Home » Мақалалар » Бала тәрбиесі – бесіктен

Бала тәрбиесі – бесіктен

 

Қазіргі  қарыштаған  ақпарат  заманына келіп  жеттік. Бұрынғы қол  еңбегінің орнын  электрон  жүйесі  алмастырды. Қандай  өзгерістер  болса  да  ықылым  заманнан  келе  жатқан  бала  тәрбиесі   өзекті  тақырып  болып  қала  бермек.          Қағидаға  берік  дана  халқымыз  «Бес  жасқа  дейін  балаңды  патшадай  көр,  он  бес  жасқа  дейін  құлша  жұмса,  он  бес  жастан  кейін  құрбыңдай  сырлас» деп  ата-ана  тарапынан  берілер  үздіксіз  тәрбиені  тұжырымдаған. Көпшілік  жағдайда  осы  бір  астарлы  ойдың  мағынасын  жоғалтып  алған  сияқтымыз.
Отбасында  әке  мен  ананың  алар  орны, айтар  ақылы, көреген  қасиеттері  ерекше. Кеңес  дәуірінде  өскен  аға  ұрпақтың  өкілдері  әкенің  көз  қиығы   қарасынан  бойымызды  тез   тіктеп, «не  істеп   қойдым?» деп  сезіктеніп қалатынбыз.Үйде  отбасында  шешілетін  жұмыс  болса  анамыз  «әуелі  әкеңмен  ақылдас»  деп   әкенің  рөлін жоғары  қоятын. Әкеміздің  айтқан   ақылы  бізге  «бұйрық», «заң» секілді  болатын.
Қас  батыр  Бауыржан  Момышұлы  үш  нәрседен  қорқамын деген  болатын. «Бірінші,  бесік  жырын  айтатын  келіндердің  азайып  бара  жатқанынан  қорқамын. Екіншіден,  немересіне  ертегі  айтып  бере  алмайтын  әжелердің  көбейіп  бара  жатқанынан   қорқамын. Үшіншіден,  дәстүрді сыйламайтын  балалардың  өсіп келе  жатқанынан  қорқамын. …Өйткені,  бесік  жырын  естіп,ертегі  тыңдап,дәстүрді бойына  сіңіріп  өспегеннің  көкірек  көзі  көр  бола  ма  деп  қорқамын. Ал, көрдің  қолына  балта  берсең  шаба  салады,бақыр берсең  ала  салады,найза  берсең сұға  салады,намыстанбай  бұға  салады». Б. Момышұлының  бұл  «қорқыныштарының» тамыры  тереңде  екені  сөзсіз түсінікті,мұның басты себебі М.Жұмабаев  айтқандай  ұлттық  мектеп   мәселесін  өз  деңгейінде  шеше алмағанымызға  тікелей  байланысты. Халқымыздың  қаһарман  перзенті  Б.Момышұлы  соғыстың  отты  жылдарында  неміс  басқыншыларынан   қорықпаған,бейбіт өмірде  қорқуы  алаңдарлық  жағдай.
Қазіргі  жас  буынның  санасын  компьютерге  деген  «әзәзіл» улауда. Бұдан  еліміздің  болашағы  қандай  болмақ?! Көркем  шығармалар  оқымайды. Бүгінгі  баланың  есіл-дерті  теледидар  мен  компьютерге,ұялы  телефонның  ішіндегі  неше  түрлі  қызықтарға  ауып кетті. Жапон  ғалымдарының зерттеу  жұмыстарына  жүгінсек, теледидар  мен  компьютерден  алынған  ақпарат  тез  ұмытылады  да,  кітаптан  алынған   білім  бала  санасында  өмір  бойы  қалады  екен. Адамның  ойына  ой  қосып, рухани  әлемін  кеңейтер  кітап  әлемінің  тағдырына  бүгінде  дүниежүзі  алаңдаулы  екен. Компьютер  мен интернеттің құлағында  ойнаған  Америкада  кітапқа  деген  көзқарас, кітапхана  қызметін  пайдалану  бұрынғысынан  еш   өзгермеген.

Ақпарат  ағымының   күштілігі, заман  жылдамдығы  баланың  кітапты  қолына  ұстап,пәлен  күн  оқып, ойланып  отыруына  мұрша  бермейді.
Ата-бабаларымыз  бар  ғұмырын  аттың  жалында,  түйенің  қомында  көшіп қонып  жүрсе  де  бала  тәрбиесіне  бей-жай  қарамаған. «Ұят», «обал», «сауап» деген  сөздерді  зердемізге  сіңіріп,  әрбір  ісімізге  жауапкершілікпен  қарадық.
Елбасының  «Біз  өзге  елге өз  тіліміз  бен  салт-дәстүрімізді  сақтап  қалуымызбен қадірлі  боламыз» деген  сөзінің  маңызы  зор. Жан  қазынасы – білім, ой,рухани  байлықпен  қосылып, адамды  адамгершілігі  бар, салт-дәстүрін  білетін  азамат  етіп  танытады.Осы  орайда  ұлы  ойшыл  Әбу  Насыр  әл-Фарабидің  «Адамға  ең  бірінші  білім  емес, тәрбие  берілуі керек, онсыз  берілген  білім – адамзаттың  қас  жауы» деген  сөзі  ойға  оралады.Ұшқан  құстың  қанаты, жүгірген  аңның тұяғы  талатын  ұлан-ғайыр  жеріміз  қандай  кең  болса,тәлім-тәрбиеге   де  соншалықты  бай.
«Қазақ  халқы  бар тарихын көше  жүріп өткізсе де,батпаққа  батырмай, құмға  шашпай, жұртында  қалдырмай, шабандыға  алдырмай, барлық  жинаған   сөз  байлығын, күй  мен  жырын   бізге  жеткізді. Бұл – бәрімізге  де    қымбатты   мұра, бай  қазына» деп  сөз  зергері  Ғабит  Мүсірепов  дәл  тауып  айтқан.
«Жақсы  әке  – балаға   өмірлік  азық. Жақсы  ұл  – әулетке  қазық» деген  ұлағатты  сөз  бар. Сондықтан  тәрбие  мәселесі  жөнінде  бөлісіп  шешетін  маңызды  істер  сан  алуан. Біздің  мәпелеген  талымыз  түзу  өссін. Мейірімді, тәрбиелі, көреген бала  ғана  еліміздің  көкжиегін  кеңейтпек.

 

 

Қанат  Рысқалиұлы,
М.Өтемісұлы атындағы облыстық
сауықтыру мектеп-интернатының тәрбиешісі,
БҚО, Орал қаласы

  

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.