Бүгінгі бөбек – ертеңгі азамат – қоғам иесі. Балғын бөбектерге ең алғаш жол көрсетуші, бағыт беруші – бастауыш мектеп мұғалімдері. Ақ жүрек балғын бөбектерге білім мен тәрбие есігін ашу бастауыш мектеп мұғалімдеріне абыройлы да жауапты жұмыс жүктейді.
Көрнекті қоғам қайраткерінің бірі Н.К. Крупская: «Балаларды өздігінен жұмыс істеуге үйретудің төтенше қажет нәрсе екендігін, техниканың ғылымның алға басып өркендеуі, жаңадан пайда болған проблемаларды ойланып шеше білудің қажеттігі адамның өздігінен үйреніп, білімін толықтырып отыруын талап ететіндігін, жасөспірім ұрпағымызды өздігінен жұмыс істеуге үйрете білуіміз керектігін» — көрсеткен болатын.
Мектеп оқушыларының өз бетінше жұмыстарын ұйымдастырудың басты формасы – жұмыстарды орындау, ептілік, іскерлік, шеберлік дағдысын дамыту. Бұл үшін төмендегідей тиісті талаптарды орындауға тура келеді:
Өз бетінше істелетін кез-келген жұмыстың нақты мақсаты болу керек. Әрбір оқушы жұмыстың орындалу тәртібін жетік білу керек.
Өз бетінше жұмыс оқушылардың бойындағы танымдық қабілетін, шығармашылық ойлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жұмыстың мазмұны оқушының қызығуын, талпынысын оята білуі тиіс. Яғни оның тілегі жұмыстың соңына дейін бәсендемейтіндей болуы керек.
Өз бетінше жұмысты оқушылар еңбек дағдылары мен әдістерін жетік игеріп түсетіндей етіп ұйымдастыру қажет.
Өзіндік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерінің бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары.
Өзіндік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.
Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:
1. Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;
- Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;
- Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;
- Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.
Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:
а) мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;
ә) жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;
Өзіндік жұмыстың түрлері сан алуан. Оларды топтастыру — күрделі мәселе. Оның жиі кездесетін бір тобы – сабақ мақсатына қарай қолданылатын жұмыс түрлері:
а) Жаңа білімді меңгеру (материалды жан-жақты талдау, мұғалімнің ауызша баяндауының жоспарын, конспектісін жасау т.б. тәсілдерге үйрену).
ә) Жаңа білімді бекіту (түрлі жаттығулар, есеп шығару, түрлі жазбаша, графикалық, практикалық т.б. жұмыстар).
Өзіндік жұмысқа мынадай талаптар қойылады:
1) Тапсырма әрбір оқушының білім деңгейіне байланысты таңдалуы керек.
2) Өзіндік жұмысты орындауға жеткілікті уақыт берілуі керек (8-15 мин. ұзақ болмайды).
3) Міндетті түрде тексерілуі керек.
4) Жұмыс сабақтың мақсатына байланысты (жаңа материалды қабылдауға, өткен материалды бекітуге, қайталауға, білімді тиянақтауға) таңдалады.
5) Өзіндік жұмыстың мақсаты, орыдау әдісі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.
6) Өз бетімен жұмысқа оқушылар білім деңгейіне байланысты әр түрлі уақыт жұмсайтынын ескеріп, тақтаға не карточкаға қосымша материалдар дайындап әкелу керек.
7) Ескертпе, түсініктеме-карточкалар, перфокарталар дайындау қажет.
Оқушыларға өзіндік жұмыс ретінде пәндер бойынша мынадай тапсырмалар беруге болады.
Қазақ тілі сабақтарында – түрлі жаттығу жұмыстарын орындау, қима қағаздармен, перфокарталармен жұмыс, сурет бойынша сөйлем, әңгіме құрау, сөздіктермен жұмыс тапсырылады. Мысалы, мұғалім грамматикалық талдау жасауға сөз, сөйлем немесе мәтін береді. Жоспар жасатады (әуелі ауызша, сонан соң жазбаша жоспар жасатады). Мұндай жаттығуларды балалар өздіктерінен орындағанымен, оның қалай орындалатыны көрсетіліп, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Балалар бір тапсырмадан кейін екіншісін орындайды, олар жұмыстарын өздіктерінен тексереді, қалай орындағандарын мұғалімге айтады. Негізінде қазақ тілі сабақтарындағы жаттығулардың барлығы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатуды көздейді. Алайда жаттығу ұғымы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатудан кеңірек. Жаттығу − мұғалімнің басшылығымен орындалатын, оқушылардың алған білімдерін бекітуді көздейтін тұтас тәжірибелік жұмыс. Жаттығуда уақытқа шек қойылмайды. Ал оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстарына белгілі мөлшерде уақыт беріледі.
Балалардың қазақ тілі сабақтарында өз беттерінше грамматикалық талдау жасауы төменгі сыныптардың өзінде-ақ іске асырыла бастайды.
1-сыныптың балалары оқу жылының екінші жартысынан бастап тақтадан, болмаса оқулықтан қысқа мәтіндерді көшіріп жазатын болады, кейбір сөйлемдерді бөліп, жеке айырып жазып қояды, мұғалім астын сызып көрсетіп берген сөздерді жазып алады, кеспе әріптерден сол сөздерді құрастырып, сөздің әрқайсысын буынға бөледі, мәтіннен көшіріп жазып алған сөздердегі дауысты және дауыссыз әріптерді көрсете алатын болады.
2-сыныптың балалары нәрсені, сапаны, әрекетті білдіретін сөздермен танысып болғаннан кейін, олар мәтінде кездескен сол сөздерді өз беттерінше тани біледі, оған өздерінше сұрақ қоя алады. Заттың атын, сапасын, әрекетін білдіретін сөздерді алдымен жеке-жеке, содан соң топтап жазады, ол сөздердің астын сызып қояды. Содан кейін заттың атын білдіретін сөздерді, оның сапасын болмаса әрекетін білдіретін сөздермен біріктіріп құрастырады. Сол сияқты 2-сыныпта сөздерді буынға бөлу, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстарды табу, сөз екпіні түсетін буындардың астын сызып қою, екпінді дауысты дыбыстарды табу балалардың өз беттерінше істейтін жұмыстары есебінде жүргізіледі. Сөздің түбірімен танысып болғаннан кейін балалар мұғалімнің оқып берген мәтініндегі біріне-бірі ұқсас сөздердің астын сызып, көшіріп жазуға дағдыланады. Балалар біраз уақыт дағдыланғаннан кейін сол түбірге ұқсас түбірлі сөздерді іздеп табуға жаттығады. Өз бетінше жұмыс істеудің бұл түрлері кейінгі сыныптарда да кеңінен қолданылады.
3 және 4-сыныптарда балалардың өз бетінше грамматикалық талдау жасауын ұйымдастыру кең өріс алатын болады. Балалар өз беттерінше сөзге морфологиялық, грамматикалық талдау жасайды. Жазбаша грамматикалық талдау жұмыстарын алғашқыда сызба бойынша өткізген қолайлы. Сызба балалардың зейінін тәртіпке келтіреді, сөз таптарының грамматикалық тұлғаларын есте сақтауға жәрдемдеседі және әртүрлі грамматикалық тұлғаларды өзара салыстыруға мүмкіндік туғызады. Сызбаны пайдаланбай мәтінді жазбаша грамматикалық талдау жасау көбінесе бақылау жұмыстары сияқты болып жүргізіледі. Балалардың өз беттерінше қандай да болсын грамматикалық талдау жасау түрлері грамматика және орфография сабақтарының бір бөлімі болып өтуге тиіс.
Оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстары бастауыш сыныптарда ұзақ болмауы керек және көлемі шағын, мазмұны оңай болуға тиіс. 2-сыныпта − 5-10 минут, 3-сыныпта − 10 минут, 4-сыныпта 10-15 минуттық тапсырмалар беріледі. Мұғалім оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыс түрлерін, әр пәннің ерекшелігін ескере отырып, алдын-ала дайындауы керек.
Өздігінен орындайтын жұмыста ұйымдастыру − сабақтың ең күрделі кезеңі. Өйткені, жұмысты оқушылардың бәрі бірдей бір мезгілде аяқтамайды. Қазіргі кезде білім сапасымен оқушылардың жеке басының қабілетін дамыту қай кездегіден де өткір қойылып отыр. Ол үшін мұғалім оқытудың технологиялық жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалануы керек. Өз бетінше жұмысты ұйымдастыруда баланың жеке қасиеттерін ескеріп, жекелей, саралай оқыту әдісін пайдаланған дұрыс. Әдебиеттік оқу сабақтарында оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысын басқару ісі 1-сыныптан басталады. Ал, 3-сыныпта жүргізілетін жұмыстар 2-сыныпқа қарағанда мазмұны және көлемі жағынан күрделі болады. Оқушылардың өздіктерінен жұмыс істеу әрекеті бірден қалыптаспайды. Ол өте күрделі үдеріс болғандықтан, қарапайым сатыдан жоғары, күрделі сатыға қарай біртіндеп дамиды.
Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыстарының түрлеріне тоқтала кетсек: ертегілерге байланысты салынған суреттермен жұмыс, қима қағаздар түрінде жасалған шағын әңгімелерді өз беттерінше оқып мазмұнын айту, тақырыптардың авторлары (ақын, жазушылар) және олардың өмірбаяны туралы қосымша деректер, сюжетті суреттермен жұмыс, оқыған әңгімелері бойынша сурет салу, мазмұндама немесе шығарма жазу, тақырыпты өз бетінше аяқтау, бөлімдерге бөлу, ат қою, сұрақтарға жауап әзірлеу, газет, журнал материалдарымен жұмыс, сахналық көріністер әзірлеу сияқты жұмыс түрлерін тапсыруға болады.
Әр сыныпта өткізілетін сабаққа тиісінше уақыт бөлінуі оқушылардың өзіндік тапсырмаларды ұқыпты орындауына көмектеседі. Оқушыларға өздіктерінен жұмыс істету тек білімді бекіту үшін ғана емес, жаңа материалды түсіндіруде де қолданылады. Мысалы, мұғалім оқулықтан тиісті материалды оқытады, онда не айтылғанын, қалай қорытылуға болатынын ойлануды тапсырады немесе белгілі бір ережені оқытып, мысалдарды талдауға осы ережені қолдануды тапсырады. Ал, оқушылардың тапсырманы сыныпта, үйде өздігінен орындай білуі – оның бойында қалыптасқан білім, білік пен дағдылар сапасының сенімді көрсеткіші.
Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту мектепке сабақ және сабақтан тыс жүргізілетін сабақтар формасында жүзеге асырылады. Сабақтарда балалардың математикаға деген ынтасын арттыруға,олардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысын тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Пәнге деген ынтасы мен өз бетінше ойлай білу өзара тығыз байланысты. Сабақ балалар үшін қызықты өткенде, олардың оқу жұмысында да белсенділігі артып, өз бетінше жұмыс жасап, белсенділігін арттырғандығынан олардың пәнге деген ынтасы өседі. Оқушыларды өз бетімен ойлауға тәрбиелеп, математикаға деген ынтасын арттыру үшін оқыту әдістерін дұрыс таңдап алудың маңызы зор. Оқудың белсенді әдістерінің бірі – оқушыларға өз бетімен жұмыс істете білу.
Барлық сабақтың елеулі бөлігінде өз бетімен жұмыс істегенде оқушы жұмыстың мақсатын айқын түсіне білуі, оны орындауы, тексеруі және қателіктерді түзетуі сияқты өз бетімен істелетін жұмыстың жалпы әдістерін бірте-бірте игеріп алуы тиіс.
Оқушылардың сабақта өздігінен орындайтын жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін математика кабинеттерінде дидактикалық материалдар, үлестірмелі материалдар, баспа негіздегі дәптерлер, тағы басқа оқу құралдары жинастырылуы қажет. Дегенмен оқушыларға оқулықпен жұмыс істеуді үйретудің орны ерекше. Барлық ғылыми-техникалық білімнің көзі – кітапқа, оның ішінде оқулыққа оқушылардың сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру, олармен өздігінен жұмыс істеуді үйрету мұғалімнің басты міндетінің бірі. Әр сынып оқулықтары қажетіне орай орындалуға тиісті жаттығулармен, есептермен, практикалық тапсырмалармен, суреттермен қамтамассыз етілген. Өздігінен жұмыс істеуді оқушылардың сабақ үстіндегі қызметіне енгізу сабақтың құрылымына да, элементтеріне де әсерін тигізеді.
