Бүгінгі таңда еліміздің Президенті Н. Назарбаев отандық білім берудің алдына жоғары талап қойып отыр. «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім керек» деп көрегендікпен айтып өтті.
Қазіргі өмір талабы – оқушыларды іздендіру, сол арқылы өз беттерімен еңбектенуге дағдыландыру. Оқушылардың тіл байлығы молайса, ой қабілеті шынықса, білім көлемдері де артады, тереңдейді, сапалы, тиянақты болады. Мен осы орайда сабақтарымда қолданып жүрген әдіс-тәсілдер мен дидактикалық ойындарымен бөліскім келеді.
Дидактикалық ойындардың басқа ойындардан ерекшелігі, оның негізгі мақсаты – баланы оқыту, олардың ойлау қабілеттерін жаттықтыру және дамыту болып табылады
Дидактикалық ойындарға анықтама беретін болсақ: дидактикалық ойындар дегеніміз балаларға белгілі бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс-әрекет.
Дидактикалық ойындар балалардың ақыл-ойын дамытады. Оқушылар ойынның ережесін орындау барысында ойды, қиялды, есті дамытуға ықпал етеді. Дидактикалық ойын арқылы дүниені тану басқаша болады, ол күнделікті оқуға ұқсамайды, мұнда қиял-ғажайып та, жауапты өз бетінше іздеу де, жаңаша көзқарас та, білімді толықтыру мен кеңейту де болады әрі жекеленген құбылыстар арасында өзара байланысты, ұқсастықты және айырмашылықты ажырата бастайды. Ал ең бастысы, оқушыларды еш қинамай, өздерінің қалауы бойынша дидактикалық ойын арқылы оқу материалын әртүрлі тұрғыдан бірнеше рет қайталауға мүмкіндік туады. Сонымен бірге дидактикалық ойын өзара жарыстыру арқылы мүмкіндігін туғызып, оқушыларға білімдерін әртүрлі жағдайда қолдануға негіз береді. Сондықтан дидактикалық ойын – бастауыш сынып оқушыларын оқытудың ақыл-ой белсенділігін тәрбиелеудің маңызды құралы болып табылады.
В.А. Сухомлинский «Оқытудың табыстылығы мектептегі мұғалімдердің рухани өміріне, ой-өрістерінің кеңдігінде, мәдениеттілігіне байланысты». Шынында оқушылардың білімділігі тікелей мұғалімге байланысты.
«Қазақ тілі» пәні бойынша жүргізілетін жұмыс түрлері;
1.Оқушыларға кейбір сөздері қалдырылып кеткен мәтін беріледі. Сол сөздерді мағынасы бойынша тауып, орнына қойып, жазу керек.
2.Тыныс белгілері қойылмаған мәтін даярлап, оқушыларға ұсынылады. Олар сөйлем жігін ажыратып, тыныс белгілерін қояды. Мәтіндер әр түрлі жанрда болады (қара сөз, өлең, мақал-мәтел, т.б)
3.Бір шумақ өлеңнің жолдарын ауыстырып қоямын. Мазмұнына қарай әр жолды орнына қойып, өлеңді дұрыс құрастыру керек.
4.Бір тақырыпқа байланысты белгілі сұрақтар жазып қоямын. Сол сұрақтарға жауап беру арқылы әңгіме құрастырады және ат қояды.
5.Тиісті тақырыпқа байланысты әңгіменің 2-3 сөйлемін бастап жазып қоямын. Сол әңгімені жалғастырып, аяқтау керек.
6.Мәтін беріледі. Сол мәтіннің жанрын анықтап, басты кейіпкерлерді тауып, мінездеме беруге, жоспар құруға үйретемін.
7.Тақтаға әріптердің орындары ауыстырылып берілген сөздер жазамын. Олардан мағыналы сөздер құрастыру керек. Мысалы: Тано – Отан, қақаз – қазақ, Атанас – Астана т.б
8.Буын ұйқасын тап:
Қа-қа-алтын сақа
Ра-ра-шашыңды тара
У-у көгілдір ту
Са-са-қара маса т.б
9.Сөз ұйқасы бойынша өлең құрастырамыз;
———-жайнаймыз,
———-ойнаймыз.
———-сайраймыз,
———-қалмаймыз.
- «Қос буыны да бір сөз» әдісі бойынша 1 сөздің қайталануынан жасалған сөздерді атау; Мысалы: сеңсең, бұлбұл, зәмзәм, баба, т.б.
11.«Диалог-ертегі». Бұл әдісте мұғалім ертегінің немесе әңгіменің бірінші сөйлемінен бастап береді. Әр оқушы 1 сөйлемнен қосып отырып, сыныптағы оқушы санына сәйкес сөйлемнен тұратын ертегі құрастырады.
12.«Сұрақ-жауап» әдісі. Бұл әдіс бойынша оқушылардың мақал-мәтелдерді қалай игергенін тексеруге болады.
Мысалы: 1. Әдепті бала қандай бала?
- Кімнің ертеңі бітпес? т.б.
Жоғарыда баяндалған дидактикалық тапсырмаларды орындау кезінде оқушылар ізденгіштікке, тапқырлыққа, қысқасы, шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыланады. Оқушылардың болашақта жан-жақты дамыған, іскер, білімді, мәдениетті, еңбексүйгіш азамат болып дамуына ең басты жауапкершілік мұғалімге жүктеледі. Сондықтан осы міндетті дұрыстап атқару жолында маңдай терін аямай төгу – әр ұстаздың міндеті.
Иман Гүлжәмилә Молдабекқызы
№49 орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Астана қаласы