Home » Балабақша » БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

ХХІ ғасыр- білімділер ғасыры болғандықтан, бүгінгі таңда заманымызға сай дені сау, ой өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Бала денсаулығының мықты болып,қозғалыс,дене құрылысының дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады.

Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын — сауықтардың бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Ұлттық ойындар негізінде әр халық түрлі – түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығына жақсартуда пайдалы аса күшті екені қилы.
Ұлттық ойындар – ата – бабаларымыздан бізге байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан, үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, ұштаса береді.

В.А.Сухомлинский сөзiмен айтқанда: «Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы да  жоқ  және  болуы  да   мүмкін  емес.  Ойын  дүниеге  қарай  ашылған  үлкен  жарық  терезе  iспеттi,  ол  арқылы  баланың  рухани   сезiмi  жасампаз  өмipмен  ұштасып,  өзiн  қоршаған  дүние  туралы  түciнiк  алады.

Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанған оты. Міне, ойын дегеніміз – тынысын кең алысқа меізейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін осындай ғажап нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.

Мектеп жасына дейінгі жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін фактордың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халықтың ұлттық ойындары. Ата – бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, баланың көзқарасы, мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған.

Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс – әрекеті. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.

Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық – Көк сандық», «Ақ сүйек» баланың көзін жұмғызып алаңдағы ағаш ішіне сүйекті лақтырып жіберіп, іздеу т.б. ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Яғни, таңертеңгі қабылдау кезінен кешке баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлерімен біртұтас сабақтас жүргізіледі. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл –қозғалыс ойындарын өткізу көзделеді.

Ең бастысы ата-бабадан қалған өнер мен өнеге, үлгілерінің лайықтыларын баланың сана сезіміне құйып көзіне көрсете отырып, ойын арқылы бойына сіңіріп, оларды әдептілікке, мейірімділікке ізеттілікке, туысқандық пен бауырмалдыққа, үлкенге — құрмет, кішіге — қамқорлыққа баулып адамды қажеттерді ұғындыру, қалыптастыру. Бір ғажабы ойындар балалардың жан сұлулығында, тән сұлулығында жан-жақты жетілдіруге бағытталған. Өзгені былай қойғанда жан-жануарлар қалай дыбыстайды, қалай іс-әрекеттер жасайды, оларды тілімізде қалай айтады дейтін танымдық, тілдің маңызы зор мәселелерді «Қалай айтуды білесің?» ойынның өзі балалардың құлағына құйып береді.
Әтеш — шақырады
Есек – бақырады
Күзен – шақылдайды
Бақа-бақылдайды
Шыбын – ызылдайды
Шіркей ызындайды
Ойынды ойнау барысында балалардың жас ерекшілігі ескеріледі. Әр түрлі ойынның өтілу барысында, оның ережесін сақтап, яғни 3 кезеңнен тұратынын ескеруіміз керек:
ойынды өткізер алдындағы дайындық жұмыс;
ойынның басталуы мен ойналу барысы;
ойынның аяқталуы.
Дене тәрбиесі оқу қызметі мазмұны негізінен қимылды, ұлттық ойындардан тұрады. Ойын кезінде жасалатын қимыл-қозғалыстар балалардың ептілік , шапшаңдық, күштілік, батылдық, төзімділік қабілеттерін дамытады. Денсаулығын нығайтып, ақыл – ойын өсіреді. Ойын барысында балалар бір-бірімен жақын араласып, тату, ұйымшыл болып өседі.
Сонымен бірге ойын ойнау негізінде бала:
— көңілді болып жақсы демалады;
— денесі қимылдап, бойы сергиді, миы тынығады;
— ойынға қатысушылар бір-бірін тез түсінеді, ұйымшылдыққа үйренеді.
Ойынды ойнату мен үйретудің мақсаты:
— ұлттық ойындар дене шынықтыру оқу қызметтерінде кең қолдана отырып, балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою, спорттық шеберліктерін, мүмкіндіктерін арттыру;
— қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихын ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған хас батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, өз елін қорғай алатын ел жанды, ұлттық намысы мол жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеу;
— жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге үйретіп өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру.
Ұлттық ойын ойнатудың негізгі мақсаты :
балалардың денсаулығын нығайту;
денені шынықтыру;
мәдениетін қалыптастыру;
өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру.
Ойынды ойнату мен үйретудің міндеттері:
-қажетті дене қозғалыс дағдыларын, танымдық-қозғалыс белсенділігін арттыру;
-қалыптастыратын дене жаттығуларының негізгі түрлерімен балаларды таныстыру;
-денсаулықты нығайтуға бағытталған қозғалыс әрекеттерімен дене жаттығуларының негізгі түрлерін балаларға меңгерту;
қызығушылығын қалыптастырып дамыту;
Оқу қызмеінде бағдарламаның мазмұнына қарай сергіту жаттығулары ретінде қолдануға болады. Дене шынықтыру оқу қызметтерінді қимылды ойын ретінде ұлттық ойындарды алуда тәрбиешінің өз еркінде.
Мектепке дейінгі ұйымдарда ұйымдастырылған тіршілік әрекетінің күн тәртібінде жоспарлауға болады.
Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділікпен тапқырлықтарын дамытады. Ойын арқылы балалар қоғамды тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойнау процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баланың жан – жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз болып табылады. Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері өте көп. Солардың қай – қайсы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған. Сондай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, дененің шынығуын қажет етеді. «Орамал ілу», «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты – ұшты», т.б. ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірибесін кеңейту, ептілік қабілеттерін жетілдіруге өз әсерін тигізеді

