Жұбан, Ақұштап, Қадыр сынды ақындардың елі, Хамза Есенжановтай жазушыны тудырған, Мұхит пен Ғарифолладай дара да сара әншілердің дауысы қалған, күй отаны, ерке Жайықты дендей қонған, жусаны мен баялышы бітік өскенде аттылы кісі зорға көрінетін қалың орманды, Еуропа мен Азияны жалғап тұрған батыстың алтын қақпасы болып саналатын қасиетті Орал жері мақтай берсе бір кітапқа арқау боларлық, зиялылары бір басына жетерлік киелі өлке.
Негізінен кіші жүз қазақтары шоғырланған, ресми саяси географиясы 12 ауданнан құралып, халқы 500 мыңнан асатын, Ресейдің 4 облысымен шектесіп жатқан, әрісі 600 шақырымдық Нарын құмымен астасса, берісі Атырау, Ақтөбе далаларымен беттескен бұл өлкенің жай-күйі қалай? Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпаққа сапалы білім беру ісі қалай қолға алынған? Мақтанып, ауыз толтырып айтуға тұрарлық жеткен жетістіктері мен бағындырған асулары бар ма? Бүгінгі тақырыбымыз сол жайында өрбімек.
Еліміздің дамушы локомотиві Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларын санамағанда, өзге өңірлер секілді бұл облыста да қарапайым қоңыр тірлік негізінен. Халқы бірыңғай бюджеттік мекемелерде жұмыс жасауға дағдыланған.
Бұл аймақта дәрігер, мұғалім сынды қадірлі мамандар тапшылығы жоқ. Қазақшалап айтқанда, өз қотырын өзі қасып, өз жарасын өзі таңған ұланғайыр жеріміздегі Ұлы Жібек жолының қалтарыс бір ұлтанында жатқан дамушы аймақ.
Жергілікті атқамінер билік өкілдерінің қырағы назары білім беру ісін үздіксіз дамытуға бағытталған десек артық айтпаймыз. Бюджет түсімі бойынша өз-өзін толық қамти алмаса да, республикалық бюджетке тәуелділікке қарамастан әрдайым бұл салаға деген көзқарас жоғары. Жылдан-жылға жаңа білім беру ғимараттарын салу, күрделі жөндеуден өткізу үрдісі белең алып келеді.
Сөзден гөрі нақты іске көшсек, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева (суретте) ханымның айтуынша, өткен 2016 жылы өңірде 4 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Жергілікті биліктің инвестицияны ұтымды тарта білуінің нәтижесінде «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қор есебінен Шыңғырлау ауданында 290 орындық балабақша, шетел қаражаты есебінен Бөрлі ауданында 140 орындық балабақша, Орал қаласында Жастар мен оқушылар сарайы және Зеленеов ауданында 48 орындық мектеп бой көтеріп, жергілікті халықтың көзайымына айналса, ал бүгінде қарқынды түрде салынып, құрылысы бітуге таяу тұрған нысандар мыналар: Орал қаласының Сарытау кентінде республикалық бюджет есебінен 900 орындық мектеп, Деркөл кентінде 600 орындық мектеп, жергілікті бюджет есебінен Казталов ауданында 100 орындық интернат, сонымен бірге шетел инвестициясы есебінен 300 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша.
Бұған қосымша балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы барлығы 10 жеке мектепке дейінгі ұйым ашылған. Олар: Ақжайық ауданында 35 орындық 2, Орал қаласында 680 орынға арналған 8 жеке балабақша ашылды.
Сонымен қатар, жалпы орта білім беретін мектептер жанынан қосымша 75 орынға арналған 3 топ шағын орталық ашылды.
Өткен жылы білім беретін 14 нысан күрделі жөндеуден өткізілген.
Бүгінде облыстың 642 білім беру мекемесінде жалпы саны 1977 бейнекамера орнатылған.
Енді жалпы орта білім саласына тоқталсақ. Жалпы айтқанда Батыс Қазақстан облысында 678 білім беру ұйымдары қызмет атқарады. Оның ішінде: 166 нысан балабақша (148 мемлекеттік, 18 жеке), 392 нысан жалпы білім беретін мектептер (384 мемлекеттік, 4 мемлекеттік емес, 4 кешкі мектептер), 38 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (26 мемлекеттік, 1 ведомстволық, 11 жеке колледждер), 59 қосымша білім беру ұйымдары, 2 жетімдер мен ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме, 3 арнайы түзеу мектеп-интернаты, 14 даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары, сонымен бірге 1 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, 1 облыстық әдістемелік кабинет, 1 облыстық білім беруді ақпараттандыру орталығы және физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» бар.
