Мақсаты: а) халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, даналық сөздерін насихаттау;
ә) батыр бабамызға арналған арнау өлеңдерді оқыта отырып, оқушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту, сахна мәдениетін қалыптастыру;
б) оқушыларды елжандылыққа, ұлтжандылыққа, Отанын қорғай білуге, елін, жерін сүюге тәрбиелеу;
Көрнекіліктері: буклеттер, баспасөз материалдары, фото суреттер, слайд.
Мұғалім сөзі: Осыдан ширек ғасыр бұрын әрбір ата-ана шаңырағына ұл бала келсе, есімін Бауыржан деп қоюға әуес болатын, сол үрдіс әлі күнге дейін құнын жоғалтқан емес. Бұлай деуге негіз бар. Есімі ел есінде мәңгі жатталатын Батыр бабамыз Б.Момышұлының әр сөзі өнеге, әр ісі үлгі болған дара тұлға. Осы есімді иелену әрбір ұл бала үшін үлкен мәртөбе. «Бауыржан» десек, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен, қайталанбас батырлығымен, даналығымен дараланған Бауыржан Момышұлы атамыз еріксіз еске оралады.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық бірегейлікті сақтау» тармағы бойынша ұлыларымызды ұлықтау мақсатында 7 «А,Б,В» сыныптарымен өткізіп отырған «Батыр баба Бауыржан» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер.
1-жүргізуші Уалиханқызы Нұрай:
Армысыздар, құрметті ұлағатты ұстаздар және оқушылар!
Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында туған. Имаш бабасы 1911 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Имаш атасы қартайған кезінде барлық шаруашылықты Момыш ұлына табыстаған. Әжесінің есімі — Қызтумас, қартайған шағында ағайын-туыс «сары кемпір» деп атаған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі. 1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев және Құрманбек Сағындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.
2-жүргізуші Тұрсынбай Зейнеп: 1928—1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді.1932 — 1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді.Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды.1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады.
Олай болса сахнада батыр бабамызға арналған арнау өлеңдерден бастасақ. Ортада Қарасаева Махаббат ақын Мұқағали Мақатаевтың «Бауыржан Момышұлына» атты арнау өлеңін оқиды.
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ
Бауыржан Момышұлына
Аға,
Саған, білмеймін не айтарымды,
Қай қырыңнан білмеймін байқарымды.
Көңілдегі ой көмейге кептелді де,
Түрмесіне кеудемнің қайтарылды.
Қайтерімді, білмеймін не айтарымды?
Жасқануды білмеуші ем, жалтаруды,
Неге көңіл, білмеймін, аңтарылды?!
Ақ тұлпарым бар еді саған деген
Алып ұшпай ол неге қаңтарылды?!
Сен зәру емессің ғой құрметке,
(Сырлы аяқтың сыны бар, сыры кеткен…)
Тонға емес, орамал жолға жарап,
Сый тартуды атамыз ырым еткен.
Тартар сыйым өзіңе болмағасын,
Белгілі ғой қасыңа жоламасым.
Ақ сұнкарым бар еді, ұшпай қойды,
Алсам-дағы басынан томағасын.
Қылышымды суырып қынабынан,
Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау…
Жетімдердің кегі мен жесірлердің
Суарып ем суалған бұлағына.
Қайрап едім зауалдың шарығына,
Қақтап едім қан майдан жалынына.
Қынабына оны да жасырдым мен,
Керек болып жүрер деп халығыма.
Қынабына сап қойдым үмітпенен,
Оның несін жасырам бүгін сенен.
Саған, аға, сақталған бір сый бар-ау,
Назарына ешкімнің ілікпеген.
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған!
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
Ешкімнің назарына ілікпеген,
Саған бір сый тартам деп үміттенем.
Жүрегімнің тапсырған аманатын
Бере алмай кетем бе деп күдіктенем.
Қандай сый тартсам екен, аға саған,
(Білмеймін, жараспай ма, жараса ма?!)
