Соңғы уақытта табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет. Өйткені бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әр түрлі салада қолдана білуін талап етеді. Бастауыш сыныпқа арналған жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттары оқушыларды шынайы проблемаларды анықтап зерттеуді, қарым-қатынас жасау дағдылары: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, проблемаларды шешу және анықтамалық материалдарды зерделеумен байланысты дағдыларын дамытуға көмектеседі. Оқушылар бастауыш сыныпта оқытылатын әр пәндік саланы түсінетіндігін көрсете отырып, алдағы уақытта осы білімдерін басқа жағдайларда қолдана білулері қажет. Сондықтан оқушыларды өз білімдерін кез келген жағдайда қалай бейімдеу керектігін біліп, болашақта кездесуі мүмкін кез келген күрделі тапсырмаларды шешуге икемді болуға баулу маңызды болып табылады.
Зерттеушілік, ізденушілік – бала табиғатына тән құбылыс. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез. Зерттеу білігі мен дағдысы тек ғылыммен айналысатын адамға ғана емес, сондай-ақ әр адамның түрлі саладағы қызметіне қажет. Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйде емес, өзі ашады.
«Жаратылыстану» пәні бойынша білім беру бағдарламасында ғылыми-зерттеу жүргізу дағдылары мен біз өмір сүретін әлем туралы білімге ерекше назар аударылған. Мен зерттеушімін, Тірі табиғат, Заттар және олардың қасиеттері, Жер және ғарыш, Табиғат физикасы сияқты оқу бөлімдерін зерделеу оқушыларға мынандай дағдыларды қалыптастырып дамытуға көмектеседі: зерттелетін тақырыпты таңдау; сұрақ қойып, оған жауап беру тәсілдерін табу; зерттеу жүргізу жоспарын құру; болжам жасау; сұраққа жауап беру үшін зерттеу жүргізу, зерттеу нәтижесінде алынған түрлі деректерді жинау, өндеу және түсіндіру. Бұл пән биология, химия және физика пәндерінің негізін қалайды. Сонымен қатар терең білім алып, пәнді түсіну үшін жоғары деңгейлі дағдыларды қалыптастырып дамытуға көмектеседі. Зерттеуге негізделген оқу бастауыш сыныптарда оқытылатын кез-келген пән үшін негіз бола алады. Пән бойынша негізгі көзделген мәселе зерттеу болған жағдайда, мұғалім көмекшіге ауысып, басты рөлге оқушы шығады.
Ғылыми әдебиетте зерттеуге негізделген оқыту мен оқуға арналған үш негізгі тәсіл сипатталған:
- Құрылымдалған зерттеу
- Мұғалімнің жетекшілігімен жүргізілетін зерттеу
- Ашық зерттеу.
Зерттеуге негізделген оқу барысында оқушылар, қажет болған жағдайда мұғалімнің көмегімен, идеяларды түсіндіру, талқылау, оларға қарсы шығу және өз ойларын қайта қарау арқылы пікірталасқа араласа отырып, белсенді рөл атқарады. Дәлелдеу үдерісі зерттеуге негізделген оқу тәсілін толықтырады. Зерттеу тақырыбы белгіленгеннен кейін мұғалім оқушыларға шағын топтарда жұмыс істеп, сурет, диаграмма, график немесе алгоритмдерді пайдалану арқылы зерттеу немесе проблеманы «елестетуді» ұсынады. Содан кейін оқушылар өз ақпаратын басқа топпен немесе топтармен «салыстыруы» керек. «Түсіндіру және дәлел келтіру» деп аталатын келесі кезең оқушыларға өздерінің көзқарастарын түсіндіруге, түзетуге, ретке келтіріп, кез келген қате пайымдауларды анықтауға мүмкіндік береді. Әрбір топ идеяларды талқылау және «мақұлдау» үшін барлық сыныпқа өз шешімдерін ұсынады.
Зерттеуге негізделген оқуды сыныпта қолданудың көптеген тәжірибелік модельдері бар. Мұғалімнің жетекшілігімен жүргізілетін осындай зерттеу модельдерінің бірі «Әлеуметтік ықпалдастырылған зерттеу моделі» деп аталады. Модель әртүрлі 7 зерттеу кезеңін қамтиды:
- Ретке келтіру
- Зерттеуге дайындық
- Зерттеу
- Сұрыптау
- Алға ілгерілеу
- Байланыс орнату
- Шара қабылдау
Ретке келтіру кезеңінде оқушыларға тақырыппен жұмыс істеуге мүмкіндік бере отырып оларды қызықтыратын мәселелерді анықтау. Зерттеуге дайындық кезеңінде осы тақырып бойынша бұрыннан белгілі нәрселерді анықтау және жұмыс істеу бағыты мен нысанын белгілеу жаттығулары орындалады. Зерттеу кезеңінде «Біздің нақты нені білгіміз келеді?», «Бұны істеудің ең үздік жолы қандай?» және «Ақпаратты қалай жинаймыз?» деген сұрақтар түрлері қолданылады. Сұрыптау кезеңінде оқушылардың жинақталған ақпаратты өндеуіне және әртүрлі тәсілдермен таныстыруына мүмкіндік беріледі. Алға ілгерілеу кезеңінде тақырып аясын кеңейтіп, оқушылардың тақырыпты түсінгенін тексеру мақсатында «Біз қандай қорытындыларға келдік?», «Оларды қандай дәлелдермен негіздей аламыз?» деген сұрақтарға жауап алынады. Байланыс орнату кезеңінде оқу үдерісінің барысы туралы және не үйренгені туралы рефлексия жасауына мүмкіндік беріледі. Ең соңғы кезең шара қабылдау кезеңінде оқушыларға өздерінің түсінігі мен өмірлік тәжірибесінің арасында байланыс орнатуға көмектесу жұмысын жүргізіледі. Бұл зерттеу моделі арқылы оқушылар терең білім алып, пәнді түсіну үшін қажетті жоғары деңгейлі дағдыларды қалыптастырып дамытуға ықпалын тигізеді.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін, дарынын ашу және әрбір оқушының өз мүмкіндіктерін, қабілет және икемділігін таныта білуіне жағдай жасау – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Ендеше мектепте оқушыны ізденушілікке баули отырып ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына көмектесу ең басты қажеттіліктің бірі десек артық болмас.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
Мектептке дейінгі тәрбие және бастауышта
білім беру кафедрасының аға оқытушылары:
Н.Ж.Курмашева, Б.О.Махадиева
Жамбыл облысы Тараз қаласы