Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет – өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі.
Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Ұлттық тәрбие біздің ұрпақтан- ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ол болашақ ұрпақты өмір сүруге тәрбиелейтін үлкен тәрбие кітабы. Бұл қазына ұлттық құндылықтар арқылы бала бойына сіңетіні даусыз. Ұлттық құндылықтар дегеніміз не?
Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Ешбір халықтың өзінің тарихы тамырынан ұзап кетпейді. Жас ұрпаққа ұлтымыздың рухани құндылықтарын, қалыптастыру мәселесі бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Кез-келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі. Біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – дәстүрі, төртіншісі – тарихы, бесіншісі – атамекені. Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол ең алдымен адам санасында орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді.
Ықылым замандарда ғұмыр кешкен ата-бабамыздан қалған, кәдегімізге жаратарлық мұра жетерлік, оның қағидалары тілге орамды, түсінуге жатық, құлаққа жағымды болғанымен ауқымы шексіз, белгілі бір жүйеге түсе қоймаған.
Біз, қазақ қандай халық едік, қазір қандаймыз денеген жанды сұрақ жандүниемізге маза бермейді. Біз өмірімізді бұрынғыға қарағанда қанша білімді, озық, білгір, көзі ашық санасақ та, бәрібір біз түп-тамырымыз ата-бабалар мұрасында жатыр. Тереңге тамыр жайып, нәр алмаған өсімдіктің жайқалып өспейтіні, иә болмаса жөнді жеміс бермейтіні секілді ата-баба дәстүрінен нәр алмаған ұрпақ та алысқа бармайды.
«Өмірдің жалғасы, елдің болашаға, ұлт арқауының тіні – бала» деп білсек, осы үлкен жолда әйел адамның алатын орнының ерекше екендігі тіршілік иесінің бәріне аян. Қазақ халқының перзент тәлім-тәрбиесін ана құрсағынан бастау алатынын дәлелдеуі өзге халықтардан ерекшелілігі, даналығы, көрегенділігі, тектілігінің белгісі.
Әлемдік ұстаз атанған Платонның «Ұлды тәрбиелеп отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелеп отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөзі бар. Тәлім-тәрбиенің арқауы отбасынан бастау алады. Халық бұл ойды «Оңды отбасынан оңды ұрпақ тарайды» деп түйіндеген.
Ер намысы деген ұғым ежелден бәрінен жоғары. Ол халықтық салтымыздың ең бір қалыптасқан бұлжымас Заңы-тын. Атам қазақ өмірге ер бала келсе, азамат деп, ертеңгі шаңырақтың тұтқасы, отбасының асыраушысы, елдің қорғаны, өмірімнің жалғасы, мұрагерім деп қарады. Бала тәрбиеленіп кісілікке жеткен соң, ол өз намысын қорғай білуге міндетті. Егер ер жігіт намысын қорғай алмаса, ол азаматтық беделін жояды. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақала содан қалған. Ер бала әке жолын қуып, «әкеден де асып туып», қатарынан қалмай, алдына қойған мақсаттарын абыроймен орындауға борышты. Елін қорғау, еңбек ету, ата-анасын ардақтау, өнер үйрену, айтқан сөзінде тұру, әділетті болу, біреуге жалынышты болмау, әйел адамды құрметтей білу, жігерлі болу, жасық болмау тағы да басқа ізгі қасиеттерді бойына сіңіруі – ер-азаматтың намысы, абыройы, ары. Әсіресе ұлттық дәстүрге сәйкес инабатты, иманды, ілтипатты болу – ер жігіттің айнымас ары, бұлжытпай орындайтын заңды борышы. «Түрі жылыдан түңілме» деген сөз содан қалған. Қазақ баласын үш-ақ сөзбен тәрбиелеген, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп отырған.
Оның алғашқысы: жаман болады,
Екіншісі: ұят болады
Үшіншісі: обал болады.
Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті дегені.
Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін.
Жаман боладыға жақындамай, ұят боладыға ұрынбай, обал болады дегенге ойлана қарайтын текті ұлт болған едік бүгінгі күні осы үш сөзге тоқтам жасау керектігін есте сақтау қажет деп ойлаймын.
Сондықтан да, ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, отбасында да, балалар бақшасында да, мектепте де, көпшілік орындарда да ер баланы да, қыз баланы да ел намысына, абыройлы болуға сәйкес тәрбиелеу баршаның міндеті деп білемін.
Сарсенова Нұрзила Сарсенқызы
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы
АҚ филиалы Атырау облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру»
кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының кандидаты