Қазіргі жеделдету, демократияландыру жағдайында еліміздегі басты міндеттердің бірі-ұлттық ерекшеліктерді еске алып, жастарға терең білім мен тәрбие беру ісін одан әрі дамыту және жетілдіру болып табылады. «Қазақ мектептері-қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы мектептерде. Сондықтан мектептерде жақсы білім беретін болсын. Ғылыммен қаруланған, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады»,-деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, еліміздің еркіндік алуы, тіл саясатының кеңеюі, қазақ мектептері санының көбеюі-бүгінгі талапқа сай мамандарды әзірлеу, жас педагогтарға өзіндік бағыт-бағдары бар түйінді ойларды жинақтап жеткізу қажеттігін туындатып отыр. Осыған сәйкес, қазіргі заман мектебі жоғары деңгейде мамандандырылған кәсіпқой мұғалімді күтуде. Бүкіл әлем бұл күнде тәлім-тәрбие қызметіне ең білгір, ең талантты, өте жауапкершіл педагог мамандардың қажеттігін мойындауда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр» деген болатын.
Осы орайда, жас маман ретінде ұстаздық қызметтің жауапкершілігін сезіне отырып, өз тәжірибемде қазақ әдебиеті сабағында батырлар жырын оқытуда қолданып отырған заманауи әдіс-тәсілдермен бөлісуді жөн көрдім.
XXI ғасыр- ғылым мен техниканың дамыған ғасыры. Қазіргі уақытта, балаларды дәстүрлі сабақпен еш қызықтыра алмаймыз. Барлық ақпарат қолжетімді заманда, қажетті материалдарды өздері- ақ тауып алады. Көркем әдебиет, әдеби шығармалар, батырлар жырын оқитын балалар жоқтың қасы. Тіпті, оқулықта берілген шығарманы оқуға ерінетін жастар көбеюде. Неге десеңіз, барлық балалардың қолдарында ұялы телефон, әлеуметтік желі, одан қалса ойындарға тәуелді болып барады. Әлеуметтік желінің шырмауынан шыға алмай келеміз. Ұлттық құндылық, тәрбие мәселесі – ол да мәз емес. Осы олқылықтарды дәл қазіргі қалпында қалай түзетуге, өзгертуге болады? Әр сабағымда осы сұрақты көп қоямын.
Оқушылардың бойында адамгершілік, батырлық, Отансүйгіштік, адалдық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттердің қалыптасуына зор ықпал ететін құрал-халық қазынасы , халық ауыз әдебиетінің бай мұралары. Оның ішінде «батырлар жырының» орны ерекше.
Жаңа бағдарлама бойынша 5-сыныптарда «Қобыланды батыр» жырына 6 сағат уақыт берілген. Қазіргі кітап бетін ашпайтын заманда оқушыларға жырдың толық нұсқасын оқытуға, жаттатуға, түсіндіргуге барынша тырыстым, жан-жақты іздендім. Осы 6 сағатта жырды қалай оқыттым, қандай заманауи әдіс-тәсілдер пайдаландым?
Әуелгі сабақта оқулықта берілген үзінді бойынша барлық оқушыларға оқытып, не түсінгендерін, қай кейіпкердің ұнағанын өз сөздерімен баяндап берді. Сұрақтар қойылып, талқыланды. Екінші сабақта зерттеу жұмысын жүргіздік.Қобыланды батыр шын өмірде болған ба? Кейіпкерлері ше? Энциклопедиямен жұмыс жүргізіліп, деректі фильм көрсетілді. Қобыланды батырдың туып өскен жері, шайқасы, мазарымен танысты. Мультфильмі көрсетіліп, оқулықтағы үзіндімен салыстырды. Аудио-видео сабақ болды.. Келесі сабақта үзіндіден көрініс дайындап, жырды жаттап сахналық көрсетілім көрсетті. Осыдан кейін оқушыларда қызығушылық оянып, жырдың толық нұсқасын оқуға түрткі пайда болды. Хрестоматиядан, кітапханадан ізденіп, толық нұсқасын тауып әкелді. Тілдік ерекшеліктеріне талдау, сөздікпен жұмыс жасалды. Топқа бөлініп, жоба қорғады. «Қобыланды батыр»көлемді жыр болғандықтан, балалар бүкіл сабақта жатқа айтып үлгермейтіндіктен, оқушыларға қызықты ой тастадым. Қазіргі кезде «челлендж» деген ұғым санамызға кіріп, қалыптасып келеді. Ағылшын тілінен аударғанда «челлендж» -біреуге үндеу тастау, белгілі бір іс-әрекетке шақыру дегенді білдіреді. Әдетте, виртуалды челлендждер бір адам жасаған іс-әрекетті видеоға түсіріп, көп халықтың назары шоғырланғанорындарға жүктеу немесе бейнежазба соңынан өз достарының сол әректетті қайталауын , жалғастыруын үндеу болып табылады. Бұл челлендждің жақсы мен жаман жағы да бар. Мен бірден жақсы жағынан пайдаланып, оң әсер етуге тырыстым. «Қобыланды батыр» жырын жыл соңына дейін сабақ беретін 5-сыныптар арасынан жатқа айтып, видеоны әлеуметтік инстаграм желісіне жүктей отырып, келесі жатқа оқитын баланың аты-жөнін айтып, эстафетаны тапсыруды тапсырма етіп бердім және жыл соңында марапаттау болатынын ескерттім. Балалар үшін бұл да бір қызықты ұсыныс болды. Әлеуметтік желіні пайдаланбайтын адам жоқ десе болады. Бәрі күнделікті әлеуметтік желіге кіріп, бақылып, қарап, көріп отырады. Пайдасыз дүние көріп отырғаннан, челлендж ұйымдастырудың тиімді жағы- «Қобыланды батыр» жырының толық нұсқасымен танысады, жаттайды, есте сақтау қабілеттері артады, сөздік қорлары, тіл байлықтары молаяды, патриот, өз елінің тарихын біліп өседі.Осы заманда жырды жаттатудың заманауи тиімді жолы деуге болады.
Осылайша, батырлар жырын оқытуда оқушылардың қызығушылығын арттырып, іздене білуге, кітап оқуға деген ынталарын оятуға ықпал жасап келемін.
Пән мұғалімі әр сабағын ізденіспен, жаңашылдықпен, ерекше әдіс-тәсілдермен өткізетін болса, барлық баланың жаңа қырлары ашылып, жарық жұлдыз болары сөзсіз. «Қыран баласына көкке самғар қанат сыйлайды, Ұстаз шәкіртіне алға бастырар талап сыйлайды» демекші, әр баланың шырағын жаға білу, жүрегіне жол тауып, қабілетін шыңдау , ұлттық-рухани тәрбие беру-мұғалім шеберлігінің бір көрінісі.
Изтлеуова Асель Ибрагимовна,
№2 Қосшы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі