Келешек ұрпақ жүгін сеніммен, қазіргі даму үрдісіндегі жетістіктермен жеткізуге жұмыс жасайтын бірден-бір тұлға – көшбасшы. Әр білім ошағы жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін ескере отыра, қоғамдағы қазіргі талапқа сай даму жолын белгілейді. Мектептің даму жоспары, даму желісі білім берудің өзгерісімен анықталады. Мектеп дамуындағы мәселелер, білім нәтижесіне қол жеткізудегі басты көрсеткіштер мұғалімнің іс-әрекетінің мазмұнымен, оқушылардың шығармашылық дербестігімен көрініс табады. Мектептің дамуы мен оның рухани жетілуіне мәні терең, тәрбиелік, білімділік құндылық ошағы ретінде танылуының маңызы зор. Мектептің даму жоспары сүлбесінің (моделі) жүзеге асырылуын қадағалау, бағалау, кері байланыс, қадамдар жасау оқушылардың оқу жетістіктерін жетілдіруге ғана бағытталмай, бұл мектеп тәжірибесіне бағдарлама идеяларын енгізу арқылы оқыту және оқу тәжірибесін өзгертуге, жетілдіруге өзінің зор ықпалын тигізеді. Білімдегі түбегейлі өзгерістер әрқайсымыздың белсенділігімізді арттырып, ой-өрісімізді, санадағы өрлеуге жол ашып отыр. Бірге жиналу – бастама, бірге болу – ілгерілеу, бірге жұмыс істеу – жетістік. Мектепті басқару сүлбесі бұл осы үрдіске мүмкіндігінше көп қатысушыларды тартуды көздейді. Олардың ішіне алдымен кіретіндер – тәжірибе жүргізуші мұғалім, сынып жетекшісі, оқушылар, ата-аналар, әдістемелік бірлестіктің жетекшісі, мектеп директоры, директордың орынбасарлары, инновациялық басқарудың І және ІІ деңгейіндегі топтар, 8 қадамды іске асырушы жауапты орындаушылар, сарапшылар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері. Сүлбеде көрсетілгендей, әрбір қатысушының міндеттері белгіленіп қойылған. Бірінші айтарымыз мынау: педагогикалық практиканың екі сатыда тұруы. Бірінші сатысына инновациялық басқарудың І деңгейі педагогикалық жүйелер жасау ісі жатса, ал инновациялық басқарудың екінші сатысына осы педагогикалық жүйелер негізінде педагогикалық істің атқарылуы жатады. Оқушы мен мұғалімнің өзара бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде қол жеткен білімді білік және дағдының, ойлау тәсілдерінің және тіршілікке қажетті дағдылардың жүйесі ретінде жүзеге асыру дәрежесі қоғамның қазіргі даму кезеңінің жоғары талаптарына сәйкес келетін нәтиже жетістігін, яғни оқыту өнімдері қамтамасыз етуді көздейді. Мектеп түлектерінің алған білімдерінің тұлғалық дамуының және қазіргі жағдайда өмір сүруге дайындығының дәрежесін бейнелейтін, ғылыми негізделіп ұсынылған, білім алу жағынан жетістіктерге жету жолдарының жүйесі технология ұғымының құраушылары болып табылатын оқытудың және тәрбиелеудің алгоритмдері, әдіс-тәсілдері білім сапасының қажетті деңгейіне жетуге кепілдік береді. Білім берудің қай сатысында болмасын, оның негізгі көрсеткіші – оның сапасы. Сондықтан біз білім нәрімен сусындата жүріп, жинақтаған іс-тәжірибелерімізді негізге ала отырып, білім алушылардың білім сапасына, мұғалімнің кәсіби жетілуіне, біліктілігіне әсер ететін негізгі нысандарды Рудный қаласы әкімдігінің «№7 мектеп-гимназиясы» КММ төмендегі сүлбе (модель) арқылы беруді жөн көрдік.
Келтірген сүлбені тұтас бір үдеріс, білім ошағы деп түсінеміз.
Ал қалыпты жұмыс жасауы оның әрбір тармағымен тығыз байланысты. Шынында да, «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» — демекші, білім алушыларға білімге деген құштарлығы, ынта жігері, талабынан бастап психологиялық көңіл-күйі мен материалдық жағдайының ойдағыдай болуы білім сапасына әсер етеді. Жаңартылған білім мазмұны, жаңашыл мұғалім, жаңа бағдарламаны жете меңгеру, келешектің кемел, өркениет өріне жетелеу, оқушыларымыздың жаңаша көзқарасының қалыптасуы мен бәсекеге қабілетті болуы – біздің қолымызда.
Табысты мұғалім – өз кезегінде мектептің дамуын нығайтуға үлес қосушы. Сайып келгенде, табысты мектепке бағыттап дамытуды жүзеге асыру басқару мәдениеті деп білемін. Жетістік – әрекетте, жетілу – мақсат, ізгі мұрат жолында еш аянбау – біздің міндетіміз.
Қымбат Бірманова
Рудный қаласы әкімдігінің
«№7 мектеп-гимназиясы» КММ директоры
Қостанай облысы