Ешбір сый таба алмасам, аға саған
Аппақ тонын — атамның тәбәрігін,
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.
1 — жүргізуші Уалиханқызы Нұрай: Бауыржан тәрбиесінде әжесі Қызтумас ерекше орын алған. Әжесі немересін халықтың ән-жырына, ертегі-әңгімесіне сусындатып өсірген. Ал, анасы Рәзия-қазақ келіні. Шешесінен үш жасында жетім қалға, оны әжесі мен әкесінің әңгімелерінен білетін жазушы Бауыржан ол кісі туралы көп жаза алмайтын еді.Сөйте тұра, кішкентай өмір үзігі арқылы-ақ білікті, ұлттық салт -дәстүрімізге жетік, ибалы,иманды қазақ келінінің жақсы болмысын өте әдемі,әрі дәл бейнелеген. Бауыржан Момышұлы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған.Кезекті әсекри міндетін өтеуге шақырылып , запастағы командир атағын алады.Туған аулына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. 1941 жыл Ұлы Отан соғысы басталысы мен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы облысы Талғар қаласында жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды.
Сахнада: Абдуохапова Умида ақын Қалижан Бекқожинның «Томаға киген тау бүркіт» өлеңін оқиды.
ҚАЛИЖАН БЕКҚОЖИН
Томаға киген тау бүркіт
(Бауыржан Момышұлына)
Томаға киген тау бүркіт
Қадайды көзін құздарға.
Сонда бір шыңды жаңғыртып
Саңқылдап ұшқын мұз-қарда.
Сабалап сонда қанатын,
Қиқулайтын дауылда;
Шүйілсе бұғып қалатын
Аң да, құс та, тауың да.
Енді маңы тып-тыныш
Жоқ дауыл да, тықыр да.
Отыр тарлан сұсты құс
Топшысын бүгіп тұғырда.
Мүмкін қалған із бар ма
Құзғында қарлы қияның? –
Қарайды қыран құздарға Қиялар тербеп қиялын…
2-жүргізуші Тұрсынбай Зейнеп:
БАТЫР БАБА БАУЫРЖАН
Намысы найзағайдай шатырлаған,
Тайсалмай отқа кірген лапылдаған.
Жауыздың талқандаған тас қамалын,
Бауыржан – батыр бабам, батыр бабам – Бауыржан!
Шыққан тегі дауылдан,
Алғыс алған қауымнан,
Қаһарманы қазақтың –
Момышұлы Бауыржан!
Киелі қолындағы алтын қалам,
Ерліктің семсеріндей жарқылдаған.
Айналған ұрпағының ұранына,
Бауыржан – батыр бабам, батыр бабам – Бауыржан!
Тұмары – ұлтымыздың үлгі алатын,
Атынан бастау алды жыр қанатын.
Егемен елі оны қастерлейді,
Бауыржан – батыр бабам, батыр бабам – Бауыржан!
(көрініс: баяу музыка ойналып тұрады сахнаға Б.Момышұлы шығады.
Мен 25 жыл әскерде болдым. Біле білген кісіге бұл үлкен университет. Осы 25 жылдың ішінде мен талай қолбасшымен кездестім, сабақ алдым, талай генералдың қол астында қызмет істедім, тәрбие көрдім. Өйткені командир деген әскери педагог қой. Осы әр ұлт адамдарымен қызметтес болғанымды өзіме ерекше мектеп деп бағалаймын. Себебі чуваш мынадай екен-ау, қырғыз мынадай болады екен –ау деп ойланасың. Ана халық анадай дәстүрін қастерлейді, мына халық мынаны құрметтейді екен-ау деп толғанасың. Мен осы 25 жыл ішінде қарамағымда болған, үстеріне шинель киген солдаттар арқылы барлық халықтардың жанын ұқтым деп ойлаймын. Өйткені олардың жүректері-іштерінен шыққан балалары-менің алақанымда болды. Отан үшін өз басымды өлімге байлай отырып, мен оларды ажалмен алысуға жұмсадым. Олардың өлмеуі үшін өз ұрпақтарын, өз халықтарының намысын, оның өздері сүйетін асыл қасиеттерін аман сақтап қалу үшін жұмсадым. Өзім де «жаным-арымның садағасы», халқым үшін қасықтай қаным пида деп, жанып тұрған отқа талай түстім. Мен соғыс кезінде «Красная Звезда» газетіне былай жазғанмын: «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам» дегенмін… Өз елінің бағасын білген адам ғана басқа елді қадірлей алады. Өйткені халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз халқына сүйіспеншілігі арқылы ғана келеді. Мен өзге ұлттарды құрметтеуші, өз ұлтын сүюші адаммын.)
