Home » Мақалалар » Баянды білім беру жаңа жүйе қажеттілігі

Баянды білім беру жаңа жүйе қажеттілігі

 «Білік біліп –төрден орын аларсың,
Білік білсең, күшті, берік адамсың»
Ж.Баласағұн

          «Өркениеттің шынайы белгісі–мемле­кеттің тәрбиелеп шығарған азаматы» деп Елбасы атап көрсеткендей, білімге бағыт­талған инвестиция – ең қайтарымды, ең игілікті іс болып табылады.
Ел экономикасының қарқынды дамуы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында дербес мемлекетімізде білімнің маңызыдылығы жоғары бағаланып, барынша қолдау көрсетілуде. Елімізде орта білім беру мазмұны жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына өзгерістер енгізілуде.

Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту  басты мақсат. Қоғамда азаматтың тек қана білім алуы жеткіліксіз, ең маңыздысы — сол алған білімін күнделікті өмірде тиімді қолдана білуі. Сол себепті, қазір оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға басымдық беріліп отыр. Білім беру жүйесіне енгізілетін реформа, ең алдымен, оқушыларға сапалы білім беруді, болашақта олардың әлемдік бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуді көздейді.

«Білім берудің жаңартылған мазмұнының мақсаты

  • әр баланың түрлі пәндерді оқуына көмектесіп және
  • ойдың қырағылығын дамытып, ойын еркін жеткізуге
  • оқушылардың ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауына,
  • шығармашылық қабілеттерін дамуына
  • тұлғалық сипаттамаларын қалыптасуына, бұл олардың жасөспірім кездерінде және ересек өмірлерінде керек болады
  • өз деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді;
  • оқушылар қабылдап
  • сараптап
  • жинақтап
  • бағалап үйренеді; зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ –ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу дағдылары  қалыптасады.

Сонымен бірге білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы «Мәңгілік ел» құндылықтарына негізделген. Ертеңінен үміт күткен Мәңгілік еліміздің ұрпағы білімді, білікті болу үшін нақты жоспар, нақты қадам керек. Былайша айтқанда, қазақстандық патриотизм, азаматтық жауапкершілік, еңбек, шығармашылық  талпыну   керек.

Жаңартылған  бағдарламаның жұмыс жүйесі жаңа мазмұндағы оқу бағдарламасы, оқу жоспары, критериалды бағалау басшылығы, үлестірме материалдарға негізделеді. Әр мұғалім тиімді оқу мен оқыту тәсілдерімен таныса отырып, өзінің педагогикалық қызметіне белсенді оқу қағидаттарын енгізеді. Оқу мен оқытудағы әр іс-әрекет мақсатқа жетуге бағытталатынын түсінді. Егер ұстаз тәжірибесінде үйреніп жатқан белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білсе, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттері дамып, білімнің қажеттілігін түсінеді. Яғни, «Не үшін?», «Қалай?», «Неліктен?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы Тілдік қызмет дағдыларын дамытуға (тыңдау, айту, оқу, жазу) аса назар аударылып отыр. Оқу кезеңінен жазба тілге дейінгі оқытудың бірізділігін жүзеге асыруды көздейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы қарым-қатынас құрудың маңызын түсіну және сабаққа арналған тілдік мақсаттарды белгілеу көзделген.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі.

Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығы мен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсіл мен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылым мен айналысуына ықыласын туғызады.Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасынның бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады. Оқушылардың оқу жетістіктерін нақты айқындалған, бірге даярланған, оқу үдерісінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі, бастауыш білім берудің мақсаттары мен мазмұнына сай критерийлермен салыстыруға негізделген бағалау үдерісі  жинақталған.

Критериалды бағалау оқыту, тәлім-тәрбие беру және бағалаудың өзара байланысына негізделген.Бұл бағалау жүйесінің оқушы үшін ерекше екендігін тәжірибе барысында байқадым.

