Home » Мақалалар » БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ПАТРИОТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ПАТРИОТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

«Отанды сүю отбасынан басталады» деп ұққан ата-бабаларымыз отансүйгіштік қасиетті ата-ана, ауыл-аймақтың, елінің намысын қорғауды өз ұрпақтарына бірінші парыз ретінде ұқтырып өсірді. Ұлттық тәрбие барынша елін, туған жерін сүюге бағытталған. «Туған елің болмаса, тумай-ақ қойсын күн мен ай», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Туған жерге ту тігу – елім деген азаматтың борышы», «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас», — деп жас кезінен еліне деген сүйспеншілік сезімін бойына сіңіруге тырысқан. Яғни, ер – ар-намыс, азаматтық қасиетті үнемі жоғары ұстап, қажетті жерде қауіп-қатерге өз басын тігіп батыл іс-әрекетке бара алатын адам. Ердің іс-әрекеті бейбіт кезде де, соғыс кезінде де ел, жер мүддесі үшін қауіп-қатерлі істерге, ерекше қимылдарға бару іс-әрекеті екенін түсіндіре отырып, оқушылардың патриоттық құндылықтарын қалыптастыруға болады, — деген түйін жасаймыз. Философиялық сөздікте: патриотизмге (гр. Patris-отан) – адамгершілік және саяси принцип, әлеуметтік сезім, оның мазмұны – Отанға сүйіспеншілік, оған адалдық, оның өткені мен қазіргісіне деген мақтаныш, Отан мүддесін қорғауға құлшыныс» – деген анықтама берілген. Патриотизм адамның мыңдаған жылдар бойы бекіген ең терең сезімдерінің бірі. Туған жерге, елге, тілге, салт-дәстүрлерге адал болып, олардан қол үзбеу түрінде патриотизмнің тарихи элементтері көне заманда — ақ қалыптаса бастаған. Жоғарыдағы анықтамаға сүйенсек, патриотизмді адамгершілік қағидаларынан бөліп қарауға болмайды. Көп ұлтты Қазақстан үшін отансүйгіштік сезімінің рухани саладағы тату-тәтті тірлік, азаматтық келісімге ғана емес, мемлекеттің материалдық негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар. Отансүйгіштік рух – қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер қатарына қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Ұрпақ тәрбиесін келешек қоғам қамын ойлау тұрғысынан қарастырып, М.Дулатов: «Бастауыш мектепте алған тәрбиенің әсері күшті, сіңімді болуы қай халықтың мектебінде болса да, оқу кітапшасы ана тілінде өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғатынан жазылып, баяндап оқытуды, осылай біліп баяндап оқытқанда, жас баланың ойына, қанына сүйегіне, керекті мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген рухы жасымайды. Қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық көрсе де ұлт болып қалады»,- деген болатын. Олай болса, оның алғышарты бастауыш сыныптардан қаланатынын ескерген жөн, — деп санаймыз. Автордың пікіріне сүйене отырып, патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда адамның ұлттық ерекшеліктерін сақтауға бейімділігі, өзінің ана тіліне деген сүйіспеншілігі, тарихи дәстүрі, мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, тұрып жатқан территориясы, шыққан тегін сезінуі қажет. Ж.Аймауытов: «Табиғаттану пәні бойынша мектеп бағдарламасын балалардың ұғымына лайықтап төңіректегі өмірді, табиғатты бала өз бетімен қолма қол айырып, танырлық түрде жасау керек. Мектептің міндеті: алдымен төңіректегі нәрселерге қызықтырып, баланың махаббатын арттыру. Ондай оқу баланы жергілікті өмірмен жақындастырады, айқастырады. Балаға ең алдымен қымбат, ең жақын нәрсе – туған жері: туған жерінің табиғатын оның құбылыстарын білу, балаға өте қызық. Мұның сол заманның өзінде де балаларды елін, жерін танып білуге, оны сүюге, оған қамқорлық жасауға, қорғай білуге баулудың негізін бастауыш мектептен бастау» — деген құнды ой-пікір жатқанында деп тұжырымдаймыз. Туған жерді айнала қоршаған ортаны оқушы бастауыш сыныптарда дүниетану мен жаратылыстану пәндерінде табиғаттың, адам өмірінің, шаруашылықтың, өндірістің жеке тұлғалардың өмірі арқылы танып біледі. Осының негізінде оқушылардың өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптасады, әрине бұл патриоттық құндылықтың негізі болып табылады. Бұдан Отанға, яғни, туған елге, жерге деген сүйіспеншілік, оны қорғауға деген батылдық, ерлік сияқты сапаларды оқушы санасына кіші мектеп жасынан бастап, қалыптастыруды іске асыру керек, — деген қорытынды жасаймыз. Бастауыш сынып оқушыларының эмоциялық сезімін дамыту оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында Отанға деген сүйіспеншілік, туған тіліне деген құрмет, ар-ождан т.б. іске асыруға болады. Мысалы: «Туған жерім — Қазақстан», «Тәуелсіздік тұғыры», «Наурыз – жыл басы», «Ана тілім — арым бұл», «Астана –бас қала» және т.б. тақырыптардағы тәрбие сағаттарын ұйымдастыруда атап өтуге болады. Сонымен қатар бастауыш сыныптарда рухани құндылықтарды бойына сіңірген тұлға қалыптастыру мақсатында оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде жүзеге асырылады. Атап айтсақ: әдебиеттік оқу пәнінде салт-дәстүр, бабалар өмірі ұрпақтарға өнеге және т.б. бөлімдерде толыққанды ашылып, патриоттық құндылықты қалыптастыруға негіз болатын тақырыптар арқылы іске асырылады.

