Home » Балабақша » Бақытты болашақтың бастауы — «Шаттық» бөбекжайы

Бақытты болашақтың бастауы — «Шаттық» бөбекжайы

   Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие елбасымыздан бастап ойландырып-толғандыратын өзекті мәселелердің бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырлардың махаббатты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Отбасында берілетін тәрбие әр отбасында түрліше: өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары арқылы, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбие береді. Ал білім мен тәрбие беретін орындарда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады. Ары қарай өмірдің өсу сатысында білім мен тәрбие ұйымдарында қалыптасқан бір ізділік жүйе арқылы өз көзқарастарын қалыптастырып, өзіндік «Мен» танылып, жеке тұлға ретінде қоршаған ортада өз орындарын табады.

«Ұрпақ тәрбиесі — келешек қоғам тәрбиесі» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Өз халқын, Отанын сүйетін нағыз азамат тәрбиелеу, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық сияқты халқымыздың асыл қасиеттерін жас буынның бойына сіңдіру – бүгінгі мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарының басты мақсаты. Осы қасиеттерді тәрбиеленушінің бойына сіңіруге арқау болып отырған тақырыпқа тоқталатын болсақ, балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмау керек. Ал, ата — ана үшін балабақша өз жағдайларын жасап, баланың “жұмыс жасауға кедергі болмасын” деген ниетте балаларын кешке дейін апарып тастайтын орын болмау керек. Осындай көзқарастар қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ұжым ауызбіршілігінің мықты болуы абзал.

«Шаттық» бөбекжайында балалардың жақсы демалуына, сапалы білім мен тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Бөбекжайда бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай 11 топ жұмыс жасайды.

Бөбекжайымыз Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы 2017-2018 оқу жылының әдістемелік нұсқау хатына сүйеніп жұмыс жасайды.

Білім беру жүйесінің алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі тәрбие ұйымы болғандықтан тәрбиешілерге мәдениетті, білімді, белсенді жеке тұлға тәрбиелеу міндеті жүктеледі. Дұрыс тәрбие – балаға өмір бойы азық.

Сол дұрыс тәрбиені ұйымдастыратын, жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беретін, басты тұлға – педагог.

Бөбекжайда 28 педагог аянбай қызмет етеді. Бөбекжайымызда мерекелік іс-шаралар, ертеңгіліктер, ашық ұйымдастырылған оқу қызметтері, түрлі сайыстар және отбасылық спорттық сайыстар жыл бойы жүргізіліп келеді.

Бөбекжайдың материалдық-техникалық базасы да толығымен қамтылған.

В.А. Сухомлинский: «Отбасы – адамның жақсылық үйрететін бірінші ортасы. Тек ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында тәрбиешілер үлкен адамдық бақыт беруі мүмкін» — дейді.

Бөбекжайда ата-аналармен қарым — қатынас жұмыстары да бір жолға қойылған. Ата-аналармен жұмысты жандандыру мақсатында көптеген дәстүрлі және дәстүрден тыс іс — шаралар жыл бойы өткізіліп тұрады.

Атап айтқанда, ата-аналар жиналыстары, ашық есік күндері, жеке жұмыс формалары, тренингтер, пікір сайыстар, дөңгелек үстелдер т.б.

Әр кәсіптің өз жемісі бар. Біздің жемісіміз – біз тәрбиелеп отырған бүлдіршіндер. «Шаттық» бөбекжайы ұжымы казіргі заманға сай қабілетті және шығармашыл өз бетінше әрекет ететін бастамашыл, өз мүмкіндігін біліп, өз ойын іске асыра алатын жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесін мақсат қойып отыр.

    Болашақ бүлдіршіндер көзге ғана емес, көңілге де қуаныш сыйлап, өміріміздің мәні мен сәніне айналсын. Болашақ қоғамымыздың тағдыры да бала тәрбиесіне тікелей байланысты. Қоғамды дамытушы да,ілгері апарушы да – жас жеткіншектер. Бүлдіршін бақшаға – «достарымды көрем, үйде еш ойналмайтын қызық ойындар ойнаймын, ешкім білмейтін, тек тәрбиешім ғана білетін қызықты ертегілерді тыңдаймын, әндер үйренемін» — деп, қызығып келетін шуақты мекеніне айналуы керек.

