Баратова Гүлмарал Дүйсенбайқызы,
ОҚО, Кентау қаласы,
«Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасы
саз жетекшісі
Қош келдің, әз Наурыз!
Мерекеге орай әсем безендірілген залда, киіз үй жабдықтары, қазақтың ұлттық тағамдары. Ортада Ата мен Әже отырады. «Күй» әуенімен залға ұлттық киім киген екі жаршы атпен шауып келеді.
Мақсаты:Балаларға наурыз мерекесі жайлы түсінік беру.Халқымыздың салт-дәстүрлерімен таныстыру.Ұлттық мерекелерді құрметтеуге, әдет-ғұрыпты сақтауға,қастерлеуге тәрбиелеу.Қиялын қызығушылық сезімдерін,тіл байлығын дамыту.
Азамат
Уа ағайын туысқан,
Наурыз күні туды шығыстан.
Сол тойға келдім шақырып,
Ат терлетіп алыстан.
Ақ түйенің қарны жарылды,
Наурызды елім сағынды.
Асығыңдар сол тойға,
Барлық жұрт мұнда ағылды.
Махамбет
Мерекені байырғы,
Алды халқым қабылдап.
Ошақта от жалындап,
Наурыз тойы салтымыз.
Аман болсын халқымыз,
Ұлыс оң болсын,ақ мол болсын!
Наурыз тойына келіңіздер.
Залға «Наурыз» әнімен балалар мен жүргізуші кіріп келеді.
Жүргізуші: Армысыздар ардақты әлеумет ! Жер ананың тоң кеудесі жібіп,самарқанның көк тасы еріген қасиетті наурыз айы туғанда амандықпен қайта қауышқан күніміз құтты болсын ! Наурыз елімізге құт береке әкелсін!
Наурыз тойы — елдің тойы,
Көктем тойы – төлдің тойы.
Ақ шағала аппақ үйлер,
Араладым күні бойы.
Оятып шың мен асқарды,
Ерітіп мұз бен ақ қарды.
Нұрландырған даланы,
Наурыз көктем басталды.
Балалар бізге сонау ауылдағы Ата мен Әжеден хат келді. Ата мен Әже ауылға наурыз тойын тойлауға шақырады. Балалар наурыз тойын тойлауға ауылға барамыз ба?
Балалар: Ия
Дарын:
Мен Ата мен Әжені катты сағындым,барайықшы ауылға.
Жүргізуші; Олай болса тездетіп,пойызға мініп ауылға барайық.
Балалар ауылға көңіл көтеріп ән айтып,би билеп барсақ қалай
қарайсындар.Келісесіңдерме?
Балалар:Ия
Пойыз дыбысы қойылып артынша әнші Серік Ибрагимовтың
«Жүрдек пойыз» әні қойылып балалар «Флешмоп» билейді.
Ауылға пойызбен келіп, Ата мен Әже қонақтарды қарсы алады.
Жүргізуші:Сәлеметсіздерме, ата әже қалдарыңыз қалай?
Ата:Амансыңдар ма, қарақтарым.
Әже:Қош келдіңдер құлындарым,төрлетіңдер. Әй, қызым қаладан келген немерелеріме, тәтті дәмділерді әкел. Ыстық бауырсақ әкел.
Жүргізуші:Ата Әже біз сіздерге қаладан сәлемдеме алып келдік (Балалар қағаз картоннан өздері жасаған оюды, сыйға тартады).
Ата:Рахмет қарақтарым.
Әже:Өркендерің өссін, боталарым.
Жүргізуші:Ата Әже біз сіздерге құр алақан келгеніміз жоқ.Біздің балалар өте өнерлі,әні мен билері бар сіздерге көрсететін.Қане, балалар, Наурыз туралы ән айтып берейік.
Ән: «Наурызым армысың».
Жүргізуші:Жарайсыңдар балалар.
Осы кезде аттың жүрген дыбысы естіледі (Атпен шауып бай келеді).
Жүргізуші:Балалар алыстан ат арылтып қонақ келе жатқан сияқты.
Сәлеметсіз бе,байеке?Қош келдіңіз төрлетіңіз.