1-жүргізуші Уалиханқызы Нұрай:
Мәскеу түбіндегі шайқас Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең болды. Жас сардар, 1073 атқыштар полкінің батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы сарбаздармен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді. 941 жылдың 16-18 қараша күндері аралығында Вермахтың Мәскеуге екінші дүркін шабуылы кезінде Б.Момышұлы басқарған батальон өз дивизиясынан қашықта Матронино селосының маңында Волоколам тас жолыда аса ерлікпен соғысты. Комбаттың дарынды басшылығының арқасында неміс әскері бұл маңда 3 күнге іркіліп қалды. Бұл ерлігінен соң жас комбат өз сарбаздарын қоршаудан соғысқа қабілетті жағдайда алып шықты.
Сахнада: Рахматулла Гүлжанат Сәбит Мұқановтың арнау өлеңін оқиды
«Советтің саналы ер еркегі» деп,
«Жігіттің қыз қызығар көркемі» деп,
Бауыржан Момышұлы жер жүзінде
Тарапты барлық елге ертегі боп.
Барсам да қай континент, қай аралға,
Заманнан аз хабары бар адамда
Білмейтін Бауыржанды жан көргем жок,
Мен бұған қуанам да, таңданам да.
Айтайын ең алдымен қуанышты:
Қазақта ұл туғанмен талай күшті,
Жер жүзін тамсандырып Бауыржандай
Есімі қайсысының хатқа түсті?
Ауылдың қалды көбі аумағында…
Бауыржан «Катюшадай» лаулады да,
Өртеді фашистерді, сондықтан да
Таниды досы түгіл жау жағы да.
Батыста, жүрген ғылым тереңінде,
Ақылын, өжеттігін, өнерін де Жыр етіп,
Бауыржанның батырлығын
Таниды, бір-ақ шындық көлемінде.
Ежелден ертегішіл Шығыс — кәрі,
Шындықтан шыға шырқап, кетеді әрі:
Көреді қаһармандай тау көтерген,
Немесе, жер тітірткен Әзірет-Әлі.
Білсе егер екенімді менің қазақ:
«Сендерде ұл бар ғой, — деп, — сондай ғажап?»
Шуласып қамағанда қалың адам,
Жарылмай қуаныштан тұрам аз-ақ!
Айтайын танданудың енді жайын:
Ұшқанын атақ-даңкы көрген сайын.
Келтірем көз алдыма,
Кәдімгі жақсы адамды — қарапайым.
Білемін бұл жігітті ерте күннен:
Қаттыны нелер керім еріте білген.
Шықты бұл қылыш болып майрылмайтын,
Советтік Армияның мартенінен.
Шықты да жалаң қағып тұрды сапқа…
Отандық ұлы соғыс қызған шақта,
Ақылы, қимылымен, қайратымен,
Өзіне ие болды берген атқа.
Сол үшін Отан мен халқы сүйіп,
Атаса кететұғын денесі иіп,
Тарихқа кірді бұл да дәл Зоядай,
Немесе секілденіп — Мересьев.
Фашисті бұл батырлар қырып-жойды,
Азамат болды істері абыройлы.
