Отбасы ошақ қасынан бастау алады. Отбасы — адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы. Бала тәрбиесiнде отбасының алатын орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзгi қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық тәрбиенің тағылымдары мен аға ұрпақтың тәжiрибесiн сiңiру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тәрбиелеу болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы – үлкен тәрбие мектебi. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» -деп өте орынды айтылған.
Адамға тән рухани-адамгершілік сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамытудың негізі ең алдымен отбасында қаланады. Ал, отбасындағы тәрбие бесік жырынан бастау алады. Ата-ана баласына бесік жырын, ертегі, аңыз, әңгіме, жыр-дастандарды айту арқылы, оның ойлау, қиялдау, тыңдай білушілік пен армандау қабілетін ұштайды. Жас ұрпақ өкілдеріне отбасында тәрбие беруде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің, халықтық педагогиканың маңызы орасан. Сонымен, халықтық педагогиканың тәлім-тәрбиелік негізі ретінде – ата-ананы, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, жағдайы төмен адамдарға қайыр қылу, әдептілік, парасаттылық, адалдық, шыншылдық, тектілік сияқты және т.б. қасиеттер кең байтақ өлкемізде ғасырлар бойы буыннан буынға беріліп, жалғасын табуда. Осылайша, бала мінез-құлқының негізін қалыптастыруда, оның бойына рухани-адамгершілік сезімін, инабаттылық, әділеттілік, шыншылдық тәрізді адамдық абзал қасиеттерді егуде отбасы ең алғашқы және басты рөлді атқарады. Нақ осы жағымды қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту ең алдымен отбасындағы тәрбие арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осымен байланысты «Тәрбие — табалдырықтан басталады» деген нақылдың өзі өмірден алынған шындық. Жас ұрпақты саналы, сергек етіп тәрбиелеу – отбасы мен мектеп ұстаздарының бірден бір парызы. Оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоюда ата-аналармен жұмыстың орны орасан. Сондықтан біздің мектепте ата-аналармен жұмыстардың алуан түрлері іске асырылуда. Әр ата-ананың мектептегі болып жатқан іс-шараларға деген қызығушылық білдіріп отырулары оқушыларға тиянақты тәлім-тәрбие беруде пайдасы орасан. Ата-аналар мектепте өтілетін мерекелік іс-шараларға бір кісідей қатысып отыруы – бала тәрбиесіндегі орын алып отырған оң нәтижелердің жемісі. Ата-аналар сынып жетекшісінің басты көмекшісі деуге болады. Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы жарқын болмақ.
«Ұрпағымен адам қымбатты» — деген қағиданы берік ұстаған ата-бабаларымыз өз ұрпағын «Адам» деген атаққа лайық етіп өсіруді мақсат еткен. Соңғы кезде бала тәрбиесінің мәні төмендеген сияқты. Дөрекі сөйлеу, ата-ананы тыңдамау, үлкенді сыйламау сияқты жағымсыз қылықтар орын алуда.
Баланың басты ұстазы – ата-ана. Қазіргі кезде ата-аналар балаларына көп көңіл бөле бермейді. Осындай немқұрайлықтың соңы өкінішке апарып соқтыруы әбден мүмкін. Оның түрлі себептері бар:
1. Тіршілік қамын ойлап, уақытты күнкөріс жолына бағыттау.
2. Ананың ақ сүтіне қанбау, ана әлдиін естімеу.
3. Толыққанды отбасында тәрбиеленбеуі.
4. Тым еркіндік беруі.
5. Ата-ананың маскүнемдікке салынуы.
6. Нашақорлықпен әуестенуі.
7. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарау.
Осының бәрі ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін төмендетеді. Сондықтан жақсы, жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.
Ана да, әке де – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» басталады емес пе? Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді.
Отбасы – ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени-әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжірибесі, өмірдегі беделі, ақыл-кеңестері, ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір-бірін құрметтеуі – үлкен тәрбие мектебі.
