Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 18 ақпан 2005 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «ХХІ ғасырда білімі дамымаған елдің тығырыққа тірелері сөзсіз» делінген. Бұл мәселе жалпы білім беретін мектептерге байланысты айтылып тұрғаны белгілі. Кез келген мектептен толыққанды сапалы білім алған, оның бағдарламасын толық меңгерген оқушыдан болашақта жақсы маман білімді азамат шығары сөзсіз. Себебі, біз қадам басқан ХХІ ғасыр жан-жақты дамыған білімді, өз ісіне сенімді азамат тәрбиелеуді талап етіп отыр.
Бастауыш мектеп – оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Баланың кейінгі және болшақтағы білімі бастауыш буындағы білімінің сапалығына тікелей байланысты. Кіші мектеп жасындағы оқушылардың негізгі ерекшелігі- білімді қызығушылықпен алуы. Ол үшін оқу үрдісін бала талпынатындай және қызығатындай ұйымдастыру керек. Алдына қойған мақсатқа жету үшін мұғалім кез келген технологияны таңдауға ерікті. Білім беруде тиімді нәтижеге жету үшін оқыту әдістері мен құралдарын іріктеу, оқу үрдісін құру – мұғалім құзырындағы іс. Менің мақсатым өз сабақтарымда, тиімді технологияларды қолдану арқылы, оқушылардың іскерлік белсенділігін, дербестік әрекетін және шығармашылық қабілеттерін нығайту үшін жағдайлар жасай отырып, оқушыны жеке тұлға ретінде тәрбиелеу. Сабақ барысында ақпараттық ойын, дамыта оқыту, сын тұрғысынан ойлау технологияларының элементтерін қолданамын. Әр сабақта жеті модульді үндестіре отырып, сабақтарымды түрлендіріп өткізу барысында өзімнің тәжірбием шындалып, оқушыларымның да сабаққа деген қызығушылықтары артып, үнемі тұйық отыратын оқушыларым да ашыла бастағанын аңғардым. Бұл технологияларды қолдануда оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыруда алатын орны ерекше. Оқушының ойы шыңдалып белгілі бір жетістіктерге жетеді, танымдық белсенділігі, сабаққа деген қызығушылығы артады, өз бетінше талпынады. Мұғалімдердің алға қойылып отырған міндеттерінің бірі — оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру.
Бастауыш сыныпта көбірек қолданылатын технология — ойын. Ойын, өзіміз білетіндей, баланың басты іс-әрекеті. Сонымен қатар ойын – оқушылардың ойлау қабілеттерін арттыратын, оқу үрдісін қызықты етіп өткізуге әрі олардың көңіл күйлеріне әсерін тигізетін оқыту құралы. Дамыта оқытуды ұйымдастыруды балаға ақыл-ой әрекетін меңгертуге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту-сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім
мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас.Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы,бағалаушы емес,танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқасы. Тек осындай оқыту баланың көзін ашып, шығармашылығын дамытады. Дамыта оқыту жүйесіндегі мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделген. Олар ынтымастық, өзара сыйластық, түсінік сияқты қасиеттер. Баланы өз сөзін қорықпай, сеніммен айта алатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Ол үшін оның әрбір жауабы мұқият тыңдалып мақталады да, қатесі де түзетіледі. Қазіргі заманғы білім беру технологияларының бірі – ақпараттық интерактивті тақтамен сабақ өткізу. Ол оқушының пәнге қызығушылығын арттырып, интеллектуалдық, шығармашылық белсенділігін, дарындылығын дамыту факторларының бірі, сондай-ақ ұстаз үшін шеберлік пен сауаттылығын арттыра отырып, даму бағытына сәйкес іздемпаздылыққа үйрету құралы. Мен әр сабағымда жаңа тақырып өтер кезінде «Миға шабуыл» ретінде бейнежазба көрсете отырып, оқушыларды сыни тұрғыда ойландырып, сабақтың тақырыбын ашуға ықпал етемін. Ақпараттық оқытудың тиімділігін төмендегі бағыттарға бөлуге болады:
-білім, білік дағдыны игеру үшін қажетті қор ретінде оқушылардың саналы тәрбие, сапалы білім алуына жағдай жасайды,
-ақпараттық технология оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру тиімділігін арттырудың қуатты құралы болып табылады. Ақпараттық қоғамның негізгі талабы-оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық-құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдысын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Әр сабаққа дайындық – мұғалімнің ізденісінің нәтижесі, сабақты ыңғайына қарай түрлендіре түссе, әр сабақта жаңа әдіс-тәсілдерді қолданса сабақтың мазмұны ашылады. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Ахмет Байтұрсынұлы өз сөзінде «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек» деп айтқан.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан дамыту» СТО бағдарламасының қазіргі таңда білімді, білгенін өмірге пайдалана алатын шәкірт тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Сын тұрғысынан ойлау стратегиясы бойынша жүргізілетін жұмыста оқушыларға берілген сұрақтар арқылы кері байланыс жасай отырып, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау, ой-қиялын дамыту үшін «менің ойымша» немесе «меніңше» деген жауапқа дағдыландыру, әр түрлі жауапқа бірдей қарау, жақсысын мадақтау, нашар жауапты сынамау, әр баланың жауабын соңына дейін тыңдау керектігін естен шығармауымыз керек. Әр сабақ жеті модуль негізінде түрлендіре отырып өтілсе, оқушылардың білім сапасы жоғары нәтиже көрсететіндіктеріне сенімім зор.
Қорыта келгенде, сапалы білім – әрбір ұстаздың жемісі. Осындай берген біліміміздің жемісті болуы үшін баланы жаңаша оқытуды алға қою керек. Еліміздің дамуына үлес қосатын жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жарқыратып шығарып, биік шыңдардан көрінуіне өз үлесімізді қосу әр ұстаздың міндеті.
Әдебиеттер:
1.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Астана, 18 ақпан. 2005 жыл.
2. «Бастауыш мектеп» журналы. 2006 жыл.
3. Қазақстан мектебі №107.
Бейсембаева Г.С.,
КММ №59 ЖББО мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі,
Қарағанды қаласы