Құрметпен, сондықтан да,
Бауыржанға Жатырмыз алпыс жаста жасап тойды.
Шашуым осы-ақ болды тойға дайын.
Ел сүйген ерді мен де аймалайын!
Бауыржан, ата-анаңа алғыс айтып,
Советтен сені өсірген айналайын!
2- жүргізуші Тұрсынбай Зейнеп:
Келесі сахнаға шығатын Скан Нұрсұлтан ақын Ғали Ормановтың «Батырдың тұлғасы» өлеңін оқиды.
Бұлың-бұлың белеңде,
Бұлдыраған көк орман
Бұлтты аспан төбеңде
Көкжиекке оралған.
Көз алдымда тұрғандай
Хош айтып, қол алғаның.
Батыр көрдім тұлғаңнан
Парлаған ел арманын.
Қысы, жазы жасарған
Қарағайдай мүсінді,
Халқың үшін жасаған,
Көрдім батыр сұсыңды.
Қолыңды алдым құрметпен
Тік қарауға бата алмай,
Жаның қиып күзеткен
Көріндің кең жапандай.
Соны талмай қорғауға
Қала бердің сен тұрып.
Мен аттандым толғауға
Кеудемді ойға толтырып.
Көкейімде сақталар,
Сәулем, сол бір тұрысың.
Ағаң айтып мақтанар
Сендей батыр інісін.
Қуат тұтып қараңды,
Қуанышпен қайтармын.
Мақтан қыл деп балаңды
Туған елге де айтармын.
1-жүргізуші Уалиханқызы Нұрай: 1946—1948 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы болады.1948—1950 жылдары 49-атқыштар бригадысы командирінің орынбасары қызметін атқарады.1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны тәмамдайды.1953 жылы академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі.Соғыстан кейін 1950—1955 жылдары Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралады. Елде біраз уақыт жұмыс табылмайды. Өмірбек Жолдасбеков Қазақ Ұлттық Университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған көрінеді. Батыр енді толықтай шығармашылықпен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығының негізіндегі тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығарылды.
Ән: Өмірбек Бекнурдың орындауында «Менің елім» әні
(көрініс: сахнаға Батыр Бауыржан шығады. Оттан да оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Кейінгі кезде қорқынышым көбейіп барады.Балаларға бесік жырын айтатын келіндерімнің азайып бара жатқанынан қорқам, екінші , немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқам. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқам.Ал көрдің қолына балта берсең шаба салады,бақыр берсең ала салады, найза берсең ,сұға салады, намыстанбай бұға салады.Мен табиғатынан , тағдырынан болған соқырлықты айтып отырғам жоқ , тауып алған соқырлықты айтам.Егер ондай соқырлықтан жазылмасақ , халық болудан қаламыз ба деп қорқамын!)
Ортада: ақын Қасым Аманжоловтың арнау өлеңдерін оқитындар Күмісбек Аяулым, Төребек Аселя
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ
«Бауыржан бабамызға»
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып, «Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.
Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн даусын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар.
Қан майдан қаталатып, шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге.
Көл емес көздері ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрінер бір көргенге.
Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Топ жара көрінсін деп екі иығы,
Туған ел жаратыпты оны ірірек.
Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын,
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.
Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне
Өресі өрен ойдың тартылғандай.
Жан ұқпас жұмбақ емес бір жасырын,
Айтады ол тіке қарап жұртқа сырын.
Жаратпас жамап-жасқап жұрт ескісін,
Соғады өз дүкені сөз асылын.
Ойы бар қиялының қанатында,
Адаспас апарып бір салсаң тыңға…
Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,
Жалтылдап екі көзі қарсы алдыңда.
«Батырым — Бауыржаным» дейді халқым,
Алып ұш,ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.
Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе – жаубүйректей етер жәукем,
Емендей ерегісер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукен!
