Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » «ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЙРЕТЕ ОТЫРЫП, ӨЗІМІЗ ДЕ ҮЙРЕНЕМІЗ»

«ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЙРЕТЕ ОТЫРЫП, ӨЗІМІЗ ДЕ ҮЙРЕНЕМІЗ»

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі».
Ы.Алтынсарин

ОҚО, Шымкент қаласындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру орталығының тренері Егізбаев Аят Жақсыбекұлымен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

— Сәлеметсіз бе? Құрметті Аят Жақсыбекұлы! Сізді көргеніме қуаныштымын! Менімен әңгімелесуге уақыт тапқаныңызға рахмет.

— Алғашқы сауалымызға көшсек: ЖОО оқытушыларының біліктілігін арттыруда алдарыңызға қайдай мақсат қойып отырсыздар?

— Біздің Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру орталығы 4 жылдан бері ЖОО оқытушыларының біліктілігін арттырып келе жатыр. Негізгі мақсатымыз жоғары оқу орындары мен колледж оқытушыларын білім саласындағы болып жатқан соңғы өзгерістермен таныстыру. Сонымен қатар курстың барысында оқытушылар өздерінің білімдерін әдістемелік тұрғыдан жоғарлатып, түрлі әдіс-тәсілдердің теориялық негіздерін меңгеріп, кейін өздерінің мекемелерінде тәжірибеде іске асырып, бірнеше тәжірибелік дағдылар қалыптастыру мақсатында өткізіліп жатыр. ЖОО мен колледждердің арасындағы тығыз байланысты мектеппен байланыстыру. Оның себебі, болашақта мектепке келетін жас мамандарды ЖОО және колледждер дайындайды. Сондықтан заман талабына сай білікті маман дайындауға көмек көрсету.

— Назарбаев зияткерлік мектебімен тікей жұмыс жасайсыздар. Назарбаев зияткерлік мектептері аясында шығарылып жатқан оқулықтарда олқылықтардың барын білеміз. Осы олқылық туралы сіз не дер едіңіз?

— Өз басым оқулықтарды шығаруға, оған авторлық қызмет атқаруға қатысқан жоқпын. Дегенмен, әдіскер ретінде мектеп мұғалімдерінің уәждерін естіп, мұң-мұқтажына қанықпыз. Кез келген автор стандартқа сай оқулық жасайды. Оқулық авторлары мектеп мұғалімдерімен санасып, солардың пікірін тыңдап оқулықтағы тапсырмаларды қалай құрастыру керек, қандай бағытта, бұл тапсырмалар оқушыларға қалай әсер етеді деген пікірлерін ескере отырып, ғылыми негіздеп берсе нұр үстіне нұр болар еді. Олқылықтар бар, жасыратын ештеңесі жоқ. Кейбір олқылықтар дер кезінде жөнделіп жатыр.

— Назарбаев зияткерлік мектебіне келесі оқу жылына қабылданатын оқушылардың дайындық тест кітапшасында М.С. Сайлаубек қалай жұлдыз атанды деген сұрақ болғанын білеміз. Сонда басқа қазақтың ақын-жазушылары туралы сұрақ табылмай қалды ма, деген ойға келдік. Ал, сіз не дейсіз?

— Оған тестер жинағын құрастырған автор жауап беру керек сияқты. Мен шын мәнісінде ұяламын. Менің ойымша, кез келген оқулық заман талабына сай болу керек. Бұрынғы оқулықтар мен қазіргі оқулықтардың арасында үлкен айырмашылық бар. Қазіргі оқулықтар тәжірибелік бағытта жасалған, алған білімдерін өмірге қолдана білуге бағытталған тапсырмалар болуы керек деп ойлаймын. Тек теорияға негіздеп жаттанды білімге бет бұрмай. Бұл асығыстық па, әлде толық сараптамадан өтпей ме, әйтеуір ұйымдастыру мәселесінен кеткен қателік деп ойлаймын. Стандартқа сәйкес құрылмаған мұндай олқылықтың бәріне автор жауапты.

— Өзіңіздің еңбек жолыңыздағы ең қиыны бала оқыту ма, жоқ ұстаздарға ұстаз болу ма? Осы жайлы аздап айтсаңыз.

— Білім саласында 25 жыл қызмет атқарып келемін. Мектепте мұғалім болдым. Басшылық қызметте де болдым. Соңғы қызметім тренерлік болған соң әр жұмыстың өзіндік қиыншылығы болады. Сондықтан білікті, өз ісіңнің маманы болуың керек. Курс барысында мұғалімдерге өмір бойы білім алыңыз деген қағиданы үйретеміз. Өзімде сол қағиданы ұстанамын. Қызмет барысындағы ақпарат беруде ұстаздарды адастырып алмайтын, алға деп бастайтын мүмкіндіктерге жол ашуға тырысамын. Қызметім соны меңзейді. Басқаларға жол сілтей отырып, өзімізде үйреніп отырамыз.

— Жаңартылған білім мазмұнынан нені күтесіз?

— 2015 жылы үкіметтің қаулысы қабылданды. Тиісті құжаттарға заңнамалық негіздеме жасалып, іске асып жатыр. Алғашқы жылдары аздап қиыншылықтар кездескен. Қазір пилоттық мектептерді қосақ үшінші жыл жаңартылған білім беру пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Бірінші, екінші сыныптар толық негізде іске асырылған. Биылғы оқу жылында 5,7 сыныптар қосылды. Бұл жобаның іске асырылуы тиімді. Оқушылардың өмірге деген көзқарастары саналы түрде артып, шығармашылықпен айналысуға, өзара бәсекелестікке жол ашылғандай. Жаңартылған білім мазмұнындағы идеяларды оқушылар тез қабылдады. Қазіргі балалар алғыр, зерек, әрі білімді. Дайын білімді бермей, дұрыс бағытта маңызды ақпаратпен бөлісіп, әртүрлі жұмыстарды түрлендіріп, жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану арқылы оқушыларды жетістікке жеткізуге мүмкіндіктер тудыру. Болашақта үлкен жетістікке жететініне сенімім мол.

— Құрметті Аят Жақсыбекұлы салиқалы да, салмақты әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыс, отбасыңыздың аман болуына тілектеспін. Сау болыңыз!

Көкбасқызы Жазира,
Астана,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.