүкіл елде орын алып отырған жоғарғы мектепті бейінді оқыту пәнді тереңдетіп оқытуды қамтамасыз етуді мақсат етіп қана отырған жоқ.  Ең алдымен, ол оқыту мазмұнын елеулі мөлшерде саралау, жеке білім беру бағдарламаларын құру үшін жағдай жасауды көздейді, кәсіптік білім алуға анағұрлым тиімді және мақсатты дайындықпен келуді қамтамасыз етеді, оқушының қабілетін, бейінділігін және нені қалайтынын ескеруді мүмкін етеді, жоғары сынып оқушыларының көпшілігінің білім алудағы  және өмірлік мақсаттарының құрылымына сай келеді,  оларды әлеуметтендіру мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Еліміздің Президенті Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деп атап көрсетуі де мемлекетіміздің білім берудегі реформасының бағытын айқындайды.

Осы тұрғыдан ҚР 2015 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасында:«…жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру», -деп атап көрсеткені мәлім.

Білім беруде оның мазмұнын жетілдірудегі құндылықтарды  қарастырғанда 1-орынға мұғалімнің жеке тұлғасы қойылады.  Оқушыда  кәсіптік мамандық пен оның қалыптасуының қозғаушы күші және қайнар көзінің негізі-педагогикалық қызметтің талаптарына сәйкес келетін жеке өзіндік ерекшеліктерінің негізгі белгілері болып табылады.

Педагогикалық құзырлылықтың түпкілікті қайта қалыптасуының қажеттілігі қоғам талаптарымен айқындалады.

Ұстаз тек қана жаңа білім, жаңа мақсат, жаңа құндылықтар және жеке тұлғалық ойлардың өнімі ғана емес, сонымен бірге зерттеуші ретінде және оның интеллектісі мен мінез-құлық потенциалы, оның күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларға еркін бейімделу қабілеті, қолда бар педагогикалық технологияларға қызмет ету ғана емес, сонымен бірге инновациялық шығармашылық процестерді жүзеге асыру кезінде нақты өзінің қабілетін көрсете білуі қажет.

Білім жүйесінің осындай жаңа бағыт алуына байланысты мұғалім құзырлылығының рөлі мынадай мәселелерге саяды: оқушының әділетті және ашық қоғамда өнімді, әрі толыққанды өмір сүруі үшін қажетті білімдерді, біліктерді, түсініктер мен құндылықтарды игеруінде.

Білім беру үрдісінде мұғалім құзырлылығы ең алдымен жеке тұлғаға бағытталады. Оқушының дамуына білім беру барысында ерекше мән беріледі.  Түрлі іс-әрекеттер арқылы оқушымен жұмыс істеу нәтижесінде оқушыда білімге құндылық бағдар, интеллектуальдық-танымдық, психологиялық, өз бетінше оқу әрекетшілдігі, қарым-қатынастық біліктілігі, эстетикалық, рухани-адамгершілік және дене мәдениеті қалыптасады, әрі дамиды.

Мұғалім құзырлылығы-оқушының күтілетін нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік жасайды.  Күтілетін нәтижелер құзіреттер түрінде айқындалады.  Демек, мұғалімнің оқу үрдісін шығармашылықпен ұйымдастыруы арқылы күтілетін нәтижелер болып есептелетін құзіреттерді оқушылардың меңгеруіне жағдайлар болады. Мұғалім білім мазмұнын құрайтын оқу материалдарын тұлғаны дамыту мүддесіне тікелей қызмет ететіндей етіп құрады.  Ал тұлғаның дамуы оның алған білімі мен игерген іскерлік дағдыларын өмірде қаншалықты қолдана алуымен өлшенеді.

Осы орайда мұғалімнің бейіндік оқытуға дайындығы-оның  кәсіби деңгейінің артуы мен білім сапасына қол жеткізуінің маңызды шарты болып табылады:

-бейіндік оқытуда тек нұсқауларды орындау емес, күтілетін нәтижеге жету бағытындағы оқу үрдісін шығармашылықпен құра алатын құзырлылық;

-білім беру салаларында мұғалімнің зерттеушілік қызмет бағытының күшеюіне орай мұғалімге қойылатын біліктілік талаптарының кеңейтілуі және бұған мұғалім құзырлылығының сәйкестігі.

Сөйтіп, рухани дүниесі кең, қоғамдағы барлық ұлттық құндылықтарды анықтап бақылайтын, адамгершілігі жоғары және кәсіби маманды даярлауда қазіргі мектеп мұғалімдерінде қалыптасатын құзырет түрлері мынадай:

1.Проблемалардың шешімін табу құзыреті;

  1. Ақпараттық құзырет;
  2. Коммуникативтік құзырет.

Проблемалардың шешімін табу құзыретіне жататын іс-әрекеттер:

-әр түрлі жағдайларда туындаған проблемаларды анықтау;

-жауапкершілікпен шешім қабылдау, өз шешімінің салдарын бағалай алу;

-өз қызметіне мақсат қою, оны іске асыру жолдарын анықтау, мақсатқа қол жеткізу үрдісін жоспарлау және ұйымдастыру технологиясын даярлау;

-өзін-өзі басқара білу, өзін-өзі бағалай білу, өз әрекетін және оның нәтижелерін білу және бағалау, жүзеге асыру;

-әрекеттер мен мінез-құлық нормаларын білу.

