«Олимпиада» сөзін естігенде, әдетте, ойымызға тек үздік оқушылар мен дарынды балалар келеді. Десек те, бүгінгі біздің қоғамымыз орта мектепке «әр баланың бойындағы бар қабілеттерді тауып, оқушыны шыңдау керек» деген талап қояды. Бұл мұғалімге «қабілетсіз оқушы болмайды» деген қағидатты басшылыққа алып, өз жұмысын осы бағытта жүргізу қажеттігін ескерте түседі.
Бүгінгі таңда бастауыш оқушыларын да мектепішіліктен бастап, республикалық, халықаралық білім олимпиадаларына қатыстыруға болатын мүмкіндіктер бар. Жалпы, мұндай білім сайыстарының мақсаты – оқушылардың ішіндегі дарындар мен өзгеше, стандарттан тыс ойлай алатын оқушыларды ертерек анықтап, оларды ерте жастан ғылыми жобалар мен білім сайыстарында білімдерін сынап, дамыту. Сондай-ақ олимпиадалардың кейбір түрлері тест түрінде өтетіндіктен, балаларды шектеулі уақыт аралығында сұрақтардың шешімін таба білуге, сол арқылы үлкен ұлттық тестілеуге дайындауға мүмкіндік береді. Білім сайыстарына бастауыштан бастап қатысып жүрген балаға орта және жоғары сыныптарда, одан әрірек кетсек, жоғарғы оқу орнында ғылыми және жобалау жұмыстармен айналысу да қиынға түспесе керек. Өйткені баланың зеректігін, зейінін шыңдап, мәселенің шешімін жылдам табу, аргумент ұсына білу, өзінің пікірін айтып, оны қорғай білу сияқты қабілеттерін қалыптастыру оқушының танымдық, тәжірибелік құзіреттілігін дамыту болып табылады.
Бастауыш сынып оқушыларын олимпиадаларға дайындау кезінде біз бірқатар қиындықтарға тап болдық. Өйткені бұл мәселе төңірегінде кеңінен зерттелген, нақты ұсынымдар берілген нұсқаулықтар аздық етеді. Сондықтан өз тәжірибемізде қолдану нәтижесінде жинақтаған алгоритмімізді құрдық. Бұл біздің педагогикалық «күшіміз» бен біліктілігімізді оңтайлап пайдаланудың тәсілін меңгеруге септігін тигізді.
Дарынды және білімге, ізденуге құштар оқушыларды анықтау. Ол:
- Сабақ барысында балаларды үнемі бақылау;
- Сынып ішінде кішігірім зерттеу жұмыстарын, жоба жасату, сыныптан тыс уақытта пәндер бойынша түрлі тестілеу, сайыстар, арнайы шығармашылық тапсырмалар беру арқылы балалардың білімін, ал мектеп психологымен бірлесе жұмыс істей отырып, жеке басының қабілеттерін, бейімділігін анықтау үшін тестілеу кешендерінен өткізу;
- Бастауышта оқытылатын өзара мәндес пәндер бойынша тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен жетістіктері мен қабілеттерін, әрбір баланың үлгерімін, дағды мен қабілеттерінің дамуын бақылауға ала отырып, диагностикалық жұмыс жүргізу. Оқушыға арнап, жеке-жеке сараптама папкаларын әзірлеп, оны жыл бойына толықтырып отыру қажет. Айта кету керек, мұндай істер әзірлеу мұғалімге ата-аналармен өзара серіктестікте қарекет етуге бірден бір септігін тигізеді;
Оқушыларды олимпиадаға дайындаудағы мызғымас құралдары:
Біріншіден, олимпиада бір рет болып, ұмытылып кететін шара емес екендігін естен шығармау;
Екіншіден, олимпиадаға дайындықты жүйелі, үзіліссіз және толассыз жүргізу. Бұл дарынды балаларды анықтау процесімен қатарласа жүргізіледі және жаңа оқу жылының алғашқы тоқсаны бітпей, жұмыс басталып кетуі тиіс;
