Павлодар қаласында өткен жұмада ауыр қайғылы күн болды. Халқы ардақты Анасынан айрылып қалды.
Тұла бойы тұнған мейірімділіктің, ақыл мен парасаттың бейнесін түзген Зара Қабдешқызының қазасына қайғыдан қабырғасы қайырылған облыс халқы марқұмға үлкен құрмет көрсетіп, мәңгілік сапарына Ж. Аймауытов театрының фойесінде қоштасу митингісін өткізді.
Қазанаманы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкейұлы жүргізді. Павлодар облысының әкімі Болат Бакауов облыстың Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, елге қадірлі болған абзал Ананың қоғамда өзіндік орны мен белгісі, ел мақтанатын биік тұлға, аяулы, қадірлі азаматша болғанын көпшілікке тебірене жеткізді.
Аналық келбеті бойына жарасқан Ел Анасын жоқтап, оның жомарт, кішіпейіл, адамгершілік мінездері туралы айтып сөз алғандардың ішінде «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, Парламент Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова, Евразия Университетнің вице Президенті Лариса Анатольевна, № 10 қазақ мекnеп-лицейінің директоры Самал Айтказина, тебірене толқыған Түркиядан құстай ұшып келген шәкірті Сүлеймен, Егінбай құдасы, басқа да көптеген зиялы азаматтар марқұм Ананың тіршілік баяны, жасаған қызметі, елеулі еңбегі, ақылдылығы, үлгі-өнегесі, татқан зейнетін қоғаммен ұштастыра білген, қазақ әйелдерінің көркем бейнесін іс жүзінде дәлелдеген жан бола білгенін ізгілікті ниеттерімен көркемдеді.
Артында қаншама шәкірт тәрбиелеп, есімі ұстаздардың «Алтын қорына» енген ұлағат иесінің бейнесі тәрбиеленген шәкірттері мен ол араласып, қызмет жасаған әріптестерінің жүрегінде мәңгі қалмақ. Өйткені, ол жас ұрпаққа әдемі өмір сүрудің үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, Зара анамыз тіл жанашыры болып, ұлттық дәстүр мен құндылықтарымыздың өркендеуіне зор үлес қосқан жан еді.
Павлодар қаласы, № 1 қазақ орта мектебін бітіріп, сол мектепте 40 жылға тарта еңбек атқарады. География, биология пәнінен сабақ беріп, соңынан тәлімі мен тағлымы мол ойлы шәкірттер тәрбиелеп шығады. Ұлағат иесі 1991 жылы зейнеткерлікке шыққаннан бастап, Қазақстан мұсылман әйелдері Лигасының Павлодар облыстық филиалының төрайымы болып қызмет жасап, қоғамда өзінің орнын қалдырған жан болды.
Болмысынан халықпен бірге жасасқан, елінің нағыз патриоты бола білген Зара Қожахметованың есімі республика көлеміне белгілі. «Парасат» орденінің иегері, ҚазССР Білім беру ісінің үздігі.
Жарқын бейнесі жадымызда
Қасиетті жұмаға жақын күні,
Ағып түсті Ертістің бір жұлдызы.
Айдын көлді қас қағымда суалтып,
Мейіріммен жұпар шашқан солды гүлі.
Аллам дағы біледі ажал таңдауды,
Қолдан келмес ертең күнді болжауды.
Зара апамыз қайтқан күні қалада
Күн де жылап, сіркіреген жауын жауды.
Күн тығылып, бұлт үйріліп аспанды,
Қабақ түйіп, қимай таулар асқары.
Зара анамыз көзін жұмған сол күні,
Әріптес пен шәкірттердің сасқаны.
Қазаға ортақ, қайғырып бас қосқалы,
Қоштасуға жиналды ел, достары.
Облыс болып қазасында Апаның,
Күңіреніп, әкім сөзін бастады.
Жоқтау айтып тоқтар емес сөз деген,
Ел анасын ортаға алып көлденең.
Абыройлы, парасатты Ананың ,
Ақтарылды мейірімдері төгілген.
Қамын жеген, жанында боп халықтың,
Қоғамды ойлап денсаулықты сарықтың.
Қараңғы жер нұрдай болсын, Зара апа,
Топырағың бейіштей боп мамықтың.
Ұрпақтарың игі істерді жалғасын,
Тәлім алған жақсылықтан қалмасын.
Ол түлеткен «Нұр Ананың» отауы,
Жарық болып кейінгіге тарасын.
Жібек мінез жарасып ед бойына,
Шешендігі дарығандай таңдайына.
Ақыл сөз бен өнегесін алуға,
Үйірілуші ед, қыз-келіндер маңайына.
Аналардың анасы боп жүрдіңіз,
Үлкенге ізет, кішімен де күлдіңіз.
Елбасына тілек айтып… көп жерде:
қалай сөйлеу керектігін білдіңіз.
Уақытқа сап, зымыраған кете алмай.
Өкінемін, Сізге жүрдім жете алмай.
Естен кетпес көңілдегі кездесу,
Тілегіңіз, бейнеңіз сол атқан таңдай.
Бір кездесіп сұхбат алмақ, ойларым да,
Дайындалдым 25 жыл тойларыңда,
Мерейтойға жырдан жауһар шашу еді..
Қазанама жазамын деп ойладым ба?
Көз жіберсек, өткенге лайым етіп,
Тектілер де азайып… саны кетіп.
Жақсылардан үлгіні алып қалайық,
Зуылдаған барады өмір өтіп.
Ұл өсіріп, гүл өсті тең құрбысынан,
Алақанға әлпештеп, шыңға ұшырған.
Қайғырма деп, ұрпағына айту қиын,
Ақ сүт берген Анасынан айрылғасын.
Қайғысыз көзден бекер жас шыға ма?
Ажал күтіп келмейді жақсыларға.
Ортақтасып қайғыға көңіл айтам,
Туған туыс, артындағы ұрпағына.
Кім жеткен ойға алған арманына,
Тағдырдың көнер басқа салғанына.
Зара апа, топырағың торқа болсын!
Қарсы келер Аллаға шара бар ма?
Ләззат Теміртасқызы,
Білім айнасы,
Павлодардан