Керімбек Балнұр: Батырдың 100 жылдығы
2010 жылы қыркүйектің 14-і күні Алматыда «Қазақтың Бауыржаны» атты деректі фильм көпшілікке таныстырылды. Фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді.2010 жылы желтоқсанның 10-ы күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында совет-герман соғысының қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына тұрғызылған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан құйылған. 2010 жылы Республика бойынша Бауыржан Момышұлының 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті. 2010 жылы қыркүйек айында Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. 2010 жылы 10 желтоқсан күні Алматы қаласында Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш ашылды. Биыл 2018 жыл батыр бабамызға 108 жыл толып отыр
2-жүргізуші Тұрсынбай Зейнеп: Б.Момышұлының қаламынан шыққан шығармалар көп.Солардың бірегейін атасақ, „Қанмен жазылған кітап„ , „Ұшқан ұя „ , „ Москва үшін шайқас,, , „ Менің отбасым „ , „Майдандас достарым„ , „ генерал Панфилов„ , „ Төлеген Тоқтаров„ , „Адам қайраты„ , „Артымызда Москва„Б.Момышұлы орыс және қазақ тілдерінде бірдей жазады.Оның „Біздің отбасы, „Артымызда Москва„ , „Майдандағы кездесулер„ сияқты кітаптары бірнеше шетелдік тілдерге аударылып басылған. 1928 жылы «Өлеңдер», 1940 — 1941 жылы «Ұшқан ұя», 1944 жылы «Қанмен жазылған кітап» 1955 жылы «Москва үшін шайқас» шығармалардың әрі көптеген повестер мен әңгімелер, эсселер, естеліктер, мақалалардың авторы. Екі тілде яғни қазақ орыс тілдерінде еркін жазған жазушы.
1-жүргізуші Уалиханқызы Нұрай: Бауыржан Момышұлының қаламынан шыққан нақыл сөздерге назар салсақ
— Ептілік пен батылдықты қосса айлакерлік шығады.
— Әскерсіз қолбасшы-қауқарсыз,
Басшысыз әскер — әлсіз.
— Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды.
— Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
-Тәртіп -тән үшін, ынтымақ жан үшін керек.
-Тәртіпке бас иген құл болмайды.
— Елсіз ер болмайды
Ерсіз ел болмайды.
-Тізе бүгіп тірі жүргеннен
Тіке тұрып өлген артық
— Көре алмаған көз сорлы,
Айтылмаған сөз сорлы.
— Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше , шындықтың уын ішіп өлген артық.
— Ердің туы -намыс.
— Сен жаудан қашсаң,өмір сенен қашады.
— Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік -жігіттіктің қасиеті.
— Отан үшін отқа түс – күймейсің.
— Опасызда Отан жоқ.
1-жүргізуші Уалиханқызы Нұрай:
Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмейді, бірақ інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырады, Куба әскерилерінің алдында дәріс оқиды. Кубаға барған саяхаты жайында «Куба әсерлері» атты кітап жазады. Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.1963 жылы Куба үкіметінен бірнеше қайтара шақыру келгендіктен, 10 күндік сапармен барып келеді.1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған Алматыда дүние салады. «Кеңсай» зиратына қойылды.1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақберілді. Шешім 1990 жылдың 11 желтоқсан күні шықты.
2-жүргізуші: Тұрсынбай Зейнеп
Жырламай тұра аламын қалай мұны,
Жеріме жолатпаған мұң – қайғыны.
Қаһарман, жазушы, ақын дана азамат,
Бауыржан Момышұлы – ел айбыны.
Батыр ұл – есімдері сақталады,
Жыр болып жүректерде жатталады.
Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп,
Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады.
Мұғалім сөзі: Саналы ғұмырында ғасырға татырлық тәрбие көзі болатын батыр бабамыздың асыл сөзі мен ерен ерлігі біздің жүрегемізде мәңгі сақталады.
Рахмет! Сау болыңыздар!
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірлестік жетекшісі: Темиралиева Э.А.
Пән мұғалімі: Қабылбаева А.С.