Өзіндік жұмыс үшін оқулықтан берілген жаттығулармен қатар көбінесе тақтаға жазылған, сондай-ақ қалталы полотноға белгіленген тапсырмалар ұсынылады. Өзіндік жұмыс үшін кейде тапсырма әрбір оқушыға жеке түрде беріледі. Бұл жағдайда тапсырмаларды әр оқушының шама-шарқын ескере отырып, сораптауға болады. Сонда жұмыстың өз бетімен орындалу дәрежесінің жоғары болуы қамтамасыз етіледі. Өзіндік жұмысты сыныпта жүргізу оқушыларға дағдыларын игертеді және олардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Өзіндік жұмыстарды жүргізгенде тапсырмаларды карточкалар бойынша ұсынған тиімді. Мұнда оқушылардың жеке дара ерекшеліктері және үлгерім деңгейлерін барынша ескеру мүмкін болады. Оқушыларды жалықтырып жібермес үшін, өзіндік жұмыс түрлерінің өзгермелі болғаны жөн.
Математикадан мынадай тапсырмалар жазуға болады:
а) оқытушының көрсеткен үлгісі бойынша орындалатын;
ә) оқытушыдан алған білім, білік, дағдыларын өз бетімен пайдалануды талап ететін, бірақ оқытушының басқаруын пайдаланған жағдайда;
б) алған білім, біліктерін басқа жағдайда пайдаланғанда;
в) оқушыдан ойлауды, шығармашылықты талап ететін байқау, талдау арқылы жаңа қорытынды, анықтамаға шығаруға болатын тапсырмалар.
г) арифметикалық амалдар кестесін есте сақтауға арналған;
ғ) есептеу тәсілдерін игеруге арналған:
д) ұқсастық пен айырмашылықты ажырату, талдауға арналған;
ж) белгілі бір түсініктемелердің арифметикалық амалдармен байланысына арналған;
з) байқау негізінде қандай да бір заңдылықты айыру;
и) дидактикалық ойындар, қызықты тапсырмалар.
Оқушылар өздігінен жұмыс істей білуі үшін, алдымен, мұғалімнің берген үлгісіне қарай еліктеу негізінде қарапайым тапсырмалар орындайды. Мұндайда жұмыстың мазмұнын жасау әдістерінің бәрін мұғалімнің өзі айтып береді, ал оқушы тек орындаушы ғана. Ал егер мұғалім оқушыға бәрін өзі айтпай, бұрын алған білімдерін қолдануға лайықты жағдайлар туғызатын болса, сол кезде оқушы өздігінен ізденіп, жаңа міндеттерді шешуге тырысады. Сондықтан мұғалім оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастырғанда, алдымен оларды өздігінен жұмыс істеуге дайындайтын жаттығулардан бастап, кейін мұғалімнің көмегімен жасайтын жартылай дербес, ең соңында толық өздігінен жасайтын жұмыстарға үйрету қажет.
Мұғалім оқушыларға шамалары келетіндей тапсырмалар ұсынады, онда жұмыстың мақсаты, оны бөлімдер бойынша орындау реті (өзін-өзі бақылау); мұғалім тексеру үшін алынған нәтижелерді әзірлеу, реттеу (кері информация) тәсілдері, жұмысты орындау мерзімі келтіріледі.
Мұғалім тапсырманың дұрыстығын, оқушылардың оның мазмұны мен нәтижесін қаншалықты түсініп меңгергенін анықтайды: Демек, мұғалім бақылаушы ғана емес, ұйымдастырушы да, оқушының өздік жұмысын тексеруші де. Мұғалім тапсырма арқылы олардың таным қабілетін бағдарламалайды, оны бір мақсатқа бағыттап, сапасын анықтайды.
Оқушылар тапсырма алады, меңгерген білім қорына сүйене отырып, оның мақсаты мен орындау тәсілдерін ойластырады және ең маңыздысы – жұмысты өздігінен орындау барысында алынуға тиісті нәтижелерді дағдарламалайды. Содан соң істелген жұмыстың дұрыстығын үнемі тексере отырып, тапсырманы бөлімдері бойынша орындайды. Алынған нәтижелерді реттеп әзірлейді (өзін-өзі бақылайды) және жазу жұмысы, цифрлар, сызулар, суреттер, модельдер т.б. тексеру үшін мұғалімге тапсырады. Оқушылардың оқу жұмысын, оқу әрекетінің жемісті болуы – оқу жұмысын тәсілдерін менгеруіне байланысты. Әсіресе бастауыш сыныптарда өзіндік жұмыстың маңызы зор.
Булатова Айнур Абаевна,
Солтүстік Қазақстан облысы
Ақжар ауданы
Талшық орта мектебінің
Бастауыш сынып мұғалімі