ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова, Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелері Қайролла Ережепов және Әнуарбек Бимағамбет Бейнеу ауданы әкімдігінде мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізді.
Кездесуде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, бәсекелестік қағидасы мен іріктеудің ашықтығы бойынша мемлекеттік қызметке орналасу және меритократия қағидаты бойынша мансаптық өсу мүмкіндігі туралы айтылды.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларының сақталуы, тестілеуден өту тәртібі, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалар түсіндіріліп, мемлекеттік қызметшілердің қызметі ең алдымен сапалы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруына бағытталуы тиіс екендігі сөз болды.
Өз сөзінде агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, факторлы-балдық жүйе негізінде қолға алынған пилоттық жобаның нәтижесінде, мемлекеттік қызметке деген қызығушылық екі есе артқанын айтып өтті.
Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов, осыдан тура бір жыл бұрын әкімдікте 34 бос орын болғандығын еске түсірді. Ал қазір 3 бос орын бар, яғни жағдай мүлдем басқаша, ең бастысы бос орынға келушілер қатары артқан. Еңбекақының екі есе өсуі мемлекеттік қызметтегі сапаның артуы және мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, спортпен шұғылдануына жағдай жасау, тегін медициналық көмек көрсету және тағы басқа әлеуметтік мәселелер оң шешімін табуда.
«Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің денсаулық жағдайына көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақытта салауатты өмір салтын қалыптастыру, ақысыз спорт нысандарымен қамтамасыз ету жолға қойылған. Бүгінгі күні, облыс бойынша мемлекеттік қызметкерлердің бұқаралық спортпен айналысу көрсеткіші 80% асады. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметшілердің әдеп қағидаларын сақтау мәселелері өзектілігін жоғалтқан. Біз әрдайым мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қызмет көрсетушілердің жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар тыңдауға дайынбыз», — деді Нұргүл Жанназарова.
Бұдан бөлек ардагерлер кеңесінің мүшелерімен де кездесу өтті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен басқосуда сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытында атқарылып жатқан мәселелер сөз болды. Бұл індеттің түп-тамырына балта шабу баршаға ортақ міндет, сол себепті бұл мәселеде шет қалмай, көздеген нәтижеге бірлесіп қана қол жеткізуге болатындығы сөз болды. Берекелі Бейнеудің байырғы тұрғындары, әсіресе үлкендердің тікелей араласуымен сыбайлас жемқорлық көріністері әлде қайда бәсеңдейді деген үміт басым. Бұл ретте ардагерлер жең ұшынан жалғасудың алдын-алуда қалыс қалмақ емес. Мемлекеттік қызметшілерді, әсіресе жастарды сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға шақырып, уәкілетті органмен қоян-қолтық жұмыс жасау әзір екендігін жеткізді.
«Жемқорлықпен күресу сіздің де, біздің де басты міндетіміз. Қоғам таза болса, болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Мемлекет үшін қызмет етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар параға ұрынып, абыройларына дақ түсірмесе деген тілектен басқа айтарымыз жоқ. Дәл осы сәтте қазыналы қарттарымыздың көмегі, бізге ауадай қажет», — деді Нұргүл Жанназарова.
Басқосуда сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сермебай Ережепов, мұндай кездесулер маңызды және түбінде нәтиже береріне сенім мол екендігіне күмән келтірмейтінін жеткізді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі