Home » Мақалалар » БАҚЫТ КІЛТІ – БАЛАДА

БАҚЫТ КІЛТІ – БАЛАДА

 

 «Балалы үй базар, балам – бауыр етім» деп бар бақытты баладан тапқан қазақпыз. Ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп, тарихы мен ұлт шежіресін үйретуге аса көңіл бөлеміз. Алайда, қоғамда ата-ананың бауырында өсіп жатқан баладан бөлек, қамқорсыз қалған жетімдер де бар. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан әрбір бала еліміздің бір мүшесі, болашақ азаматы, жеке тұлға болып қалыптасатын ұлт перзенті.
Барлық бала бақытқа лайықты. Олардың барлығы да ата-ананың махаббатына, жылуына мұқтаж. Әке-шешесінің қате қадамының кесірінен, тағдыр тауқыметінен олар жетімдер үйінде бір үміт, бір күдікпен өсуге мәжбүр. Жетім баланың көз жанары басқа балаларға ұқсамайды. Сағыныш пен үмітке толы қос жанарға қарап жүрегің елжіремеуі мүмкін емес. Олар үнемі біреуді күтеді. Күндердің бір күні анасы келетініне сенеді. Тастап кеткені үшін айыптамайды. Тек алып кетсе болғаны…
Мен балалар үйінде жұмыс істегендіктен осы көз жанарларға қарап көп нәрсені түсінгендеймін. Балалар тек ата-анасының жанында ғана бақытты бола алады. Бүгінде елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Жылы жатын орын, дәмді тағам, сапалы білім, үйірмелер барлығы да бар. Жетіспейтіні – отбасының жылулығы. Олар ана жылулығын біз сияқты тәрбиешілерден алуға тырысады. Бауыр басқан тәрбиешісіне жүгіріп келіп асыла кетеді, қысып құшақтайды. Ет пен сүйектен жаралған пенде болғандықтан біздің жүрек те елжірейді, жанымыз жабырқайды. Балалар үйінде небір тағдырға, балалардың бақытсыз күйіне куә болып келеміз. Бірде тобымда «Томпақ» деп атап кеткен бір балақай бар еді. Жасы кішкентай балалардың тобындағы жастан асқандықтан, басқа топқа ауыстырдық. Сөйтіп бірде жұмысқа келе жатсам аулада асыр салып ойнап жүрген балалардан бөлек бір бала жабырқап отыр. Жылы жүрсін деп қалың киіндіріп қойғандықтан танымадым. Жанына жақындап келіп қарасам өзімнің томпағым. Басқа топты, тәрбиешісін жатырқап, жабырқап отыр екен. Өзінің тобына бауыр басқан ғой. Амал қанша? Енді ол басқа топқа бауыр басу керек. Себебі бұл отбасы емес, балалар үйі…
Кей аналар шақалақ кезінен тастаса, кейбірі 3-4 жастағы перзентін жетімдер үйінің жанына қалдырып кетеді. Қалдырып кетерде анасының жүрегі ауырған шығар, мүмкін ол баласының жақсы өмір сүргенін қалаған шығар. Жоқшылық көрмесін деген болар. Бірақ, балаға ең керегі ана екенін қыз-келіншектеріміз білсе екен. Сол балалардың анасының зарыға күткеніне біз куәміз. Алғашында үйренісе алмай жылайды, анасын іздейді, сандаған сұрақтар қойып мазасы кетеді. Бұның барлығын есте сақтап қалған бала жүрегі жараланады, адамдарға деген сенімін жоғалтуы да мүмкін. Әрине, біз жүректерін жібітуге, барынша көңіл бөліп, еркелетіп, мәпелеп өсіруге тырысқанымызбен анасының орнын баса алмаймыз. Ананың құшағы оттан ыстық, баласына деген мейірімінде шек жоқ.
Елімізде соңғы жылдары бала асырап алғысы келетін отбасылардың саны артып келеді. Әрине, бұл қуанышты жаңалық. Соған байланысты балалар үйінде тәрбиеленушілердің саны да азаюда. Айта кететін тағы бір жағдай, бүгінде бала асырап алу үшін қажетті құжаттардың саны азайып, біршама жеңілдетілген. Ең бастысы бала асырауға мүмкіндігіңіздің жетуі мен қарызыңыздың болмауы. Жасыратыны жоқ, бұдан бірнеше жыл бұрын бала асырап алуға көп отбасылар аса сақтықпен, қорқынышпен қарайтын. «Оның ата-анасы қандай болды? Науқас емес пе? Тегіне тартпай қоймас деген» сияқты сан пікірлер айтылды. Бұл қорқынышты еңсерген сияқтымыз. Халқымыз «Тапқан емес, баққан ана» деп тегін айтпаса керек. Бар аналық мейіріміңді беріп, қамқор болып, жүрегіңнің жылуын сыйласаң бала да дәл солай анасы ретінде қабылдайды. Барлығы да тәрбиеге байланысты болар. Өзің үлгі бола жүріп, жақсы тәрбие берсең асырап алған бала да үлгілі, өнегелі перзент боларына күмән жоқ. Баланы асырап алғысы келетіндердің басым көпшілігі перзент сүйе алмағандар. Ұзақ уақыт күтіп, күдерін үзіп, ақыр соңында асырап алуға бел байлағандар. Біздің халық ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел емес пе? Демек, бала сүйе алмай қалған ата-аналар ғана емес, барлық отбасы бір жетімді бауырына басып отбасы жылуын сыйласа, үлкен сауап, игі іс болар еді.

Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды,

Мама келіп бір иіскеші маңдайымды.

Ақ уызға толмаған таңдайымды,

Толтырайын айтумен жағдайымды.

Мама, енді сені табу қиындайды,

Ойласам көзден жасым тыйылмайды.

Алатауым – жұпарым арман болып,

Туған жерім, топырағың бұйырмайды, – деген әнді естігенде кеудедегі кесек ет елжіреп, жанарымыз жасқа толды.

«Мынадай қиын заманда өз балаларымды зорға асырып отырғанда, басқа баланы қалай асыраймын» деуіңіз де мүмкін. Иә, мүмкін сіздің жағдайыңыз жетпес. Алайда, көңіл бөлу үшін ешқандай қаражат керек емес. Жиі болмаса да, жолыңыз түскенде балалар үйіне бас сұғып әңгіме дүкен құрып, сыйлықтар сыйлап қойса балалардың пәк көңілі бір жасап қалады.

Зиялы қауым өкілі, ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп турасын айтты емес пе. Демек кемел келешекке, жарқын болашаққа ұмтылсақ бала тәрбиесіне, балаларымыздың бақытты болуына барынша көңіл бөлуіміз керек. Біздің ең басты байлығымыз – тәрбиелі, саналы ұрпақ екенін әсте естен шығармаған абзал.

 

Гүлфариз ЖҰМАНОВА,
«Үміт» мамандандырылған бөбектер
үйінің тәрбиешісі,
Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.