Үшіншіден, бастауыш сыныпта қабілетті оқушыларды зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен соң, іріктелген оқушылардың білімін жетілдіру үшін білмеуден – білуге, тәжірибеден – шығармашылыққа жетелейтін арнайы жеке траекториялық бағдарлама жасау;
Төртіншіден, олимпиадаға дайындық барысында күштеп емес, баланың тұлғасын, жеке мінез-құлқын, оның қалауын, таңдауын, бейімін, еркін есепке алу;
Бесіншіден, мұғалімнің қолындағы барлық әдістемелік мүмкіндіктерді қолдану: ой салу, тәжірибелік сабақтар, оқушымен бірлікте кішігірім эксперимент, жоба жасау, бақылау жүргізу; Пәндер бойынша диагностикалық құралдарды қолдану, өткен бөлім бағдарламасы бойынша интеллектуалды жарыстар, викториналар т.с.с. өткізіп отыру;
Алтыншыдан, олимпиадаға қатысатын бастауыш оқушыларынан шығармашылық топтар, командалар құру. Бұл бір қарағанда мүмкін емес сияқты болып көрінгенімен, алғашында жұп-жұптан, кейін топтың құрамын көбейту арқылы балаларды топқа бөлініп жұмыс жасауға машықтандыруға болады. Бұл балалардың бір-біріне өзара қолдау көрсете білуін қалыптастыруға, олардың арасындағы командалық рухты тәрбиелеуге, ұжыммен жұмыс жасай білуге дағдыландыруға, білімі тереңдеу оқушының жанындағы оқушыларды жаттықтыруына (әрине, мұғалімнің бақылауында) көп пайдасын тигізеді.
Мұғалімнің өз жұмысын жоспарлауы:
- Оқушылар тобымен жұмысты жоспарлауда я тым қатал қағидалар құрып, я болмаса, формализмге бой бермеу керек. Барынша еркін, оқушыны жалықтырмайтындай, үйренуге қызығушылығы өздігінен артатындай ортада білімін жетілдіруге жағдай жасау керек. Әрине, мұнда балаға деген сүйіспеншілік мен мейірім ең бірінші орында келеді. Баланың кішкене жетістіктеріне қуану, атап өту, мақтан тұту – мұғалім үшін бұлтарпас құрал;
- Әрбір баланың жеке білім алу траекториясының бағдарламасын жасағанда пән бойынша тапсырмалардың типтерін, оқу-құралдарды еркін жеке өзі таңдауына, қызығушылығын тудырған пәннің бөлімдерін оқуға мүмкіндік беру, соған сай тапсырмалар әзірлеу;
- Баланың тынығуына, дем алуына, еркін қозғалыс жасауына мүмкіндік беру;
- Сабақ кезінде жеке және топтық жұмыс формаларын қолдану;
- Баланың дүниетанымын кеңейту үшін мына іс-шараларға көңіл бөлу:
- Кітап, журнал, газет, энциклопедиялармен таныстыру, оқу;
- Интернет желісімен жұмыс жасау; танымдық ақпараттарды іріктеу;
- Қашықтықтан дайындау арқылы баланың өзіндік жұмыс жасауына мүмкіндік беру; есте сақтау қабілеті мен ұқыптылығын дамыту;
- Кроссворд, ребус, жұмбақты шешу сияқты шығармашылық тапсырмалар беру.
Бастауыш сынып олимпиадаларына қатысу үшін дамыту керек дағдылар:
- материалдағы бірізділікті табу және оны жалғастыра білу;
- заттарды ортақ қасиеттеріне орай топтастыра білу және артығын табу;
- артықты жою әдісі арқылы тапсырмалар орындай білу (1-сынып үшін);
- компасты қолдана білу.
- сағатты айыра білу.
- термометрді пайдалана білу.