Мысалы төмендегідей ойын түрлері:

Ақшамшық (сақина салу). Бұл – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны сақина салу, сақина тастау деп те айтады. Ойынға он –он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз-жігіттер үйде дөңгелене оты- рып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізушінің ала-қанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салған болып шығысымен, «Тұр сақинам, тұр», — деп, немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған адам орнынан атып тұруға тиісті, «Сақина менде», — деп. Оны көршісі ұстап алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін көрсетеді. Кейбір кітаптарда сақина тастау ақшамшық емес, ақшымшық деп те жазылып жүр.
Теңге алу. Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабондоздық тәжірибені қажет етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі.
«Қыз қуу». Ол – ұлттық ат спорты ойыны. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт  атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюі керек. Бұл – жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігітті, оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыздың жеңгені.
Көкпар. Ұлттық ат ойыны. Этнографтардың айтуынша, әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алғанда өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып, өздерінің ойынның бір түрін ойлап тапқан. Уақыт өте келе көкпар ұлттық ойынға айналған. Екі топ болып бөлініп, көкпарды бір-бірінен алып қашып, қазандыққа салу. Қай топтың жігіттері шапшандық көрсетіп, қазандыққа көкпарды салу ұпайлары көп болса, сол топ жеңіске жетеді.Келесі топ жеңіліске ұшырайды.

«Күміс ілу» (жүзік ілу) — ептілікті, атқа жақсы отыруды керек ететін ұлттық ойын. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, әйтпесе жүзігін тастайды. Сондықтан да кей жерлерде бұл ойын «жүзік ілу» деп аталады. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпеспен, әлгі орамалды іліп алып кетуі керек. Осылайша қазақ жігіттер өзінің ептілігі мен шеберлігін «Күміс алу» сайысында дәлелдей білген.

«Бәйге». Бұл жарыстың бірнеше түрі  бар. Олар: аламан бәйге, тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге. Бәйге жарысы, негізінен, жазық жерлерде өткізіледі. Көмбеге алғаш озып келген шабандоз жеңімпаз атанып, сыйлыққа ие болады.

«Асық ойыны». Бұл — балалардың ежелгі спорттық ойыны. Тақыр алаңға көлденеңінен түзу сызық сызады да, соны бойлай тігілген кенейді кезектесіп сақамен ату арқылы мергендік сынасады. Асық ойынының үш табан, бір табан, шығу, шеңбер секілді бірқатар түрлері бар. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Олар ойнаған асық ойындары қора хан, құмар, т.б. аталған. Асықтың «Хан талапай», «Төрт асық», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Омпы», «Сасыр» секілді түрлері де бар.

