Home » Жаңалықтар » Бала тәрбиесі – жауапты іс

Бала тәрбиесі – жауапты іс

Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, білімді, иманды да ибалы болуын қалайды. Отбасында перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін бала тәрбиелеудің нәзік жақтарын білу шарт. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – нағыз бақытты отбасы. Осындай отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді және берік. Бала тәрбиесінің алғашқы қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақ халқы: «Баланың бас ұстазы – ата-анасы», «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің», — деген. Есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн.

Осы мақсатта Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Абай Құнанбаев атындағы мектептің 3»А» сыныбында мамырдың 10-ы күні ата-аналар жиналысын өткіздім. Осы отырысқа мектеп психологы Аймереке Сматқызын арнайы шақырттым. Дәріс оқылғаннан кейін Аймереке Сматқызы ата-аналарды шеңберге тұрғызып, қолындағы гүл күлтерін шашып, кім көп гүл күлтелерін жинағанын санады. Ең көп гүл күлтесін жинаған Айтмұхамбет Дильназдың анасы – Нұрзифаның қолында 14 күлте екен. Ойын қызықты өтті. Себебі әр ананың қолында қанша күлте бар, баласын сонша еркелететін сөз арнау керек болды. Ата-аналардың барлығы бұл сыннан сүрінбей өтті. Олар «балапаным, қорғаным, құлыным, еркем, ботақаным, жұлдызым» деген керемет махаббатқа толы сөздерін бірінен кейін бірін ағыта жөнелді.

Келесі тапсырма «Мен қандай ата-анамын?» деген сауалнама болды. Психолог дайындап әкелген тест сұрақтары бойынша ұпай жинап, жиналған ұпайларына қарай әр қатысушыға қорытынды жасалып, қандай бағытта жұмыс істеу керектігі туралы ақыл-кеңес берілді. Аймереке Сматқызы бала жүрегіне жол табу үшін қандай қадам жасау керектігі, қайсысынан тартыну керектігін қарапайым тілмен жеткізіп берді.

Сонымен қатар балалармен өткізген социометрия қорытындысы туралы айтылды. Осы отырыстан ата-аналар жақсы әсермен тарасты.

 

Н.Қ. Хочиева

Павлодар облысы, Шарбақты ауданы,

 Абай Құнанбаев атындағы мектептің

3 «А» сыныбының мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.