- кез келген өлшем бірліктерін басқа бірліктерге айналдыра білу (дм-ден см-ге, м-ден ммге…);
- ойша санай білу;
- кеңістікті айыра білу, карта және глобусты білу;
- толық сөйлем құра білу.
Бастауыш сынып олимпиадаларының тапсырмаларының типтері. Негізінен бастауыш сыныпқа арналған жарыстар шығармашылық, балалардың танымдылығын зерттейтін, зейінін дамытатын тапсырмаларды қамтиды. Негізгілерін мысалға келтірсек:
- Үйренген білімді, ақпаратты жинақтайтын тапсырмалар;
- Суреттер және сызбалар қолданылатын сұрақтар;
- Есепті шешу тәсілі берілетін тапсырмалар;
- Салыстыру, байланысын, ұқсастығын табу сияқты логикалық тапсырмалар;
- «қатені тап» түріндегі тапсырмалар;
- Өз тұжырымын айтуды талап ететін тапсырмалар;
- Тізбегін табу, мұқияттылықты талап ететін тапсырмалар;
- Тест түріндегі тапсырмалар және бұдан да басқа түрлері. (Соңғы кезде олимпиадаларда тапсырмалардың осы түрі жиі кездеседі).
Бұл тапсырмаларды шешу үшін бастауыш сынып оқушысынан тек мұқият болу, жадыда сақтау және асықпай, ойланып жауап беру дағдылары талап етіледі. Өйткені, әдетте, оқушы өзінің білімсіздігінен емес, мұқиятсыздығының кесірінен олимпиадалардан жеңіліс тауып жатады.
Тапсырмаларды орындаудың негізгі тәсілі:
- Тапсырманы басынан аяғына дейін оқу, келесі парақта жалғасы бар-жоқтығына назар аудару;
- Толықтай оқып, жазып-сызбастан, ойлану;
- Жауапты қай жерге жазу керектігіне мұқият болу;
- Тапсырманың шартын, нені табу керектігін анықтап алу; Бұл жерде сыныптар бойынша тапсырманы орындау шарттары да өзгеріп отырады. Мәселен, бірінші сыныпта ұсынылған жауаптан дұрыс жауапты таңдау сияқты талап қойылса, ал төртінші сыныпқа қарай оқушыдан жауапты өзі тауып жазу талап етіледі. Әдетте, бастауыш сынып олимпиадаларының сұрақтары пәндер бойынша сұрыпталмайды, математика, дүниетану, әдебиет бойынша тапсырмалар ортақ беріледі. Тақырыптары бастауыш сынып бағдарламасына сәйкес мынадай болып келеді: афоризмдерді, мақалдарды жалғастыру, елдер және халықтар, теңіздердің, мұхиттардың және т.с.с. атауы, табиғат маусымдары, жануарларды жіктей білу, өсімдіктерді топтастыра білу, жемістер мен жидектерді ажырату, ертегі кейіпкерлері, математикалық есептеулер және т.с.с.
- Орындау.
Қорыта айтқанда, бастауыш сыныптарға арналған олимпиадалар оқушылардан жоғары сыныптағыдай білімнің тереңдігін талап етпейді, олар баланың бастапқы алған білімін бекітуге, есте сақтау қабілетін, зейінін дамытуға бағытталады. Сондықтан жоғарыда тізбектелген оқыту әдістерін пайдалана әрі ата-аналармен баланы ынталандыруға бағытталған жұмыстар кешенін жүргізе отырып, тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болады. Қазіргі кезде ғаламтор желісі арқылы қашықтықтан тақырыптық олимпиадаларға қатысып, оқушыларды шыңдауға, білім алуға үйретуге, машықтандыру әбден мүмкін.
Б.К. АЛИМЖАНОВА,
А.К. БИРЖАНОВА,
бастауыш сынып мұғалімдері,
«Мамандандырылған музыка мектеп-интернаты» КММ,
Қарағанды қаласы