  • қалыптастырушы бағалау шынайылыққа бағытталады;
  • оқушының өз бетімен жұмыс жасап, тұжырым жасауына ықпал етеді;
  • мұғалім үшін қай оқушының қандай деңгейде екендігін байқауға мүмкіндік береді;
  • оқушының өзара бір-бірін бағалауын қалыптастырады;
  • ата-ана өз баласының қай оқу мақсатынан төмендігіне көз жеткізіп , сол бойынша жұмыс жасауға мүмкіндік жасап отыр;
  • әр мұғалім қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын жасау арқылы өздерінің кәсіби бағытта дамуына қол жеткізетіндігі;

Ұстаз үшін ең маңызды мақсат-әр сабағын түсінікті, тартымды, тиімді өткізу.Оны жүзеге асырудың бір жолы –оқушыларға білім беру, тәрбиелеу барысында кеңінен қолданылып келген, оқушылардың білім сапасын көтеруге жағдай жасайтын, сабақты тиімді ұйымдастыруға, сабақ уақытын ұтымды пайдалануға, оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытуға көп көмегін тигізеді. Мен жаңа сабақты өтпес бұрын тақырыбын проблемалық ой тудыра отырып хабарлаймын, оқушы жаңа сабаққа ерте еніп, ұмтылып жауап іздейді, талпынады, қызығушылығы артады.Үнемі сұрақ  қою жүйесімен жұмыс жасау білімді меңгерту барысында оқушы деңгейін шығармашылық сатыға көтереді.Бұл-сабағыма жан бітіріп, шығармашылық серпіліс тудырады.

Ата-ана үшін де бұл бағдарлама бір жағынан қорқыныш тудырса, екінші жағынан қызығушылық та тудырып отыр.Ата-аналар мәжілістерінде әр оқушының қалыптастырушы бағалау нәтижесін есеп беру бетшесі арқылы таныстырудың өзі ата-ана мен мұғалімдердің арасында ынтымақтаса жұмыс жасауға ықпал ететіндігін көрсетуде.Кері байланыс бетшесінде алған мәліметтерін,жазған ұсыныстарына қарай отырып ата-ананың бағдарлама мақсатын түсінгендігін байқауға болады.

Бағдарламаның  тағы бір тиімді жағы балалар үшін ата-анасының, отбасының тәрбиесі аса маңызды. Бес күндік оқу жүйесі балалардың сенбі, жексенбі күнгі демалыс уақытында ата-анасымен бірге болуына көп мүмкіндік береді.Сондай-ақ, балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, қосымша білім алуына, әсіресе, спортпен, өнермен айналысуына көбірек уақыт беріледі.

Әр мұғалім әзірленіп жатқан жаңа мазмұнды бағдарламаны игеруі маңызды. Бұл бағдарлама мұғалімнің шеберлігін шыңдайтын, жас ұрпақтың білімі нәтижелі болуға жұмыс атқаруға  белсенді  түрде атсалысуға  жетелейді. Б.Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді», – дегендей, сапалы білім, саналы тәрбие берген қоғамдағы ұстаз қауымының орны ерекше екенін ұмытпай, қоғамның әр мүшесі бұл бағдарламаның  оңды іске асуына жан-жақты қолдау көрсетуі қажет деп ойлаймын.

«Шын ілім адамдарды биік ізгілікке үйретеді, ол – адамдардың жаңаруы»- деп атап көрсеткен ойшылдың сөзімен  өз пікір алмасуымды  аяқтағым келеді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
Университетінің Мектепке дейінгі және бастауыш
білім беру кафедрасы, 6М010200  Бастауышта оқыту
педагогикасы мен әдістемесі мамандығының
2 курс магистранты Жалмуханова Балауса  Хоныспаевна,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің
педагогика ғылымдарының докторы,
қауымдастырылған профессор
Муханбетжанова Акмарал Утепбергеновна

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.