Home » Балабақша » Бақытты балғындар бақшасы

Бақытты балғындар бақшасы

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылында   орналасқан «Құлыншақ» балабақшасы Елбасымыздың «Балапан» бағдарламасы аясында ашылып, ауыл бүлдіршіндерін балабақшамен қамтып, ата-аналар көзайымына айналған. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби ойын әрбір ұстаз бен ата-ана қағида ретінде ұстанғаны абзал. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры, ұлт болашағы. Міне сондықтан да тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөліп, келешек ұрпақты саналы тәрбиелеу үшін тиімді әдіс-тәсілді қолдану әрбір ұжымның іскерлігі, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. Балабақшада 2 жас пен 6 жас аралығындағы   310 бүлдіршін тәрбиеленуде. Отбасында ата-ана баланы тәрбиелеп мейірімге бөлесе, ал балабақшада тәрбиеші берілген тәрбиені жалғастырушы. Бар мейірімін бала бойына дарытып, білім мен өнерді қатар үйретіп, балалардың тәрбиелі болып өсуіне ықпал ететін балабақшамызда 35 педагог қызмет етеді. Балабақшада оқу-тәрбие жұмыстары жалпыға бірдей стандартты бағдарламалары бойынша жүргізіледі.

Балабақшамыздың алдына қойған мақсаты:

Адамгершілік тәрбие – халықтың сүзгісінен өткен халықтық тәрбие негіздеріне сүйене отырып бүлдіршіндерге адалдықты, қайырымдылықты, ұлтжандылықты, адамзатқа деген сүйіспеншілік пен мейірімділікті ұғындыру.

Экологиялық тәрбие – қоршаған орта, оны аялай білу, табиғатты сүюге, қамқор болуға баулу.

Қимыл-қозғалысты тәрбие – жаңа қалыптаса бастаған сәбидің физиологиялық даму ерекшеліктеріне сай өсіп-дамуына жағдай жасау.

Қазақ халқымыз бала тәрбиесіне аса зор мән берген, сан ғасырлардан бергі халық даналығына құлақ ассақ «Адамның бақыты – балада» деген екен. «Бала – бауыр етің», «адам ұрпағымен мың жасайды» — деген дана сөздері айғақ.                                                                                                                                             Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауында: «Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқ сатысы ретіндегі мектепке   дейінгі білім беруге назар аударған жөн. Және бұл сатыны олардың қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Әрбір баланың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға білімі, қарым-қатынасы нақ осы кезеңде қалатынын естен шығармауымыз керек» делінген. Осы орайда 2013 жылы қолданысқа енген «Тәй-тәй технологиясы» және 2015 жылдан бастап қолға алынған «М. Монтессори» технологияларын, әлемнің   бала тәрбиесіндегі озық іс-тәжірибелерін ұлттық тәрбиемен ұштастыра отырып   қолдану балабақшадағы тәрбие ісінің алға басуына септігін тигізуде. Екі жаңа технологиямен балабақшамызда топтар жабдықталып, балалардың жан-жақты тәрбие мен білім алуына барлық жағдайлар жасалған.

«Тәй-тәй технологиясында» орталықта оқу қызметі ата-анамен жүргізілуі де, ата-ананың балабақшамен тығыз қарым-қатынас жасауына, өз баласын жаңа қырынан тануына мүмкіндік береді.

М. Монтессори әдісі балаларға өздігінен шешім қабылдауына, таңдай жасай білуіне, жауапкершілікті сезініп, топта және жеке де жұмыс жасай алуына, уақыттарын тиімді ұйымдастыра біліп, өз-өзіне сеніммен қарауына мүмкіндік береді.

Даму және оқыту үшін жаңа әдістер мен тәсілддерді қолдануға, бұл       жерде тәрбиеленушілерді әрі қарай мектепке оқуларына ғана дайын болмай, сонымен қатар өмірдің жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделулеріне үйретеді. Балабақшада еңбек тәрбиесі жақсы қалыптасқан, яғни өзіне-өзі қызмет көрсету, ауладағы өсімдіктерді баптау, бақылау шаруашылық-тұрмыстық еңбектер жоспар бойынша жүзеге асырылады. Балабақшада ойын алаңдары, спорт залы, ән-саз залы, экология және өзін-өзі тану кабинеттері, демалыс алаңдарының безендірілуі бала ментәрбиешінің іс-әрекетіне қолайлы жағдай туғызуға бағыттылған. Балабақшада оқу-тәрбие жұмысын жақсартуда аудан және облыстық-педагогикалық кеңестер мен семинарлар тәрбиешілерге және жас мамандарға арналған кеңестер жүргізіліп тәрбиешілер біліктілігін көтеріп отырамыз.

