Home » Мақалалар » Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері — тәрбие көзі

Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері — тәрбие көзі

  1. Кіріспе: Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері мен олардың мән-мағынасы.
  2. Негізгі бөлім: а) Ғибратты керемет сөздердің қоғамдағы айшықты орны.

ә) Баукеңнің нақыл сөздері мәңгілік туынды.

III. Қорытынды: Жастарды тәрбиелеу әдісінің  патриоттық тұлғасы — Бауыржан.

  1. Кіріспе: Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері мен олардың мән-мағынасы.

Момышұлы Бауыржан (1910-1982) — екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақ халқының дарынды жазушысы, халық қаһарманы, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау мекенінің тумасы. Өзі батыр, өзі жазушы Бауыржан тың дүние – прозаларымен қатар, мән-мағынасы зор нақыл сөздерді мәдени мұра етіп қалдырды. Халқымызда: «Көш бастау қиын ба, ел бастау қиын ба, сөз бастау қиын ба?» — дейтін танымдық пайымдау бар. Бұл мағыналы аталы сөз Алаштың атақты батыры Бауыржан Момышұлы туралы айтылғандай… Өйткені Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы бұл қиындықтадың барлығын абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленген тұлға. Яғни сөздің қадірін білетін хас батыр, даңқты жазушы көптеген нақыл сөздері арқылы қазақтың қара домалақ балалары мен жалынды жастарын, тіпті орта жастағы ел ағаларымызды тәрбиелеп тұрғандай. Оның тәрбиелік мән-мағынасы зор нақыл сөздерін Қайыржан Толғанай атты мектеп оқушысы – қазақ мақал-мәтелдері мен өзінің мақал-мәтелдері және өзінің афоризмдері деп үш топқа бөлген. Ал нақыл сөздерінің тақырыптарына келсек, олар әртүрлі тақырыпта жазылған. Ерлік пен жаужүректік туралы, адам туралы, өмір мен өлім туралы, ел, отан туралы, білім, ақыл, және ізгілік адамгершілік туралы, еңбек және бірлік туралы, ақиқат пен шындық туралы, халық пен ұлт туралы, тіл және сөз құдіреті туралы, атақ, абырой, бедел туралы және де тәртіп туралы оймақтай орынды нақыл сөздері салмақты ойға бөлейді. Мәселен, «ердің туы — намыс», «намысты нанға сатпа»  деген адуынды сөздері ер жігіттің бойындағы намысы туралы айтылса, «Отаның үшін отқа түс күймейсің», «ел бақыты ер қолында», «опасызда Отан жоқ», «өсер елдің баласы әкеден де асып түсер» деген түйінді сөздері ел мен Отан туралы айтылған. Жалпы, кейіпкеріміздің бұл тақырыптағы нақыл сөздері намысы биік ер жігіттердің жүрегін дір еткізіп, олардың бойына отаншылдық сезімді ұялатады. Ал, «терлеп еңбек етпегеннің, тілегіне жеткенін көргенім жоқ», «тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың», «жұмысқа жарап тұрғанымда өзімді кәрілердің тізіміне қоса алмаймын» деген нақыл сөздері адам баласы тек еңбекпен ғана бейнетке жететіндігін дәлелдеп тұр. Сөз өнерінің қадірін тереңнен ұғатын Баукеңнің «сөз жүйесін, мал иесін табады», «жылытатын да, жұбататын да сөз», «жаман айтпай – жақсы жоқ», «жігерсіз сөз жүрекке жетпейді» деген нақыл сөздері, оның бұл салада шебер суреткер екендігін дәлелдейді. Ал, атақ пен абырой, бедел туралы ол былай деді: «Маған деген атақты,

Міндет етсең өзің ал.

Әділдікке бас ұрып,

У берсеңде маған бал».  Сонымен қатар,

Мақтанбаған мас болып,

Абырой алсаң табысқа,

Қоян болма тығылып,

Жау көргенде қамысқа.

Арыстансыма ақырып,

Данышпансыма ақылдан,

Елемей көзге жалпыны,

Айрылып қалма жақыннан, – деп өлең ретінде жеткізсе, «әр адамға бақыт пен бедел ақылмен, көп ізденіспен, адал еңбекпен келеді», – деу арқылы абырой мен беделдің түп мағынасын салиқалы түрде түсіндіре кетеді. Жалпы, Б.Момышұлының қандай да болмасын нақыл сөздері телегей-теңіз іспетті өмірдің мән-мағынасын сипаттап тұрғандай. Оның нақыл сөздерінің тәрбиелік маңызы қаншама жылдар өтсе дағы еш жойылмайды.

  1. Негізгі бөлім: а) Ғибраты мол керемет сөздердің қоғамдағы айшықты орны.

