Home » Мақалалар » Бала – өмірдің гүлі, көңілдің нұры

Бала – өмірдің гүлі, көңілдің нұры


«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген дана халқымыз, сөзінің астарында-ұрпағымыздың тәрбиесі мықты болса, адамзат баласы мың жасайды деген. Күнделікті баланың күміс күлкісі мен қайталанбас қызықты қылықтарына куә болып, бала тәрбиесінің негізі қаланатын ортасы, киелі мекені – ол балабақша.
«Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында,ол ұрпақтың тағдыры — ұстаздардың қолында»— еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев демекші осы ұранды сөзді мақсат тұтқан Ордабасы ауданы Бадам елді мекеніндегі жаңадан бой көтерген Орда шағын ауданындағы «Ұлы Орда» балабақшасының ұжымы  «Заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, мектеп жасына дейінгі балалардың қабілетін дамыту» тақырыбында аудандық тәжірибелік семинар өткізді.
2016 жылдан бері пайдалануға берілген бұл мекеме тәрбиешілері үнемі ізденіс үстінде жүріп, заманауи технологияларды, озық педагогикалық әдіс-тәсілдерді пайдаланудың тиімді жолдарын көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шыққан бұл семинардың мақсаты:       Мектеп жасына дейінгі білім беру ұйымдарында заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып бала бойындағы қабілеттерін жетілдіру, интеллектуалдық ой-өрісінің, қиялының дамуына ықпал ету, есте сақтау, ойлау қабілеттерін арттыру, зейінін шоғырландыру еді.
Семинарға аудан көлеміндегі балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлері, сонымен қатар қонақ боп балабақша меңгерушілері де қатысты.
Балабақша меңгерушісі Тәтпенова Алия басқарып отырған бұл балабақшаның ауласынан бастап, мерекелік көңіл күй сыйлап тұрған дайындықты сезінуге болады. Келген қонақтарды жылы шыраймен қабылдап алған балабақша өкілдері «Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру»    мақаласы аясында дайындалған балабақша көрмесімен таныстырды. Бағдарлама бойынша  тәжірибелік семинардың ашылу салтанатына Аудандық Білім бөлімінің басшысы Ш.Нұрабаева, АПӘК меңгерушісі Б.Бекпейіс АПӘК әдіскері Ш.Пернебай қатысып, ашып берді. Одан кейін балабақша әдіскері Сарманова Әсия жиналған қауымға балабақша ұжымының аз уақыт аралығындағы жеткен жетістіктері мен қалыптасу тарихы жөнінде презентация –таныстырылым жасап өтті.
Балалармен балаша ойнап, бал тілін ұстартып жүрген тәрбиеші Атабаева Перизаттың «Күзгі сыйлықтар» тақырыбында өткен ұйымдастырылған оқу қызметіне қатысушылар жақсы әсер алып, өздерінің оң пікірлерін білдірді. Жас мамандардың оқу қызметінен көп тәжірибе алғаны байқалды. Сонымен Базарбаева Айжанның «Жануарлар әлемі», Пашаева Аийданың «Сандар сөйлейді», Қосалиева Лаззаттың «Күз ғажайыптары» тақырыбында өткен ұйымдастырылған оқу қызметтерінің бәрінде балабақша тәрбиешілерінің біліктілігі мен іскерлігін көруге болады. Жастайынан баланы ақпараттық коммуникативтік технологияларды меңгеруге баулып, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда мұндай оқу қызметтерінің маңызы зор.
Елбасымыздың ұстаздар алдына қойған мақсатын жүзеге асыру жолында еңбек етіп жүрген балабақша ұжымының кәсіби біліктілігімен қоса ізденімпаздығын балалардың оқу қызметі барысында жасаған жұмыстарынан аңғару қиын емес.
Ал тәрбиеші Бекбергенова Ботакөздің «Шаңырақ» іскерлік ойынына қатысқан педагогтар өздерінің педагогикалық-әдістемелік қоржынын көптеген әдістермен толықты деген ойдамыз. Өйткені жас мамандардың өздерін түрлі ойындарға қатыстырып, өн бойынан өткізуге жағдай жасаған бұл семинардың берері көп болды. Балабақшаның саз жетекшісі Әліқұлова Сымбат ұйымдастырған
«Шалқан» ертегісін сахналау музыкалық бағдарламасы көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл бағдарламада балабақша тәрбиеленушілері өз өнерлерін паш етті. Семинардың соңында қатысушылар кері байланыс берді. Қатысушылар өздерінің әріптестерінің жұмыстарына табыс тілеп, жақсы пікірлер айтылды.
Қорытынды сөзді балабақша меңгерушісі Тәтпенова Алия алып, семинарға келген қонақтар мен балабақша ұжымына өз алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Семинар соңында АББ-нің басшысы Ш. Нұрабаеваға сөз кезегі берілді. Ол өз сөзінде семинар өз мақсатына жеткенін және жоғары деңгейде өткенін айтып өтті. «Бала –өмірдің гүлі, көңілдің нұры» демекші кемел болашағымыздың тұтқасын ұстайтын ұрпағымызға өнегелі тәрбие берумен айналысатын «Ұлы Орда» балабақшасында өткен бұл тәжірибелік семинардың берері көп болды.

 

Тәтпенова Әлия Ақанқызы,
Ұлы-Орда бөбекжай балабақшасы меңгерушісі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.