2016-2017 оқу жылында облыста оқушылар контингенті 94369 құрайды. Облыста өткен жылмен салыстырғанда мектептер саны 5 бірлікке кемісе, ал оқушылар саны 2949-ға көбейді.
Тұрғындардың көшіп-қонуы салдарынан және оқушылар контингентінің жоқтығынан 5 жалпы білім беретін мектеп жабылды. Осы себеп негізінде 1 негізгі мектеп бастауыш, 4 орта мектеп негізгі, 2 негізгі мектеп орта мектеп болып қайта ұйымдастырылған.
Мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің жалпы санынан 256-ы немесе 66,7 %-ы қазақ тілінде оқытады, ондағы оқушылар саны 64769 оқушы.
Мемлекеттік емес күндізгі жалпы білім беретін мектептер саны 4 бірлікті құрады, олардағы оқушы саны — 80.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қазақстандық білім беру жүйесіне тән белгілердің бірі ретінде жоғары пайызда қалып отырған шағын жинақталған мектептер проблемасын шешуге тиісті шаралар қамтылған. Облыстың жалпы білім беретін мектептерінің жалпы санының 59,4% немесе 228 шағын жинақталған мектептер.
Жоғарыда аталған мәселені шешу және білім сапасын көтеру үшін облыс бойынша 14 тірек мектеп қызмет атқаруда.
Қазіргі білім беру жүйесін бағалау республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі нәтижесімен бағаланатыны анық. Бұл салада облыста біраз ілгерілеушілік бар. Барлығы 9 тестілеу пункттерінде (Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым аудандары орталығында және М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да орналасқан тестілеу орталықтарында) ұйымдастырылатын аталмыш білім бәйгесінде 2016 жылы 4514 мектеп бітірушінің 3322-сі қатысып, жалпы мектеп бітірушілердің 73,59% құрады (Республикада – 69,4%).
ҰБТ қорытындысында орташа жинақ балл 82,11-і құрады (Республикада — 81,1 балл).
«Алтын белгіге» 192 үміткер болса, олардың 90-ы немесе 46,87 өз білімдерін қорғаған (Республикада -51,6).
«Үздік аттестатқа» 77 үміткердің 24-і немесе 31,16% өз бағаларын қорғап шықса, 100-ден жоғары балл жинаған түлектер саны — 586 немесе жалпы ҰБТ-ға қатысушылардың 17,64% құрайды.
Облыс бойынша 1 түлек ең жоғарғы 125 балл жинап, үздік нәтижеге қол жеткізген.
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ МЕН ОҚЫТУ САЛАСЫ
Мектепке дейінгі тәрбие – білім беру жүйесінің алғашқы кезеңі ретінде бала тұлғасының әлеуметтік тұрғыдан қалыптасуының маңызды баспалдағы болып табылатыны анық.
Сондықтан жоғарыда атап өткеніміздей мектепке дейінгі ұйымдар желісі 474 бірлікті құраса, оның 166-ы балабақша, 52-сі «мектеп-балабақша» кешені және 256-і шағын орталық. Мектепке дейінгі ұйымдарда 29 мыңнан астам бала қамтылған.
1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 63,6% -ды құрайды.
2020 жылға дейінгі білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторының бірі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көрсеткіші болып табылады. Осы көрсеткіштің өсуі байқалып, мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту 99,7% -ды құрайды.
КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2017 жылдан бастап «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жариялағаны анық. Осы орайда, облыстағы 38 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 19,9 мың адам мамандықтар мен жұмысшы кәсіптерін алуда. Жұмысшы кадрлар мен мамандарды даярлау 74 мамандық және 139 біліктілік бойынша жүргізіледі, соның ішінде 38 техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылық бағытындағы мамандықтар. Мемлекеттік колледждердегі 12520 білім алушы континентінің 4603 студенті (36,8%) жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуда. Мемлекеттік емес колледждердің 8179 білім алушысы орта буын мамандықтарына оқытылуда.
2016-2017 оқу жылында 22 колледжге «эксперименталды алаң» мәртебесі беріліп, 19 мамандық бойынша 67 кәсіпорынымен бірлесіп дуальдық оқытуды қолданылуда. Бүгінде білім беру ұйымдары және олардың әлеуметтік әріптестері арасында 1613 келісімшарт жасалған.
2016 жылы кәсіби даярлық деңгейін тәуелсіз бағалауымен облыстың 35 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 56 мамандық пен 93 біліктілік бойынша 5955 бітіруші қамтылып, теориялық тестілеу мен практикалық жұмыстарды орындау қорытындысымен 5861 адам немесе қатысушылардың 98,4 % (2015 жылы — 96,8%) сәйкестік сертификаттарын алды.
