Home » Білім және өнер » Баға құнды емес, бала құнды

Баға құнды емес, бала құнды

Мектеп өмірінде ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Өйткені, практикадан теорияға қарай ығысып бара жатырмыз. Ұстаз өз міндетін қалтқысыз орындаса, оқушы да қатардан қалмаған болар еді. Ұстаздар қауымының назарына  Алма Қыраубаеваның шәкіртке деген ыстық көзқарастағы 20 тоқтамды ұсынбақшымыз. Бұл тоқтамды ұстаздар қауымы есте сақтағаны жөн.

Кісі екеніне күмәнмен қараған баладан кісі шықпайды.

Оқушының кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің. Жеңісін ізде.

Баланы таң қалдыруды ұмытпа. Даналыққа ұмтылу таң қалудан басталады.

Әр баланың өмір тіршілігі – өзінше бір тағдыр. Баланың тағдырына ой көзімен қара. Сабаққа келмесе, себебіне үңіл. Сабағыңа қызықпаса, себебіне үңіл. Тентек болса, себебіне үңіл. Себебін алдымен өзіңнен ізде, мұғалім.

Мұғалімнің өз сабағын білуі жеткіліксіз. Баланың жан дүниесін түсінбейтін мұғалім сабақ беруші ғана.

Баға құнды емес, бала құнды.

Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істеуі керек.

Әр бала өз мүмкіндігінің жоғары-төмендігіне қарамастан, өзінше бір ғажайып құбылыс.

Мұғалімнің мақсаты өз пәнін жақсы үйретуден көрі тереңіректе. Ол – адамды жасаушы адам.

Сабақ дегеніміз – мұғалім мен шәкірттің адамгершілік қарым-қатынасы.

Баланың мүмкіндігіне сенген мұғалім мен сенбеген мұғалімнің іс-әрекеті әр түрлі болмақ.

Көптің көзінше баланың кемшілігін бетіне баспа. Сеніп айтқан сырын шашпа.

Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиеттерін аша білу.

Сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, еңбекпен ғана жетуге болады.

Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы аса қажетті шарт.

Баланың ықыласын оята біл. Қолынан іс келетіндігіне сендіре біл.

Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі пайдалы болсын.

Балаға сыйлы боламын десең, өзің баланы сыйла.

Қиын тақырыпты түсіндіре салып сұрауға асықпа, келесі сабақты қайта түсіндіруден баста.

Әр бала – халқының келешек тұлғасы.  Ұстаздық  еткен ұзақ жылдарда Алма Қыраубаева аталған қағидаларды бұлжытпай орындағаны сөзсіз. Ұлт болашағы ұстаздың қолында екенін ескеретін болсақ, саннан сапаға, бағадан балаға қарай көңіл аударайық!

 

Дайындаған: Әсел

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.