 «Ақсүйек». Бұл ойында қойдың жілігі немесе жауырыны, жамбасы пайдаланылған. Ойын жүргізуші ойыншыларды екі топқа бөледі. Сөйтіп, алдын ала әзірленген сүйекке белгі салып алған соң, оны алысырақ барып лақтырады. Кейде екі топтың мүшелері кезектесіп те лақтырады. Ойынға қатысушылар ақсүйекті іздеп табуы тиіс. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, оны көмбеге жеткізуі тиіс. Ал мұны қарсыластары біліп қойса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топ бұрын жеткізсе, сол топ жүлдегер атанады. Зеректікке, ептілік пен икемділікке баулиды.
Арқан тарту. Бұл екі топқа бөлінген балалармен немесе екі баламен ойналады. Арқанның екі жағынан екі бала немесе екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып, алып, кесе сол топ жеңіске жетеді. Екі бала тартысқанда қай бала өзіне қарай арқанды тартып екінші баланы құлатса, құламаған бала жеңіске жетеді.
Орамал тастамақ. Балалар шеңбер жасап тұрады. Бастаушы(тәрбиеші) балаларды айнала жүріп бір баланың артына орамал тастап кетеді. Артына орамалды тастағанын сезген бала менің артымда деп жауап береді. Артына орамалдың тасталғанын сезбесе ол өлең, тақпақ айтып немесе билеп беруі керек. Балалар шеңбер бойында көздерін жұмып тұруы керек. Ойын осылай жалғаса береді.
Ақсерек-көксерек. Бұл ойынды ойнау үшін балалар екі топқа бөлінеді, қолдарынан ұстап тұрады. Ара қашықтық 20-30 қадам.
1-ші топ. Ойынды бастайды: Ақсерек-ау ақ серек
Бізден сізге кім керек.
2-ші топ Ақсерек –ау ақ серек
Жаман-жаман бала аты (бала аты) керек
Аты аталған бала келесі топқа дейін жүгіріп барып ортасынан ұстасқан қолдарды ажыратып кету керек. Егер өтіп кетсе сол топтан бір баланы тобына алып қайтады, өте алмаса сол топта қалады. Ойын осылай жалғаса береді.
Түйілген орамал. Ойын жүргізуші ойынды өзі бастайды. Ең алдымен балаларды айналасына жинап алады да «1, 2, 3» — деп дауыстайды. Осы кезде балалар жан — жаққа бытырай қашады. Ал ойын жүргізушісі қолында түйілген орамалы бар баланы қуалайды. Ол орамалды басқа біреуге лақтырады қағып алған бала қаша жөнеледі. Осылайша ойын жүргізіледі, түйулі орамалды алғанша қуалай береді. Ұсталған ойыншы көпшілік ұйғарымымен ортада тұрып өнер көрсетеді.. Одан кейін ойын жүргізуші ауыстырылады. ойын ойнап болған соң балалар шеңбер жасап тұралы.
Соқыр теке. Балалар дөңгелене тұрады. Бір баланың көзі байланып қойылады.
Балалар: Бота, бұзау, қозы, лақ
Қайда кеткен құлыншақ
Соқыртеке бақ-бақ
Мені ізден тап-тап
Деп тақпақтайды.
Содан кейін Соқыртеке (баланың көзі байлаулы) балаларды қуалайды немесе балалар оның жанына келіп түртіп қашады. Соқыр теке ұстап алған баланың көзі байланады да ол «Соқыр теке» ролін атқарады. Ойын осылай жалғаса береді.
Сақина жасыру. Ойынды өткізуші және сақина жасырушы бала белгіленеді. Қалған ойыншылар жерге отырып тізілерінің үстіне алақандарын жаяды. Бастаушы жабулы қолын әрбір ойыншының алақанына салысымен, ол бала алақанын жаба қояды.Бастаушы бір баланың алақанына сақина салысымен, ойыншылардың біреуінен-«Сақина кімде»-деп сұрайды. Ол сақинаның кімде екенін білсе сол баламен орнын ауыстырады. Ал білмесе ол өз өнерін көрсетеді. Ойын басқарушы ойынды осылай жалғастыра береді.
Қуыр-қуыр қуырмаш. Оң қолдың бес саусағын бір жерге түйістіреді де, сол қолымен оны бүрмелеп қапсыра ұстайды.Содан соң екінші балаға:
— ортаңғы саусағымды тапшы, — дейді.Екінші балаға қарап байқап отырады да, міне, -деп бір саусақтың басынан шымшып ұстап тұрады.Егер екінші бала жасырушының ортанғы саусағын дәл тапса, ұпайды бірінші бала тартады.Ұтқан бала ұпай алу үшін мына ережелермен сөздерді жақсы білуі керек.
1. Бас бармақтан бастап шынаққа дейін саусақтардың атын бір түгел атап береді: басбармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек.Бес саусағын түгел жұмады.Тағы да бас бармағыннан бастап, былай деп 5 саусақты түгел жазады.
Сен тұр қойыңа бар.
Сен тұр түйеңе бар
Сен тұр жылқыңа бар
Сен тұр сиырыңа бар
Сен кішкентай әлі жас екенсің
Қазанның қаспағын қырып же де, жыламай отыра тұр.
Енді осы шынашақтың өзі алақан шұңқырына бүгіп тұқырта ұстайды да:
Қуыр-қуыр , қуырмаш
Балапанға бидай шаш
Әжең келсе есік аш
Қасқыр келсе мықтап бас
Шынашақты шыр айналдырып, баланың алақанын қытықтайды.Осыларды істеп бола беріп:
Мына жерде қой бар
Мына жерде жылқы бар
Мына жерде жылқы бар
Мына жерде түлкі бар
— деп баланың білегінен қолтығына дейін түртіп ең соңында мына жерде күлкі бар –деп сәл ғана қытық-қытық! Қытықтайды
Хан талапай.
Бұл отырып ойналатын, негізінен қыз балаларға арналған ойын.Оған төрт-бес үміткерден қатысады.Ойын үшін он асық таңдап алынады.Он бірінші асықтардан ерекше өзге түске (қызыл, не көк) боялған болуы шарт бір-бірден асық үйірусіудің қорытындысы бойынша ойыншылар кезектерін бөліседі.Бұдан соң алғашқы ойыншы қос уыстай ұстаған бар асықты ортаға үйіруі керек.Қалған ойыншылар аңдысын аңдап өзге асықтардан ерекшеленген «ханға» қадалады.Себебі, хан алшы түссе, барлығы тарпа бас салып, ортадағы асықтарды, хан талапай жасауы тиіс.Хан кімнің қолында кетсе, келесі үйірі кезегі соған беріледі екен, хан мен бірге қолына ілінген асықтардың санына қарай ұпай жазылады.
Хан алшы түспеген жағдайда үйірген ойыншы шашылған асықтардың бүгі мен бүгін, шігі мен шігін , алшысымен-алшысын тәйкесімен мен тәйкесін бір-біріне соғып, кенейлер бір-біріне тимей қалғанша ұпай жинайды.Көздеген асығы үшінші бір асыққа тиіп кетсе, немесе бөгде асықты қозғап қалса да, ойынның бұзылғаны.Онда кезек келесі ойыншыға беріледі.Осы ретпен әр ойыншы жинаған асығының санына қарай ұпай жинайды. Межелі ұпай санын (100 не 50 немесе 80-40) ойын жүргізуші алдын ала белгілейді.Межеге бұрын жеткен ойыншы жеңімпаз болып саналады. Ескерту: Асықтарды бір-біріне тигізу кезінде қолмен сүйретіп апаруға, орыннан қозғап түзетуге бол майды.Ойынның соңына дейін ханға бірде — бір асық тимеуі керек.Себебі ол –хан.
Аударыспақ
. Қазақтың кәдімгі ұлттық ойын спорт ойыны.Қарапайым бөренеден «ағаш ат» жасаудың еш қиындығы жоқ.Екі жақ басы берік тұғырға бекітілген биіктігі бір-бір жарым метрдей (балалардың жасына қарай) ұзындығы 70-80 сантиметрдей бір –біріне қапталдас орналасқан «ағаштардың» ара қашықтығы екі жақтан созылған қол ерін жектетіндей болса жеткілікті..Оларға мінген «шабандоз» балалар бір-біріне қарама қарсы отырып қол ұстасады.Төрешінің белгісімен бірі-бірі тартып, не итеріп, әйтеуір қай айласын, не күшін асырғаны қарсыласын»ағаш аттан» аударып түсуі шарт.Аяқты жерге ағаш атқа тіреуге болмайды.ойын шарты бұзылады.Ағаш аттың құлағанда айналасына құм немесе ағаш үгінділері төселу керек.
Теңге ілу. Ойынға қатысушылар тепе-тең екі топқа бөлінеді.Әр қайсысы жеке-жеке шыбықтан ат мінеді. Ойын кезгі басталатын жерге сызық сызылады.Одан әрі 20-30 метрдей жерден тереңдігі бір қарыстай екі шұңқыр қазылады.Шұңқырға он-оннан тас салынады.Содан екі топтан екі сайыскер шығады.сызыққа келіп қатарласып тұрады.Бастаушының белгісі бойынша шыбық аттарын құйғытып, шаба жөнеледі.Сол беттерімен әлгі шұңқырға жетіп қол соғып жібереді де, тасты іліп алып, әрі қарай шауып кете барады, шұңқыр тұсында бөгелуге болмайды. Ұпай әр сайыскердің іліп алған тастарының санына қарай есептеледі.Қай топ көп ұпай жинаса, сол топ жеңеді
Ұлы педагог В.И.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», — дейді. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі. Сонымен қатар ұлттық ойындардың балаларға арналған кейбір түрлері өлеңмен өрнектеліп отырған. Өлең-жыр арқылы ата-бабаларымыз ойынның эсттикалық әсерін арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің өлең-жырға, деген ықыласын оятып, дүниеанымын арттыра білген. Тіпті кейібір ойындар арқылы жас ұрпақты еңбекке баулып, шынықтыруды мұрат еткен.

Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Ұлттық ойындар арқылы өз халқының тарихын, жерін, даму сатысын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, қонақ жайлылығын айқындап көруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып, яғни адамгершілік қасиеттері де қалыптастырылады. Басқа ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындар тәртібін бұлжытпай орындауы баланың ойын барысында тәртіп сақтауы, баланы осы кезден бастап тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа баулиды, адал, қайырымды, өжет болуға тәрбиелейді.
Ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі тәлім-тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыпымызды, салт- дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлеуді балаға сәби кезінен қалыптастырған жөн.
Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Қайсыбір ғалымдар қазақ халқының ұлттық ойындары түрінің жүзден асып жығылатынын айтады. Мұның өзі қазақ халқының ежелден-ақ айрықша дарынды һәм білімді болғанының дәлелі. Тағы бір ерекшелігі, ұлттық ойындардың, әсіресе, балаларға арналған турлері әдетте өлеңмен «өрнектеліп» те отырған. Демек, халқымыз ұлттық ойындар арқылы жас жеткіншектерді өмір сүруге дағдыландырып, қиындықа төзе білуге, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды басты мақсат еткен. Мысалы, «Аламан бәйге», «Аударыспақ», «Арқан тарту» ойындары адамды төзімділікке үйретуге, ерік-жігерді игере білуге, білек күшін дамытуға бағытталған. Ұлттық ойындардың тағы бір ерекшелігі, әр ойын жас ұрпақты салиқалы да салмақты, шебер әрі епті болуға баулиды. Өйткені әрбір адам өзінен өрбіген үрпақтың ынжық, бойкүйез болып қалмай, жан-жақты, білікті де күшті болып өсуін өмірдің мәңгі мәні ретінде қабылдаған.

