Home » Жаңалықтар » Бақытқа толы балалар мерекесі: «Жұлдызды қала – Астана»

Бақытқа толы балалар мерекесі: «Жұлдызды қала – Астана»

Елордамыздың кішкентай тұрғындары бас қаланың туған күніне өздерінің тартуларын жасады. Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы балалар үшін «Жұлдызды қала – Астана» мерекесін ұйымдастырды. Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған іс-шара Астана күніне арналған мерекелік онкүндік және «Бала және мәдениет» жобасының аясында өткізілді.

Өнерлі өрендерді тоғыстырған мейрам – елордамыздағы мектепке дейінгі ұйымдарымен арадағы жемісті әріптестіктің нәтижесі. Биылғы жылы оған № 38 «Шаттық» балабақшасының ұжымы белсенді түрде атсалысты. Балалар мерекесіне  Астана қаласы Білім беру басқармасының әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналары қатысты.

  • 1 шілде күні Елбасы кітапханасында Астана күніне арналған онкүндік басталды. Білім беру бағдарламасының аясында 10 жылдан бері Астана қаласы Білім басқармасымен бірге балаларға арналған мерекені ұйымдастырамыз. Бүгінгі іс-шараның орны ерек. Алғаш рет мейрам бірегей сәулеттік нысанда – Назарбаев орталығының ғимаратында өтті. Елбасы кітапханасы ағартушылық қызмет аясында елордамыздың білім беру мекемесін байланыс көпірін орнатып, бірлескен жұмыстарды оң жолға қойды. Мемлекет басшысы «болашақ – жастардың қолында» екендігіне баса назар аударады. Өскелең ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті дарытуымыз қажет, — деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Жылулық пен достықтың ғажайып әлемі, ерекше мерекелік көңіл-күй балалардың бойында қаладағы тарихи оқиғаларға ортақтық сезімін тудырып, өз қаласы мен еліне деген сүйіспеншілік пен мақтанышын қалыптастырады. Бақытқа толы мерекеде бүлдіршіндер өздерінің өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Олар биден шашу шашып, еңселі елордаға өзінің ақжолтай тілектерін жолдады.

 

  • Бүгінгі биім мен әнімді Астанаға арнаймын. Туған қаламды жақсы көремін. Келешекте өскен кезде суретші боламын. Бәйтерек, Пирамида секілді әдемі және биік ғимараттарды қағазға саламын, — деп өзінің кіршіксіз арманымен 6 жастағы жас өнерпаз Ақмаржан Алтынбекова.
  • Отбасында 4 баламыз. Бәріміз де өнерліміз. Мен 3 жасымнан ән айтамын. Олардың көбі Астанаға арналады. Бүгін оның біреуін орындадым. Біздің қаламыздың табиғаты таза, аспаны әрдайым ашық, әрдайым күннің нұрын сезінеміз, — деп өзінің ойымен 6 жастағы Толғанай Есілбай бөлісті.
  • Мен туған қаламды мақтан тұтамын. Ата-анаммен бірге қалада серуендеуді ұнатамын. Астананы туған күнімен құттықтаймын. Қаламыз көркейіп, бізге қуаныш сыйласын. Бүгін достарыммен бірге ЭКСПО-ға арналған биді орындадық. Ерекше шаттандық, — дейді 5 жастағы Қажымұқан Әбдікәрім.

Мерекелік бағдарламада көпшілікті бей-жай қалдырмады. Бүлдіршіндер әдеби-музыкалық композициялардан, театр миниатюраларынан, би-хореографиялық қойылымдардан құр алақан еместігін паш етті. Балалар республикамыздың елордасы – Астанаға тарту еткен жарқын әрі есте қаларлық мереке қуанышқа, балалардың шат күлкісі мен сыңғырлаған дауыстарына толы болды.

Барлық кішкентай өнерпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар тарту етіледі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.