Отаншылдық патриотизм – бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отанының мүддесін ойлауы, өз елінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан етуі, өз Отанының бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғауы, ата-бабалардың салған тарихына құрметпен қарауы, өз өмірін туған елінің гүлденуіне арнауы – бұлардың барлығы да Қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне сияды.
«Мәңгілік Ел» — жалпы ұлттық патриоттық идеясы құндылықтарын қоғамдық санада, білім беруде және тәрбие жүйесінде қамтамасыз ете отырып, оқушыларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу қажет. Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын Жолдауында «Біртұтас ұлт болу үшін жаңғырудың ең басты шарты – тамыры тереңнен бастау алатын ұлттық кодыңды сақтай білу» дегендей, жас ұрпақты туған жер, оның мәдениеті, тарихи шежірелері мен жәдігерлерін тануға, қорғауға және баба тілін құрметтеуге, салт-дәстүрді білуге үйрету міндеттіміз деп білемін. Жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриоттық жалынның ұшқынын дарыту үшін Бауыржан Момышұлының өсиетті нақыл сөздері ауадай қажет. Ол, әсіресе, ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. «Өзінің ұлтын сыйламаған – ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол – сөз жоқ, арамза, тексіз әрі қаңғыбас» деуі жайдан-жай емес. Бұл ойлардың Абайдың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» немесе Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қағидаларымен сабақтасып жатыр. Отан алдындағы борыш, азаматтық парызды орындау үшін қаһарман батырдың шығармаларындағы нақыл сөздерін насихаттаудың тәрбиелік мәні зор екенін айтқым келеді.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да: «Патриотизм дегеніміз – әке-шешеңді құрметтей білуің, ауыл-аймағыңды ардақтай білуің, өз ұлтыңды сүюің, ана тіліңді ардақтауың, өз халқыңның өткен жолы мен тарихын құрметтеп, оған тіл тигізбеуің мен өз Отаныңды жаудан қорғауың»,- деп ұрпағына өнегелі өсиетін айтып кеткен. Отанды сүю, туған елге деген сүйіспеншілік – халқымыздың ежелден қаймағы бұзылмай келе жатқан тарихи дәстүрі, өмір ережесі.
Бауыржан Момышұлының өмірі – өнеге, жазған мұралары – патриоттық өсиет. Өнегелігі сол, ол – елі мен туған жерін нағыз сүйген, оған қашан да адал қызмет еткен, сын сағатта Отанын жан аямай қорғаған және қол бастап, жауды жеңуге ерен үлес қосқан ер. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз»,- деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері ұрпақ үшін өнеге.
«Ар, намыс, адамгершілік, ақ ниет, адалдық – алдымызда темір қазықтай жарқырап, шөлдегенде сусын, қалжырағанда қайрат, шаршағанда шабыт, ашыққанда арымызға ақ малтадай азық, белімізге тірек, көңілімізге қорек, болдырғанда ұстап мінген төл атымыздай болды», – деген екен батыр-жазушы. Жаужүрек батырлығы мен ерлігі, қаһармандығы мен қолбасшылық қабілет-дарыны, әскерлерді ерлік жасай білуге жұмылдыра білу қасиеті, шешендігі мен әмір ете білу құдіреті Бауыржанның қолбасшылық тұлғасында ерекше көрініс тауып отырған. Бүгінгі жас жеткіншектерге Бауыржан атамыздың тағылымды ойлары рухани азық болары анық. Оның «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет», «Тәрбиелі адам – тәртіптің құлы, тәртіпті адам – елдің ұлы», «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» т. б. өсиетті нақыл сөздері Отансүйгіштікке шақырды, жастарға адамгершілік пен ерлікті өсиет етіп, келешек ұрпақтың елін, Отанын, халқын шын сүйген ерлер болып қалыптасуын қалады.
Мектебімізде жас ұрпақты Отаншылдық рухқа тәрбиелейтін тәрбие сағаттары мен сыныптан тыс іс шаралар жиі өтіп тұрады.
Соның бірі сыныбымызда Бауыржан Момышұлының рухани-адамгершілік тағылымдарына арналған және нақыл сөздерін насихаттау барысындағы дәстүрлі түрде 3-рет іс шаралар өткендігін атап өткім келеді. «Мен – Жеңістің Ұланымын», «Бауыржан афоризмдеріндегі тағылым», «Мен өз Отанымның патриотымын» т.б. сайыс сабағын айтуға болады.
Сайыс барысында оқушылар Отансүйгіштік адами құндылықтардан бастау алатынын, адами құндылықтар дегеніміз – мейірім, махаббат, әділет, адалдық, қанағат екенін айта отырып, өз ойларын Бауыржан Момышұлының тағылымы мол қанатты сөздерімен ұштастырып отырды.
Адамдық парызын дала философиясымен үндестіре отырып, халықтық тәлім — тәрбиеден іздеп, ұрпағына ой салған жазушы шығармаларындағы тарихи маңызы мен тәрбиелік құндылығын жоғалтпайтын өсиетті ойлары – біз үшін үлкен қазына.
«Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген сүйіспеншілігі»,— деп Бауыржан атамыз патриотизмнің мәні мен мазмұнын ашып көрсеткен.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына, біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік. Отанын Бауыржан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ», – деп айтқандай, Бауыржан Момышұлының отаншылдығы патриоттық тәрбиеде баға жетпес құнды құрал болып табылады.
Иә, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», «Жақсы ұл – елдің туы» деп халқымыз айтқандай, ел ертеңін ойлайтын ер азаматтарымыз көп болсын деп тілегім келеді. Парасатты қоғам құру, Қазақстандық балалардың тәрбиесін қалыптастыру – әрбір ұрпақ тәрбиелеушінің парызы деп есептеймін.
Сакеева Гүлхан Жаманбайқызы
№177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы, Жетісу ауданы