Ата:Қайдан келесің, байеке?
Бай:Алдар осы ауылға қарай кетті деген соң, оның мықтылығын көрейін деп келдім.
Ата:Е-е-е Алдар әле келген жоқ. Келіп қалар дастарханнан дәм ала отырыңыз.
Жүргізуші:Байеке біздің балалар шетінен өнерлі,өнерін тамашалаңыз. Біздің наурыз туралы тақпақтарымызды қабыл алыңыздар.
Жүргізуші: Мың бұралып билеген,
Ұлдарды кім сүймеген.
Өнерлі біздің ұлдарға,
Кімдер басын имеген -деп Байеке батыр ұлдардың орындауында «Тұран далам» биін тамашалаңыздар.
Би: «Тұран далам»
Бай:Көрейік кәне өнерлерін.
Бай:Тфа-Тфа ақсақал немерелеріңіз шетінен өнерлі екен,Сен нағыз бай екенсің.
Әже:Байеке сізді пайдаланып немеремнің тұсауын сізге кестіріп алайын.Немерем сіз сияқты ел басқаратын ,дәулетті азамат болсын деп ырымдап отырмын.
Бай:Жарайды кессем кесейін.
(осы кезде екі қыз жетектеп кішкентай баланы алып келеді.)
Бай:Қаз-қаз балам,қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
(осы кезде Алдар кіріп келеді)
Алдар:Мен Алдармын,Алдармын,
Сайтандыда алдармын.
Сараңдарға қаттымын,
Кедейлерге балдаймын,ей.
О-О-О,Байеке амансызба?
Бай:Аманбыз,озің қайдан жүрсің?
Алдар:Мына жердің шетін таба алмай жүрмін.
Бай:Ей Алдар,есіңнен адасқансыңба?жердің шеті бола ма?
Алдар:Ия Байеке,соны да білмейсің бе?Анау жақты қарашы көрінбей ме?
Бай:Ж-о-қ.
Алдар:Енді мына жақты қарашы,көрінбейме?
Бай:Жоқ,көрінбейді.
Алдар:Байеке сіз жердің шетінің қандай екенін білмейді екенсіз.
Маған атыңызды бере тұрыңызшы?
Бай:Атымды ала ғой,қане көрінді ме?
Алдар:Жоқ-(деп атқа мініп шаба жөнеледі). Байеке алдандың.
Бай:Мына Алдар мені алдап соқтыгой,ақымақ басым-ай.Іздеп тауып алайын оны.Қай жаққа қарай кетті екен ,ә?
Жүргізуші:Балалар Алдар өте қу екен, е?
Балалар:Ия
Жүргізуші:Ата Әже біздің балалардың тақпақтарын қабыл алыңыздар.
Жүргізуші:Әже біздің балалар білгісі келеді.Наурыз көже қалай дайындалады.
Әже:Балалар мен сендерге наурыз көженің дайындалуын түсіндіріп өтейін.Қарақтарым,наурыз көжеге жеті түрлі тағам қосылады. Жеті саны киелі сан.Наурыз көже тоқшылықтың белгісі.Оның құрамында бидай,қыстан қалған сүр ет,айран,құрт,тары,тұз қосылады.
Жүргізуші:Рахмет сізге әже.Біздің балалар наурыз көже жайлы түсінді деп ойлаймын.
Балалар:Ия,түсіндік әже.
Жүргізуші:Шарықтап көңілім асқандай,
Биге бір жаным басқандай.
Бишілер билей жөнелсе,
Шаттықтың нұры тасқандай.
деп балаларымыздың биін тамашалаңыздар.
Би: «Пияла биі»
Ата:Ой бәрекелді, өнерлі екенсіңдер құлындарым.
Жүргізуші:Ата Әже біздің балалар тек ән би ғана орындамайды,
ақындық қасиеттері де бар.
Айтыссыз мына өмірдің несі көктем,
Айтыс десе қазақтың есі кеткен.
Көтеріп ел мерейін ел еңсесін,
Көкейін тыңдаушының риза еткен.
«Наурыз айтыс»өнерін тамашалаңыздар.
Әже: Тілдеріңнен сол балдай болған.