Құндылықтарға бағытталу – ол тұлғаның өз әрекетінде жетекшілікке жекелеген құндылықтарды таңдап алу (құндылықтарда бағдарлану қабілеттілігі) қабілеттілігі (қасиеті), және оларды өзінің әлеуметтік маңызды құндылықтары ретінде сезіну және қабылдау қабілеттілігі. Құндылықтарды жүзеге асыру дегеніміз — құндылықтардан шығатын талаптарға сай болу және күнделікті өмірді сол талаптарға бағындыру. Құндылықтардың мәні қоғамда сәтті әрекет ету үшін қажетті ережелерді, дағдыларды, өмір салтын, жүріс-тұрысты қалыптастыруда көрініс табады. Құндылықтар – қоғам қолдайтын және адамдардың көпшілігі мойындайтын белгілі нысандардың және құбылыстардың, адамдық қасиеттер мен өзін-өзі ұстау ережелерінің тұлғалық және әлеуметтік-мәдени маңыздылығы. Құндылықтар тұлғаны ынталандырудың өте маңызды факторы ретінде жүріс-тұрыс пен іс-әрекеттерді бағдарлайды. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының құндылықтары орта білім беру құндылықтарының негізі болып табылады. Қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік, құрмет, ынтымақтастық, еңбек пен шығармашылық, ашықтық және өмір бойы оқып-үйрену — орта білім берудің құндылықтары ретінде белгіленеді. Бастауыш сынып оқушыларының бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру барысында олардың ұлттық рухы, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімі, тұғалық тұрғыда қалыптасу қуаты арта түседі. Осы орайда бастауыш сынып оқушыларының патриоттық құндылықтарын қалыптастыруды мынадай бағыттарда ұсынамыз: — болашақ азаматтың бойында ұлттық сана-сезім орнықтыру үшін ең алдымен, өз тарихымызды және Қазақстан халықтарының тарихын білуі; — екінші, өз тілімізді – туған халқымыздың тілін білуі шарт; — үшіншіден, атадан-балаға, баладан немереге, немереден ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды білген жөн. Ол да – тарих, зерделей білсек, олжа ұрпақты патриотизмге баулиды; — төртіншіден, өткен тарихымыздың жақсылықтары мен игі тағылымдарын сақтау, ерлік дәстүрлерін үлгі ету; — бесіншіден, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру, оқушылардың ұлттық мақтаныш сезімін ояту; — алтыншыдан, тарихи және мәдени ескерткіштерді, өлкетану материалдарын терең меңгерту негізінде патриоттық құндылықтарын қалыптастыру қажет. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша даярланған оқу-әдістемелік кешендерде патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға арналған тақырыптарда: Қазақстан тарихы: тәуелсіздік, мемлекеттілік және патриотизм деп аталып онда еліміздің өткені мен бүгіні туралы, тәуелсіздік тұғырының биіктігін бейнелейтін, Қазақстан халықтарының достығы, еліміздің бейбіт өмірін паш ететін көріністер, мерекелердің маңызын түсіндіріледі. Берілген тақырыптарды түсініп оқып қана қоймай, ой бөлісуде және дескриптор бойынша қойылған сұрақтарға, өмірмен байланыстыра баяндайды. Оқушының өз Отаны туралы, ондағы бейбіт өмірді, татулықты, басқа ұлт өкілдері туралы білетіндерін, күнделікті көріп жүрген тіршілік пен байланыстыра айтқызуы қадағаланады. Бұл тақырып мазмұнын кеңінен ашуға оқушылардың логикалық ойлау қабілетін шығармашылықпен дамытуға ықпал етіп, патриоттық сезімін оятып, өз Отанына деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуге ықпал етеді. Қорыта келгенде, бастауыш мектеп оқушыларының патриоттық құндылықтарын қалыптастыру тұлғаның табиғи жаратылысы мен арнайы ұйымдастырылған оқыту мен тәрбиелеу үдерісінің негізінде тұлғаның ұлттық санасын, сезiмiн, мiнез-құлқын дамытуға бағытталған мақсатты, жүйелi, жоспарлы жүргiзiлетiн жұмыстың нәтижесі болып табылады.

 

Нурадинова Маржан Файзуллаевна
«№102 ЖББМ» КММ бастауыш сынып мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.