Home » Балабақша » Бала тәрбиесі

Бала тәрбиесі

Бала-өмірдің мәні, көңілдің сәні. «Ата-ана қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, бала өмірге келген сәттен бастап, өмірге деген көзқарасыңды түгелдей өзгертіп жібереді. «Ата-ана» деген өте үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл лауазымға лайықты болудың өзі де оңай емес.

Бір кісі қариядан сұрапты: «әке атандым, балама ақыл айтуды қанша жастан бастауыма болады ?» десе, «Еее, балам.Сен балаңа ақыл айтуға кешігіпсің. Баламен тілдесуді ананың құрсағында жатқаннан бастауың керек еді» деген екен. Егер тарихы терең қазақ әдебиетіне жүгінетін болсақ,ата-бабамыз бала тәрбиесіне ерекше қарағанының куәсі боламыз. Әйел адам жүкті болып өтіп бара жатса,үлкен қариялардың өзі тоқтап жол берген екен. Келіні одан ыңғайсызданып, қысылғанын байқаған қарт кісі: «қысылма, балам. Кім біледі, мүмкін сенің ішіңде ертең ел ағасы атанар батыр жатқан болар» деп әлі дүниеге келмеген баланың құрметінің қандай екендігін көрсеткен.Қыз баласын «қыз-қонақ, болашақ ел анасы» деп әрқашан төрге шығарған. «Ұлыңды өзге үйден тойдырма,қызыңды бөтен үйге қондырма»деген дана халқым. Бөтен үйден тойып өскен жігіт, ертең отбасына тұрақты азамат болуына кім кепіл?!«Қызға қырық үйден тиым» деп қыз тәрбиесіне қатаң қарап, ертең бір қолымен бесік екінші қолымен әлемді тербетер ана болады деп ерекше үкі тағып өсірген. Осылайша, бір мақалдың мәнін екіншісі ашып, бір бірін толықтырып тұр. Иә, қазір заман басқа деп өзімізді ақтап аламыз. Дегенмен де, тәрбие ешқашан заман таңдамаған. Сондай-ақ, әлсіздік пен немқұрайлылық танытып, сол заманды өзгертіп отырған өзіміз емес пе ?!

Сәби-бейне бір ақ қағаз секілді.Қалай шимақтасаң, соны көрсетеді.Дей тұрғанмен, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген дана пікірді де ойдан қапы қалдырмағанымыз жөн. Ата-ана міндеті баланы қаржылай ғана қамтамасыз етуде ғана емес.Қазіргі заманның ең бір қате түсініктерінің бірі осы болмақ.Түсінемін,әрине, «тұңғышым», «кенжем», «жалғазым» деп ақталамыз.Бірақ, баланы тым еркелетіп, қызымызды қыңыр, ұлымызды әлжуаз етіп, үлкен өмірге әсте дайын емес етіп өсіріп, ертең өзіміз бармақ шайнап қалмаймыз ба?!

Лепидоптеролог (көбелектерді зерттейтін ғалым).Бірде, эксперимент барысында қабыршағынан шыға алмай қиналып тұрған көбелектің қуыршағының бір шетін қиып жіберіп босатқысы келеді.Ал, бірақ, өкінішке орай, көбелектің қанаттары әлсіз, денесі қатпай, өмірге бейімделе алмайды. Яғни, түйін, басқа түскен қиындықтардың барлығы адам сүйегін қатайтып, сабақ алу үшін беріледі.Сондықтан да, балдан тәтті балапандарымыздың өмірін жеңілдетеміз деп, қанатының қатаймай қалуына себепші болмайық. Дәл осы сәтте тағы айта кететін зат, перзентімізді қатайтамыз деп, қысымды тым күшейтіп, сағын сындырып алудан да аулақ болу керек. Ондай бала ертең шорқақ, үркек болмақ.

Тағы да бір, «ғасыр індеті» деген атқа ие болған телефон. Қазіргі балалардың көпшілігінің қолында да сол телефондарды көреміз.Бесіктегі баладан сексендегі шалға дейін қолында бір-екіден  ұялы байланыс құралы.Иә, заманауи технологияны тез меңгергені сүйсіндіреді, әрине. Дегенмен, миын улап, уақытын өлтіріп,сол виртуалды әлемде өмір сүріп өскен бала, ертеңгі күні қалай ғана көк туды көкке желбіреткен азамат болмақ.Баланың еркелігін көтере алмай қолына телефон ұстатып жұбатып,қатарынан қалмасын деп соңғы үлгідегі смартфонын алып беріп жатамыз.Бұл әрекетіміз мақтаныш па,әлде өз қолымызбен баламыздың болашағына балта шауып жатырмыз ба?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бүгінгі бала-ел ертеңі,жұрт болашағы.Ата-ана деген абыройлы атаққа лайық болайық! Иә, еркелік те, қатаңдық та өз орынымен. Жанымызда былдырлап жүрген әрбір бүлдіршін тәуелсіз Қазақстанның туын көкке көтеретін, ел намысын қорғайтын азаматтарымыздың бірі болмақ. Әрбір балаға батыр деп қарайық.

 

Дүйсенбиева Алия Ибрагимовна
Астана қаласы
№18 «Аяжан» балабақшасының тәрбиешісі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.