Ал, бала жүрегінде осындай орын алып, балабақшаға демалыс күндері де сәби жүректерін алып ұштырып тұратын деңгейге дейін жеткізетін, ол әрине – балалардың бағбаны – тәрбиешілер болып саналады. Бір тәрбиеші бірнеше баланың өміріне жауапты болғандықтан, ешқандай атүстілік танытпау керек немесе кешке дейін жұмыс уақытын өткізіп, күн көрістің қамын ойламау керек. Әрине, үлкен ыждағаттылық пен кең жүректілікті қажет ететін мамандық болған соң тәрбиеші болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нәзік кәсіп иесі деп білеміз. Күнделікті сұранысқа ие қат мамандық болмағанмен, өмірге келген әрбір бүлдіршіннен ел азаматтарын тәрбиелеп шығару үшін қай кезде де қажет, ешқашан керектігі мен қажеттілігі жойылмайтын тұрақты мамандық деп білемін.

Бөбекжайдағы оқу қызметтер негізінде бала тілін дамытып қарым-қатынасқа икемдейді, математика әлемі арқылы танымдары кеңейіп, жапсыру, мүсіндеу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді, қоршаған ортада “не жақсы?”, “не жаманды?” өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, шымыр да сымбатты болып өсуі жолында да бес білім беру саласы бойынша берілетін осы балабақша жұмысының берер жемісі жоқ емес. Бақшадағы мамандардың да, өз деңгейде әрқайсысының талапқа сай еңбек етуінің өзі жетістікке жол болып табылады. Әр тәрбиеші өз мамандықтары бойынша жұмыстанып, білім мен тәрбие беру әдіс-тәсілдерінде жылт еткен жаңалықтың жаршысы болумен қатар, заманнан қалмай мамандардың тәжірибесінен пайдаланып жұмыстанудың өзі бір сарындылықты жоятыны рас.

Тәрбиеші күннен-күнге білімін жетілдіріп отырумен қатар, өмірлік тәжірибелерді де белсене пайдалана білу керек. Қазіргі таңда баланың санасы мен зейініне тікелей әсер етіп, баланың тез арада қызығушылығын арттыратын нәрсе – техника екені ешкімге де таңсық емес. Тіпті, бақша жасындағы бүлдіршіндер емес, кішкентай айлық сәбилердің көзі түрлі-түсті теледидарға түсіп, түрлі мультсериалдардың кейіпкерлері мен дыбыстарына ерекше назар аударады. Демек, қызығады, қарайды, әуестенеді. Ал, бақша жасындағы 3-5 жасар балалар да – ойын балалары. Бұрынғыдай түрлі ойыншықтарға қызығатын баланың саны кемімесе артып келе жатыр деп айта алмаймыз. Баланың алдына көңілін аудармақ болып 1 этилен пакеттегі ойыншықты төгіп тастасаң, бала босаған этилен пакетіне жармасып соны біраз әурелейді. Қолымен біраз ермек қылады, ал егер сол пакетті үріп қолына беретін болсаң, ішінде ауасы бар пакеттің өздігімен қозғалысына да бей-жай қалмайды. Жоғарыға ұшырып қоятын болсаң тіптен қызығады.

Демек, бұдан шығатын қорытынды: күннен-күнге баланың зейінін аудару жаңашылдықты қажет етіп отыр десек те болады. Осындай қорытындылардан нәтиже шығару барысында әрбір тәрбиеші өздерінің әрбір оқу қызметтері барысында «Баяғы жартас – сол жартастың» сеңін бұзу керек. Әр күн сайын жаңашылдықтың лебін сездіртуі керек.

Біздің балабақшалар – тәрбиешілер арқылы өздерінің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыра отырып, егемен еліміздің саналы да сапалы ертеңін тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікке бастау алады. «Баланы бастан…» деп айтылған халықтық қағиданың бала болашағына ықпалы зор екеніне ешкімнің дауы жоқ.

Отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын ерке балалар да жоқ емес. Балалардың барлығы бірыңғай тәртіпті болып туылады, тәртіпті болып тәрбиеленеді деген қатып қалған аксиома жоқ. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулитын орта – тағы да балабақша.

Салыстырмалы түрде сөйлейтін болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те бақшаға барған бала мен бақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын – адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де тағысын сол сияқты көптеген құбылыстарда да айырмашылықты байқап жатамыз. Сондықтан да бақша – тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек.

Сонымен бірге, балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек.

Бақшаны бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны болашақтың қақпасына айналдыруымыз керек.

Болашақтың қақпасы – әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс. Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін.

Егемен еліміздің мәңгілік болып, қазақ елінің мәңгі жасауы және «қазақ» атауының ешқашан өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпақтың қолында.

Ал болашақ ұрпақты талапқа сай елжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде бақша өмірінің рөлі зор.

Саркитова Шынаргуль  Нуралыевна

Айтжанова Лена   Куракбаевна 

 МКҚК №44 «Шаттық»

                                                             бөбекжайының әдіскерлері

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.