Бала дүниеге келгеннен бастап ата-ананың ықпалында болып, бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады. Өз отбасында бала ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, әке мен ананың жақсылығы мен дәулетінің қызығын көріп қана қоймай, адамгершілік, әдеп-инабат тағылымдарын алуы, оларды меңгеріп іс-жүзінде қолданудың ынта мен ықылас, қайрат пен қажыр ететін жолынан өтуге тиіс. Балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындап, бірлесе, ынтымақтаса әрекет етуіміз қажет.
Егер балаңызды жақсы көргіңіз келсе…
1- кеңес. Баланы ерекше әлпештеп жібермеңіз. Мейлі үйде, мейлі түзде болсын, бала өзін-өзгеден биікпін деген сезімде болмауы, басқаларды құрметтеуді ұғынуы жөн. Тіпті әлпештеуге тура келген жағдайда да оны баланың өзіне сездіруге болмайды.
Баланы орынсыз мадақтай бермеңіз, көзінше дәріптеп, мадақтауға болмайды.
2-кеңес. Баланың ырқына жүгіре бермеңіз. Бала не талап қойса да елпілдеп, айтқанын да, айтпағанын да алып беруге болмайды. Өте керекті зат, ақша секілді нәрселерге келгенде қайсысының қажет, қайсысының қажет емес екенін айтып, түсіндіріп қоюы қажет. Өйтпеген жағдайда бала ысырапшылық әдетке дағдыланып қалады да, басқалардың еңбегін қадірлеуді білмейтін болады.
3- кеңес. Баланың дербестігін тартып алмаңыз. Оның ана ісіне де, мына ісіне де алаңдап қолынан келетін істеуге болатын істерінің бәріне араласа беруге болмайды. Ондай бала өмір бойы бір істі өздігінен істей алмайтын жалтақ болып қалады.
Өмірдің өтпелі қиын кезеңінде ұл-қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына күш салайық. Әрине, ұстаз – ол қашанда ұстаз. Әр кез құрметті, ардақты адам. Сол себепті қашан, қай жерде болсын ұстаз атына кір келтіріп, беделін түсіруге жол бермеуіміз керек. Әрине, бұл мүмкіндіктер алдымен ұстаздың өзіне байланысты болса, екіншіден, ата – аналардың қолдарында. Бұл істе бізге тек ынтымақтастық керек. Тағы да бір көңіл аударатын мәселе , бұл тәрбиені ата – анасынан емес, теледидардан, компьютерден алатын жастардың күн санап көбеюі . Баланы жастай теледидар көру мәдениетіне үйрету – маңызды шаралардың бірі. Ақпарат құралдарынан нені көріп, тыңдап, оқып жүргенін қадағалап отыру өз жемісін береді. Ал енді баланы қадағалаусыз қалдырудың соңы өкінішке тіреліп жатқандығы жасырын емес. Ертеңгі күн елес емес, ол көзді ашып жұмғанша келе қалары анық. Демек, бала тәрбиесі мектеп, отбасы, қоғам – үштігінің бірлесе әрекет етуі арқасында ғана қол жеткізілетін жетістік екендігін шынайы түрде мойындап, нақты іске көшетін уақыт жетті.
Қорытындылай келе, еліміздің білім беру мен бала тәрбиесі саласында еңбек етіп жүрген барша әріптестерім мен ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, айқындалған игі бастамаларды іс жүзіне асырып, жас ұрпақ өміріне дендеп ендіру жолында аянбай, бірлесе еңбек етуге шақырамын.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың бейбіт таңы балаларымыздың риясыз күлкісімен, жастарымыздың саналы патриоттық рухымен рауандап арта берсін!
Жарылқасын Ахметов,
«Ынталы» жалпы орта мектебінің
Әлеуметтік педагогы
«Білім беру ісінің үздігі»
Қазығұрт ауданы