Home » Балабақша » Бағдаршам және біз

Бағдаршам және біз

Оспанова Асем Нығметоллаевна,
Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Қалбатау ауылы,
«Алтынай» балабақшасының тәрбиешісі.

 

 

 Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрі: «Ашық сабақ»

Білім беру саласы: Таным.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрі:  Жаратылыстану.

Мақсаты: Көшеде жүру ережесі, көше қиылысы, бағдаршам жол ережесі, жол белгілері туралы білімдерін бекіту; «Бағдаршам» туралы түсініктерін жетілдіру.
Білімділік: Балаларды жолда жүру ережесімен және бағдаршам қызметімен таныстыру.
Дамытушылық: Зейінін, есте сақтау, түсті айыра білу қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелілік: Көшеде жүру ережесін білу арқылы, жолда жүру мәдениетін үйретіп, сақтыққа тәрбиелеу .

Көрнекіліктер: Бағдаршам, көліктер, жол белгілері, жол қауіпсіздігі туралы суреттер.

Әдіс – тәсіл: Әңгімелеу, түсіндіру, ойын, сұрақ — жауап.

Билингвальды компонент:  Бағдаршам-светофор-traffic light; Бір, екі, үш- один, два, три- One,  two, three;  Қызыл,сары,жасыл- Красный, желтый,зеленый- Red,yellow,green.

Кіріктірілген сабақтар: Сөйлеуді дамыту, құрастыру, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру.

Сабақтың басталуы:

Тәрбиеші: — Балалар, қараңдаршы, бізге бүгін көп қонақтар келіп отыр екен, біз не айтуымыз керек?

Балалар: Амандасамыз.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, амандасуымыз керек. Ендеше, бәріміз бірге шаттық шеңберін жасап, қонақтармен амандасайықшы.

Шаттық шебері:

Арайлап таң атты,

Алтын сәуле таратты.

Жарқырайды күніміз,

Жарқырайды даламыз.

Қайырлы таң, балалар,

Қайырлы таң, қонақтар,

-Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Балалар қайталайды. (Орындарына отырады).

Тәрбиеші: Балалар, біз бүгінгі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіміз «Жаратылыстану» сабағынан «Бағдаршам және біз» тақырыбын өтеміз. «Бағдаршам»деген не, не үшін қажет?

Міне, бүгінгі сабағымызда осы тақырыптар туралы түсінік аламыз.

Өзіміз тұратын Қалбатау ауылында бағдаршамды көріп жүрсіңдер.Осы бағдаршам қай жерде орналасқан?

Балалар: -Жол шетінде.

Тәрбиеші: Не үшін қажет деп ойлайсыңдар?

Айару: -Көліктер бір-біріне кедергі жасамай жолдан өту үшін.

Нұрым:- Адамдарды машиналар басып кетпеу үшін.

Айбибі: — Жол ережесін сақтап тұру үшін.

Тәрбиеші: — Өте дұрыс айтасыңдар.Олай болса, көліктердің  өзіне тән ережелері бар, оларды «Жол жүру ережелері» деп атайды. Көліктер жолдармен жүреді. Жолдар ұзын, қысқа, кең тар,болады. Жолдың шетінде жол белгілері болады. Адамдар өтетін жерде ақ -ала сызықтар  болады.  Жолда ойнауға болмайды, көліктерге тас лақтыруға, жолда бір-біріңді итеруге, көліктерге жармасуға болмайды. Сендердің өмірлеріңе қауіп төнеді.Жолдан өтерде әр адам абай болу керек.

Қане, мен бір зат туралы жұмбақ айтайын, шешуін табыңдар.

Жұмбақ:

Үш көзі бар қаз-қатар,

Үшеуінен байқасам,

Үш түрлі нұр шашады. (Бағдаршам).

-Дұрыс айтасыңдар, балалар, бүгінгі кешіміздің ең басты қонағы «Бағдаршам».  Олай болса, балалар, бізге «Бағдаршам» қонаққа келіпті. Бағдаршамды ортаға шақырамыз.

(Бағдаршам әні орындалады, ортаға Бағдаршам келеді).

  Бағдаршам:-Сәлеметсіңдер ме, балалар! (Балалар амандасады).

Бағдаршам: Мені танисыңдар ма?

—  Менің атым Бағдаршам,

Маған назар аударсаң.

Көлік өтіп кеткесін,

Жолаушы алға беттесін.

Тәрбиеші: -Қош келдіңіз, Бағдаршам! Жақсы келдіңіз. Бүгінгі біздің сабағымызда сізге қатысты болмақ. Бағдаршам біздің балалар сіз туралы көп нәрсе біледі,сіз біздің балалардың  білімін байқаңыз, жоғары шығып отырыңыз.