Балабақша ұжымы аудан, облыс және республика көлемінде сайыстарға қатысып тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің еңбектері еленіп,   бірнеше рет алғыс хат, мадақтау граммоталарымен марапатталып келеді.

Мағжан Жұмабаев атамыз: «Тәрбиеші баланы өзінен әлдеқайда білімді, жігерлі, батыл етіп тәрбиелеуге тиіс. Өйткені олардың заманы ата — аналар мен тәрбиешілердің өмір сүріп отырған заманда анағурлым күрделі және талабы да жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деген екен. М. Жұмабаев атамыз айтқан даналық ойы бүгінгі күнгі ұрпақ біліміне айтылғандай. Өйткені болашақ ұрпақ – ел тірегі. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Бұл сөздер әрбір тәрбиешінің өз ісіндегі басты ұстамымы десек, қателеспейміз. Себебі дамыған 30 елдің қатарынан орнықты орын алуға ұмтылған Қазақ елінің ертеңі ‒ бүгінгі жас ұрпақ білімнің бәсекесіне, өнердің бәсекесіне қабілетті болғанда ғана біз мәңгілік елде өмір сүретін ұрпақ тәрбиелей аламыз. Балабақша бүлдіршіндерінің жетістіктеріне көз жүгірте отырып, тәрбиешілердің дұрыс жолда екендігін байқау қиын емес. Баланы тәрбиелеу дегеніміз ‒ оның ертең қуанышқа ие болатын келешек жалын тәрбиелеу. Баланы тәрбиелей отырып   тәрбиешілер еліміздің болашақ тарихын, дүниенің де тарихын тәрбиелейді, ‒ деген А.С. Макаренконың ұлағатты сөздерін ескерсен, бала тәрбиесі саласында еңбек етіп жүрген әрбір педагогтың мойнында Қазақстанның ертеңіне деген зор жауапкершіліктің жүргенін сезінеміз. Осы жауапкершілікті жеңілдету үшін балабақша қызметкерлері ата- аналар мен тәрбиешілердің арасында сан түрлі мәдени, спорттық шаралар, ертеңгіліктер өткізуді басты назарда ұстайды.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Қазіргі заман талабына сай, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана мен ұлттық психология қалыптасқан, имандылық әдебі, парасаты бар ұрпақты тәрбиелеу, өсіру, білім беру ‒ бүгінгі отбасының, балабақшаның, барша халықтың міндеті» ‒ деген болатын. Осы міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып отырған «Құлыншақ» балабақшасында үш тілді меңгеру, баланың өз ойын жеткізе білуі, ойлау қабілетінің, ой ұшқырлығының жетілуі, логикасы мен кіші моторикасының жасына сай дамуы, өнерге бейім болуы, шынығып, шымыр болуы, туған жері туралы мағлумат алуы, өз Отанын шексіз сүюі, мемлекеттік рәміздер туралы өз түсінігі болуымен қатар, оны құрметтей білуі, туыстық қатынастарды зерделеп, ұлттық мақтаныш сезімінің қалыптасуы үшін жүргізілетін көп саласы тәрбие жұмысы бір сәт те толастаған емес, толастамайды да. Себебі ұжымдағы әрбір педагог өзінің қоғам алдында жауаптылығын толық түсініп, бүгінгі Қазақстанның бал бөбегін, ертеңгі Мәңгілік Қазақ Елінің азаматтарын тәрбиелеп отырғандығын жақсы біледі. Киелі Маңғыстау жеріндегі, теңіз деңгейінен 130 метр тереңдікте орналасқан Қарақия айпаты жатқан аудан орталығындағы «Құлыншақ» балабақшасының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай, ал ертеңі бұдан да керемет болары сөзсіз.

 

Баймбедова Гулляр Анайбековна

«Құлыншақ» балабақша директоры

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,

Құрық ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.