Жүргізуші: Ей, балалар балалар,
Енді маған қараңдар!
Наурызды тойлайық ,
Қызық ойын ойнайық
Ал, балалар қандай ойын түрлерін білесіңдер?
Ұлттық ойын түрлерін атап беріңдерші.
Балалар: «Қыз қуу», «Ақ сүйек», « Арқан тарту», «Теңге алу».
Жүргізуші:Онда «Арқан тарту» ойынын ойнайық.Ойын шарты:
Бес-бес баладан екіге бөлініп арқан тартасыңдар.Кімнің жағы басым болса,сол топ жеңімпаз атанады.
Ойын: «Арқан тарту»
Жүргізуші:Жарайсыңдар балалар,тағы да ойын ойнаймызба?
Балалар:Ия
Жүргізуші:Ал онда «теңге алу»ойынын ойнайық.Ойын шарты:
Алты бала шығып атқа мініп, шеңбер ішіндегі тиынды әуенмен
шауып жүріп алуы керек.Кімде-кімге тиын жетпей қалса ол бала ойыннан шығады.
Ойын: «Теңге алу»
Жүргізуші :Әнімде саған биімде,
Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлап үйіме,
Күлімде наурыз күлімде.
деп әнімізді қабыл алыңыздар.
Ән: «Көктем»
Жүргізуші: Кел балалар тұрмайық ,
Наурыз тойын тойлайық
Баянды боп мереке ,
Қыр гуліндей жайнайық .
Би: Қазақ биі «Жез киік»
Әже:Балаларым өнерлі екенсіңдер,менің жұмбағыма
кім жауап берер екен.
Әжем ұстап сығып
Далада кептірген
Түсі-ақ ,қатты
Дәмі ащы.
Білесіңбе ол не? (Құрт)
Балалар: (Қүрт)
Әжей маған пісіріп,
Атайданда қашып құтылдым
Әжейден қашып құтылдым
Деп әндететін не еді. (Бауырсақ)
Балалар:(Бауырсақ)
Әже:Жарайсыңдар балалар, алғыр екенсіңдер.
Жүргізуші:Балаларымыздың тақпақтарын қабыл алыңыздар.
Осы кезде Бай мен Алдар ұрысып келеді.
Бай:Алдар мені неге алдап кеттің?
Алдар:Ха,-Ха,-Ха.
Жүргізуші:Ау Байеке, бір ашуыңызды беріңіз.Бұрын Ата-бабамыз
Ұлыстың ұлы күні наурызда, ашу-ызаның бәрін ұмытып,төс қағысып
қол алысып,көріскен екен.Сіздерде наурызда татуласып ,балалардың өнерін тамашалаңыздар.
Ән: «Наурыз»
Алдар:Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын!Ал Байеке біз жүрейік.
Әже:Әй,атасы немерелерге бата бер,жолға қамдансын.Ата:
Жаратқан ием құдірет,
Ақ батамды қабыл ет.
Ұлдарыма қуат бер,
Қыздарыма ұят бер.
Аман сақта елімді,
Аман сақта жерімді.
Тыныштық заман болсын,
Ел жұртымыз аман болсын.
Оқуда алғыр бол,
Қатарыңның алды бол!
Қыдыр ата жолдасың болсын,
Еліміздің арқа сүйер азаматы бол!
Бастарыңызға амандық,
Отбасыларыңызға ырыс-құт,
Халқымызға тыныштық берсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын. Әумин!
Жүргізуші:
Ән қосылып әніңе,
Сән қосылып сәніңе.
Ырысты боп жаңа жыл!
Бақ дарысын бәріңе!
Ой қосылып ойыңа,
Бой қосылып бойыңа!
Аман-есен жетейік,
Келесі Наурыз тойына!,- дей келе ертеңгілігімізді аяқтаймыз.
Зейін қойып, тыңдағандарыңызға көп рахмет! Қош сау болыңыздар!
Ал, балалар не тұрыс балабақшаға кететін уақыт болды. Пойыздан қалып қоямыз тез асығайық (пойыз дыбысы). «Жүрдек пойыз» әнімен балалар әуен залынан шығып кетеді.