Тәрбиеші:-Балалар, жол жүру ережелерін реттеп тұратын «Бағдаршам». Жол ережесін сақтап, көшеде көліктер бір-бірімен соқтығысып қалмау үшін, адамдарды көлік апатынан құтқару үшін қызмет етеді. Балалар, Бағдаршамға «Бағдаршамның» орысша, ағылшынша қалай айтылатынын айтып берейікші.

Балалар: Бағдаршам-светофор- traffic light.

Тәрбиеші:

– Балалар,  бағдаршамның неше көзі бар? Санайықшы?

Балалар: Бір- екі-үш, один-два-три, оne — two -three.

Тәрбиеші: –Өте жақсы дұрыс айтасыңдар, балалар. Бағдаршам түстерін атайықшы?

Балалар:-Қызыл-сары-жасыл, красный-желтый-зелены, red-yellow-green.

Тәрбиеші:–Дұрыс, енді айтыңдаршы бағдаршамның әр белгісі нені білдіреді?

Балалар: (Балалар біртіндеп жауап береді).-Қызыл жанғанда тоқтаймыз, сары жанғанда дайындаламыз, жасыл жанғанда жүреміз.

Тәрбиеші:-Дұрыс айтасыңдар, балалар,  бағдаршам туралы тақпақ білеміз бе?

Балалар: Иә.

Тәрбиеші: Ендеше, балалар, бағдаршамға  тақпағымызды  айтып берейікші.

Тақпақ айту: «Бағдаршам» туралы.

Дарина:

Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға!

Сары көзін ашқанда,

Қарап қалма аспанға!

Жасыл көзін ашқанда,

Өте бергін, жасқанба!

Айғаным:

Ашса кезек үш көзін,

Айтты деп ұқ үш сөзін:

«Тоқта! Сақтан! Жол ашық!»

Жүрме жолға таласып.

Зарина:

Мен көшеден өтерде,
Бағдаршамға қараймын.
Қоймаған ғой бекерге,
Жәрдемшісі ол талайдың.

Тәрбиеші: Өте жақсы балалар. Бағдаршам, біздің балалардың бағдаршам туралы білімдері ұнады ма?

Бағдаршам: Иә, өте ақылды, білімді балалар екен. Балалар, мен сендерге «Мені құрастыр» ойынын алып келдім. Бәріміз бірге ойнайықшы?

Дидактикалық ойын:  «Бағдаршам».

Шарты: Бағдаршам көздерін рет-ретімен құрастыру.

(Балалар бағдаршам көздерін рет-ретімен қойып шығады).

Тәрбиеші:-Өте жақсы, балалар, енді бағдаршамға жолда жүру ережесін  көрсетейікші.

(Бір-екі бала көлікпен жолда жүреді, бағдаршамға тоқтайды, жаяу жүргіншілер белгісіне тоқтап балаларды өткізеді).

Сергіту сәті: «Бағдаршам».

Шарты:

-«Қызыл» түсті көрсеткенде-балалар қимылдамай тұрады,

-«Сары» түсті көрсеткенде,-балалар жүруге дайндалады,

-«Жасыл» түсті көрсеткенде- балалар орындарында ары-бері жүреді.

(Балалар бағдаршаммен  бірге сергіту сәтін, қимыл -қозғалыс, жасап, бірнеше рет қайталайды).

Тәрбиеші:-Бағдаршам, сізге біздің сабақ  ұнады ма?

Бағдаршам: Ия, сабақтарыныз ұнады, балалар ақылды, білімді, екен. Мен енді қайтайын, сендерге әкелген сыйлықтарым бар. (Балаларға сыйлықтарын таратады).

Сау болыңдар, балалар!

 Балалар: Бағдаршаммен қоштасады.

 Қорытындылау:

 Тәрбиеші:

-Балалар,  бүгін біз  қандай тақырып өттік?

— Бағдаршамның неше көзі бар?

-Түстерін атай аламыз ба?

-Көшелерде жол белгілеріне қарамай өтуге бола ма?

-Қандай жолмен өтеміз?

-Жолда ойнауға бола ма?

— Көліктерге тас лақтыруға, жолда бір-бірлеріңді итеруге бола ма?

Балалардың жауаптары:

— Бағдаршаммен таныстық.

— Үш көзі бар.

— Қызыл, сары, жасыл.

— Жоқ.

— Ала сызықты жерінен.

— Жолда ойнауға болмайды.
— Көліктерге тас лақтыруға болмайды.
— Жолда бір-біріңді итеруге болмайды.

Тәрбиеші: -Жақсы, жарайсыңдар, балалар.

Балаларды мақтап, мадақтайды.

Балалармен бірге:
Жол ережесін білеміз,

Аман-есен жүреміз — деп бүгінгі оқу іс-әрекетімізді аяқтаймыз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.