Ақпараттық құзырет:

-ақпараттарды қабылдау, рефлексивті түсіну, дұрыс шешім жасау;

-өз бетінше мақсат қою, оны негіздеу, жоспарлау және мақсатына жету;

-өз бетінше мәліметтер іздеу, сараптау, бейімдеу, қолдану және жеткізу;

-ғаламдану кезеңіндегі ақпараттық технологияларды игеру, жүзеге асыру;

-мәліметтерді жинақтау, талдау, жалпылау, өңдеу, құрылымдар құру, тікелей және жанама дәлелдер келтіру, ұқсастық бойынша дәйектеу, үлгілер құрастыру, жүйелеу.  Қисынды ойлау операцияларын қолдана отырып өңдеу, пайдалану;

-ақпарларды пайдалана білу.

Коммуникативтік құзырет:

-нақты өмір жағдайында өзінің міндеттерін шешу үшін қазақ және басқа тілдердегі ауызша және жазбаша қатынас құралдарын, жазбаша коммуникациялық құралдарды қолдана білу;

-әдеп нормаларына сәйкес өз көзқарасын білдіре алу;

-өзгелермен дұрыс қарым-қатынас жасай білу, басқа мәдениет өкілдерімен, өзгеше көзқарастағы басқа бағыттағы тұлғалармен жалпы ортақ шешімге келіп қатынас жасай білу, қақтығыстық жағдайларды шеше білу.

Осы мақсаттан шыға алатын құзыретті мұғалім білім мазмұнының оқушыға жеткізуші ғана емес, бәсекеге түсе алатын, білімді, заман ағымына бейімді азамат тәрбиелеуші ретінде қалыптасады.  Ол үшін мұғалім өзін-өзі дайындауға тиіс, өзінің педагогикалық-кәсіптік шеберлігін жетілдіруі негізгі шарт.

Жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда құзыретті мұғалім төмендегідей іс-әрекеттер жасауы керек:

-оқушының дербес дамуын қамтамасыз етеді;

-күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларда еркін бағдарлап, өз бетінше дұрыс шешімдер қабылдай алады;

-ғаламшарлық аумақтағы тенденция ретінде ғаламдану жағдайында жаңашылдық  үдерістерге қызмет көрсете алады;

-кең мағынадағы  шығармашылықпен жұмыс атқара алады.

Құзыретті мұғалім қоғам талаптарына сай жұмыс істей отырып, оқу үрдісін шығармашылықпен құра алады.

-құзыретті мұғалім-білім, білік дағдыларды қамти отырып, олармен бірге өмір тәжірибесінің элементтерін де, жалпы сапалық білім мен біліктерді де меңгеруді көздейді;

-құзыретті мұғалім-қолдану аясы пәнмен шектелмейді, өздігінен білім алуда және өмірде әр түрлі жағдайларда бейімділік пен іскерлік танытуға жетуді мақсат етеді;

-құзыретті мұғалім-құзыреттерді ескере отырып, оқушының өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі басқаруға ерекше мән береді.

Бұдан шығатын қорытынды: мұғалім құзыреттілігі бейінді оқытуға  дайын болу үшін ең алдымен «құзырет» ұғымын жете игеруі шарт.  Барлық пән мұғаліміне шешуші, негізгі құзыреттер ортақ болып табылады.  Зерттеуші А.Хуторской «құзырлылық» ұғымын «…Адамның өзара байланысқан тұлғалық  сапаларының жиынтығы, адамның мәселелерге жақсы хабардарлығын, танымдарды және тәжірибелерді меңгеру аумағын білдіреді»,-дейді. В.Бондаровская, С.В.Кульневич құзырет деп білімді және өмірлік тәжірибеде мәселелерді тиімді шешуде дұрыс амал болып табылатын аса қажетті тұлғаның білімі мен  қасиеттерінің жиыны деп түсінік береді.  Тұжырымдаулардағы құзырет анықтамасы да осыған саяды. «Құзырет деп білім мен тәжірибеге негізделген жалпы қабілеттілік пен оны жүзеге асыру әрекетіне дайын болу арқылы жеке тұлғаның тоғысымды қасиетін түсінеміз, ол оқу және әлеуметтендіру үрдісінде меңгеріледі және түрлі әрекеттерге өз бетінше, әрі табысты қатысуға бағытталады».

Қазіргі заман талабына сәйкес бағдарлы оқытуда мектеп мұғалімінің міндеті оқу процесін ақпараттық жүйеге қосу, ғылым  жетістіктерін өндіріске енгізу, оқытудың жаңа ақпараттық технологиялық мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу, техникалық, электрондық құралдарды пайдалана алу.

Сонымен оқу нәтижеге бағытталады.  Ол мектептегі білім жүйесін нәтижеге бағыттайды, білім сапасын анықтау мен қадағалау жүйеленеді, мұғалімнің кәсіби деңгейінің құзырлылығына талап жоғарылайды, білім жүйесіндегі материалдық-техникалық базаның нығаюын міндеттейді. Білім, білік және дағдыларды меңгеруден құзыреттерді меңгеруге көшеді. Жаңа жағдайда білім беруге қатысушылар анықталып, олардың міндеттері мен жауапкершілігі заңдастырылады.  Білім беру жүйесінің нормативті-құқықтық негізі жетілдіріледі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.