Балалар тәрбиесіне, келер ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде болса да, қай елде, қай ұлтта болмасын үлкен мән берілген. Өйткені бала – біздің болашағымыз. Ол үшін балаларды жаман, жақсы деп бөлмей, бірлесіп, аяғынан нық тұруға көмектесу керек. Нашар бала болмайды. Бау-бақшаны баптап, күтіп суарсаң ғана жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету – қоршаған ортаның, яғни ата-ана мен балабақшаның, мектептің міндеті.
«Тәрбие басы – тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақтың мағыналы сөздерінде үлкен астар бар сияқты. Алайда, жұмысымызда байқап жүргеніміздей, ата-аналарымыздың бала тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі қателіктер де көрініс беруде.
Осыған орай, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналарға кеңес:
1. Баланың міндетті түрде өздігінен орындайтын жұмыстары болуы қажет. Сіз тек осы жұмыстардың орындалуын қадағалауыңыз керек.
- Мейлі, қаншалықты тиянақты әрі жылдам орындаса да, балаға жүктелген жұмыстарды өзіңіз орындамауға тырысыңыз.
- Балаңызды тыңдауды үйреніңіз. Шыдамды болыңыз, балаңыздың сөзін бөліп, оның ойын өзіңіз аяқтауға тырыспаңыз және баланы асықтырмаңыз.
- Балаңызға өз көзқарасыңызды танбаңыз.Өз нұсқаңыз дұрыс екенін дәлелдермен түсіндіріңіз.
- Баланың кез келген қалауын орындауға асықпаңыз.
- Балаға өзінің іс-әрекетін түсіндіруді үйретіңіз. Яғни, бала ең алдымен ойланып, содан соң ғана шешім қабылдауды үйрену керек. Ең жақсысы, өзі сенімсіздік танытқан мәселелерде ата-анасымен кеңесуге болатынын білуі қажет.
- Баланы қоршаған әлемді танып білуге дағдыландырыңыз.
- Баланың жан-жақты дамуына қолайлы, қауіпсіз жағдай жасаңыз.
- Баланы тым еркелетпеңіз.Онымен өзіңізбен тең дәрежедегі адам ретінде сөйлесіңіз. Есіңізде болсын, сіздің сөйлеген сөзіңізді, іс-әрекетіңізді балаңыз қайталайды.
- Балаға өз бетінше жеке басының тазалығын қадағалауды және әр түрлі жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін түсіндіріңіз.
- Жақсы іс-әрекеті үшін сөзбен немесе сыйлықпен мадақтап көтермелеңіз.
- Бала кішкентайынан бастап ата-анасын, үлкендерді, жақындарды сыйлау керектігін білуі тиіс.
- Ешқашан баланың икемсіздігін күлкіге айналдырып және қорқынышына күлмеңіз. Қайта, керісінше, баланың қорқынышын бірге шешіп, сенімді қарым-қатынас орнатыңыз.
- Қаншалықты уақытыңыз аз болса да, балаңыздың жан-жақты дамуына көңіл бөліңіз. Есіңізде болсын, балаңыз – сіздің ең басты байлығыңыз.
Бала – әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» деген сөзі бар. Отбасында баламен қарым-қатынас кезінде өнегелі сөздерді орнымен қолданып, жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы, халқымыздың салт-дәстүрін, тілін, елін-жерін құрметтейтін азаматтарды тәрбиелеу – басты борышымыз екендігін үнемі жадымыздан шығармауымыз қажет.
Қорыта айтқанда, «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» — деп ата-бабамыз мұра етіп қалдырғандай, бала тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпақтарын тәрбиелейік.Тәуелсіз еліміздің ұлдары мен қыздарының жан-жақты дамыған, өзіндік пікірі бар, жерін, ата-анасын, ұстазын құрметтейтін азамат болуына ықпал жасайық.
Деменова Айнура Асқарқызы,
БҚО, Орал қаласы
№46 «Ақжайық» бөбекжайының әлеуметтік педагогі