2018 жылдың 29 қарашасы Астана қ.
Жаһандық өзгерістер жағдайында әлеуметтік саланы және жұмысбастылықты дамыту мәселелері Астанадағы «Еңбек нарығының келешегі: жаңа мүмкіндіктер» атты форумда талқыланды
Форумды Қазақстан Республикасындағы «Шетелдік кеңесшілердің қазақстандық кеңесі» қауымдастығымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасы Үкіметі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырды.
Форум жұмысына Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдар мен консалтингтік компаниялардың өкілдері, халықаралық және қазақстандық сарапшылар, ірі қазақстандық жұмыс берушілер және шетелдік инвесторлар қатысты.
Форум делегаттары әлемдік еңбек нарығындағы сын-тегеуріндердің ұлттық нарықтарға, жаңа жұмысбастылық түрлеріне және әлеуметтік қорғау жүйесін бейімдеуге ықпал ету сценариін бағалады. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс жағдайында еңбек нарығының инфрақұрылымын цифрге көшіру және кадрларды даярлау жүйесінің түбегейлі өзгерістен өту мәселелері де кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, еңбек қорларының мобильділігі және шетелдік таланттардың келіп қосылуы, инклюзивтілікке бағытталған белсенді жұмысбастылық саясатын дамыту, нысаналы топтарды қолдауға арналған жаңа құралдар әңгімеге арқау болды.
Форум барысында халықаралық ұйымдардың өкілдері еңбек нарығына өзгерістер әкеліп жатқан жаһандық беталыстар жайлы ақпарат берді. Әлемдік тәжірибесі мол сарапшылар әлемдік трендтердің дамыған және дамушы экономикаларға ықпал етуіндегі айырмашылық жайлы әңгімеледі. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесі негізінде жұмысбастылық, білім беру және дұрыс әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету саласындағы өзгерістерді басқару бойынша жоспарлар мен тәжірибелер таныстырылды.
Форум аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Дүниежүзілік банктің техникалық және қаржылай қолдауымен жүзеге асырып жатқан «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Секцияға қатысуышлар заманауи технологиялардың халықаралық және жергілікті контекстіде әртүрлі еңбек дағдыларына деген сұранысқа әсерін, 21 ғасырда қажетті дағдылар мен біліктіліктерді қалыптастырудағы білім берудің рөлін талқылап, Қазақстан еңбек нарығында тепе-теңдікті қалыптастырып жетілдіру үшін Ұлттық біліктіліктер жүйесін дамыту қаншалықты маңызды екендігін атап өтті.