Қазақ халқы: «Тәрбие – тал бесіктен», — деген. Яғни қазақ халқы жас баланы, кішкентайынан тәрбиелеген. Ұят болады, жаман болады, обал болады деген үш ауыз сөз арқылы тәрбиелеп баққан. Ұят боладыға ұрындырмай, жаман боладыға жақындатпай, обал болады дегенге ойландыра қаратып, өсер кезде ертегі-жырларды жаттатқызып өсірген. Осы орайда қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, сөздерінің төркінін жақсы білген Бауыржан Момышұлы өзінің ғибраты мол керемет сөздері арқылы сол кездегі болсын, мейлі қазіргі болсын қоғамдағы айшықты орнын нақтылап қойған ба, дерсің? Өйткені, оның нақыл сөздері арқылы миллиондаған оқырман өз ойына ой салып, терең сөздің мағынасын ұғып, көкірегіне адамдық пен адалдық, намыс пен отаншылдық, береке мен бірлік, еркек пен әйел затын сыйлау, еңбекқорлық пен әділеттілік секілді ізгі мінездерді ұялатуда.

Мәселен, бүгінгі таңдағы әлеуметтік желілерден Бауыржан Момышұлының өнегелі нақыл сөздерін оқыған жастардың жүздеген пікірлері мен көзқарастарын оқуға болады. Мысалы, blogtime.kz сайтынан мектеп оқушысы Қайыржан Толғанай жазған Б.Момышұлының нақыл сөздерін оқыған жастар мен орта жастағылар: «Бөліскеніңізге мың да бір алғыс! Керемет сөздер!»,  – деп өз пікірімен бөліссе, енді біреуі: «Маған ұлт жайлы айтылғандары керемет әсер етті. Алладан тек ұлтжанды қазақтар болса деп тілеймін!», – деп өзінің отаншылдық пен ұлтжандылық мінезін танытты. Ия, Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерінің тағылымы мол, оның сөздерінің астарында терең тәрбие жатыр. Өйткені ол майталман майдангер, көпті көрген кемел тұлға! Тіпті ол: «Адамды бұзатын не? Тағы сол атақ, ақша мен арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз еркектер бұзамыз. Қартайғанда адам соқа басы сорайып жалғыз қалады. Өйткені қыз күйеуге кетеді, ұлды келін әкетеді. Сонда сенен атақ, ақша, абырой, бала – бәрі безгенде, қыңқ етпестен қалқайып қасыңда қалатын бүкіш кемпірің ғана болады. Адам боп сүрген аз дәуреніңді – елу жас па, жүз бе, бәрібір оны аяқтап, мәңгі келмеске бірге аттанар сенімді серігің де сол! Сол жалғыз серігіңе өмірде адал болмағаның өзіңе ауыр, одан айрылып, жалғыз қалғаның одан да қиын! Мұны еркектер ойлауы керек!», –деп қоғамдағы өз орнымызды, ақша мен абыройымызды түсіндіре кетіп отбасының берекесі – әйел екендігін айшықтап отыр. Бұл нақыл сөздің мағынасын қазіргі бұзылып кеткен отбасылы ер азаматтар терең ұғынса игі!  Міне, әлемге әйгілі Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері маған да ерекше әсер етіп, өз көзқарасымды тудырды. Яғни, оның сөздері өткеннің өрнегі, бүгіннің тәрбие көзі болмақ!

ә) Баукеңнің  нақыл сөздері мәңгілік туынды.

Ия, қазақ әдебиетінде оны жеке тұлға, даңқты – Баукең дейді. Ол нақыл сөздері  арқылы Алаш жұртына, Отаныма еңбегінің сіңгенін ойлады. «Абыройлы, даңқты боламын» деген ниетте бақай есеппен құр сөздер жазған жоқ. Мәселен, ол өзінің досына хат жазғанда әскери әдебиетке өз үлесін қосып, бұл сала терең зерделенсе деп айтқан еді. Яки, оның нақыл сөздерінен әскери тәртіпті де көруге болады. Мәселен, командир – аға, солдат – іні. Тобықтай түйінін айтсақ, Павлодар облыстық газетінің сипаттағанындай, ер жүректі жазушы Б. Момышұлы «қоғамға, болашаққа анағұрлым көп әрі пайдалы мәдени мұра қалдырғысы келді».

III. Қорытынды: Жастарды тәрбиелеу әдісінің патриоттық тұлғасы – Бауыржан.

Сөзімізді қорытындылай келе, ел тәуелсіздігімен еңсе көтерген тұста, Бауыржандай асыл қазыналарымызды зерттеп, зерделеуіміз бүгінгі сойқан заманның заңы деп ойлаймыз. Өйткені, қалың оқырман Момышұлы Бауыржанның мән-мағыналы нақыл сөздеріне мұқтаж десек, артық айтқандық емес! Ол әлем әдебиетінен өз орнын алып, қазақ әдебиетінде жастарды тәрбиелеу мақсатында айшықты із қалдырды. Яки, жастарды тәрбиелеу әдісінің патриоттық тұлғасы – Бауыржан. Ол майданда да, әдебиетте де мәңгілік батыр болып қала бермек!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Радио Азаттық, 17 май, 2010. Автор: Макпал Муқанкызы

«К 100 летию Бауыржана Момышұлы издается 40 томный сборник его сочинений»

  1. «Звезда Прииртышья», Павлодарская областная газета. Автор: Бекет Момынқұл

«Давать как можно больше – это стремление борца»

3.         Blogtime.kz  сайты,  Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері

 

Р.К.Ногайбаева,
қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі
Жамбыл облыстық әкімдігінің білім басқармасының «Саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзету мектеп – интернаты коммуналдық мекемесі»

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.