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН АҚПАРАТТАНДЫРУ
Бүгінгі күні облыс мектептерінде барлығы 13102 дана компьютер бар. 1 компьютерге орташа есеппен 7 оқушыдан келеді (қалада 11, ауылда 5).
338 мектеп интернет желісіне қосылған.
207 мектеп 2016 заманауи мультимедиялық-лингофонды кабинеттермен жабдықталса, 241 білім ордасында 994 интерактивті тақта бар.
Ағымдағы оқу жылында білім беру ұйымдарындағы электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі «Kundelik.kz» қанатқақты жобасына облыстың 92 мектебі қосылды. Сонымен бірге қазіргі таңда «Bilimland.kz» білім беру порталының мүмкіндіктерін облыстағы барлық мектептердің ұстаздары оқу үдерісінде кеңінен пайдаланады.
ЖЕТІМ ЖӘНЕ АТА-АНАСЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
Облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған санатқа жататын 966 бала бар.
Батыс Қазақстан облысының жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, даму мүмкіндігі шектеулі және мүгедек балаларға қолдау көрсету жөніндегі 2015-2018 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша өзара ынтымақтастық туралы 96 әлеуметтік шарт жасалды, оның 77-сі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалаған балаларға арналған мекемелердің тәрбиеленушілері, 19-ы арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 200 тәрбиеленушілерге және қорғаншылыққа (қамқоршылық), патронаттық тәрбиеге берілген балалардың 189-на мемлекеттік білім беру жинақтау есеп шоттары ашылды.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ
Өткен жылы жазғы кезеңде оқушыларының 91,3%-ы демалыспен қамтылды. 304 оқушы Астана қаласына, 45 оқушы Оңтүстік Қазақстан облысына, 25 оқушы Атырау облысының (Сарайшық) тарихи орындарына барды.
Бөкей ордасы, Жәнібек, Тасқала және Шыңғырлау ауданынан 195 оқушы Волгоград пен Самара қалаларында (Ресей) болып қайтты.
КАДРЛЫҚ БІЛІКТІЛІК
Бүгінде облыс бойынша білім беру мекемелерінде 21850 педагог қызмет атқарады. Жоғары білімді педагогтар саны — 17165 немесе 78%. Жоғары және бірінші санаты бар жоғары білікті педагог қызметкерлердің саны — 8363 (38%). Жалпы орта білім беретін мектептерде 11971 мұғалім болса, оның 10185-і (85%) жоғары білімді, жоғары және бірінші санатты педагог қызметкерлердің саны — 5857 (48%).
2016 жылы қызметке қабылданған жас мамандардың саны 435 болса, оның ішінде 321 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елді-мекендерді гүлдендіруге аттанды.
2016 жылы 181 жас маманға тұрғын үй алу үшін жеңілдікпен несие берілді. Мектепке дейінгі ұйымдарда қызмет ететін 34 педагогтан құрылған облыстың делегациясы Ресей Федерациясының Самара облысында өткен мектепке дейінгі білім беру қызметкерлерінің шығармашылық және педагогикалық шеберлігінің VI Өңіраралық фестиваліне қатысып, тәжірибе бөлісті.
«Үздік педагог — 2016» республикалық конкурсында Бөрлі ауданының №3 «Гүлдер» бөбекжайының педагог-психолог маманы Ботагөз Еділбаева жеңімпаз атанып, облыс мерейін асқақтатты.
Демек Батыс Қазақстан облысының білім жүйесіндегі өткен жылдарда атқарылған жұмыстарын сөзбен сырылдатып айта салған, жаза салған оңай, әйткенмен әрбір атқарылған жұмыстың артында бір-бір тағдыр, орасан зор қаражат, еселі еңбек жатыр. Егер білімге салынатын қаржы – болашаққа салынатын ұтымды инвестиция десек, осы орайда ебін тауып, шеттен қаржы тартып, орайын тауып жүрген жас та болса бас болған, сауатты да іскер азамат облыс әкімі Алтай Көлгіновтің еселі еңбегін атай кеткен жөн. Жас келсе іске демекші, облысқа басшы болған аз уақыттың ішінде толайым істердің ұйытқысы болып жүрген жас басшыға бүгінде жас та, кәрі де разы. Лайым да қасиет қонған киелі өлке Ақжайық елі жасай берсін демекпіз!
Аслан Мұратұлы
Батыс Қазақстан облысы
«Білім айнасы»