Ойын балалардың  негізгі  іс–әрекеті  ретінде  психологиялық, анатомиялық–физиологиялық, педагогикалық маңызы зор қызметтер атқарады. Ойын  баланың даму құралы,  таным–көзі, білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойында басталады».

Ойын – баланың қажетті әрекетінің бірі ойынды кіші жастағы балалардың табиғаты керек етеді. Балалардың еңбегі, оқуы ойыннан басталады. Ойын арқылы оқушы білім алуға, оқуға қызықтыра отырып, тұлғалы дамуын қалыптастыруға болады. Жалпы, математика сабағында қолданылатын ойын түрлері оқушылардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түсетіні белгілі. Математика сабағында қазақтың ұлттық ойындары қолданылады. Мысалы, «Сақина салу», «Ақсүйек» ойыны белгісіз санды табуға арналған ойын. Ойынға толық сынып қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнына «ақсүйек» тығылып жатыр. Кім дұрыс шығарса, сол табады. Кім ақсүйекті көп тапса, сол ұтады. Өтілген тақырыптардағы сабақ материалына лайықталған ойын есептерін алып, тек ғана оқушының орындай алатын іс — әрекетімен шектелу жеткіліксіз. Мұндай ойынды ұйымдастырудың және басқарудың сипаты мен жолдары және жолдары және оларды қолданудың тиімді бөліктері жан-жақты ойластырылуы керек. Ойын үрдісінде балалардың білімі тереңдей түседі, осыған дейінгі білімдері мен түсініктері баянды болып жаңа білім игеріледі.Ойын — адамның өміртанымының алғашқы қадамы деп білеміз. Оның басты ерекшелігі баланың ойлау қабілетін жетілдіру болып табылады. Атау ұйқастарын санау арқылы оқушылар сан үйренеді, санға аты ұйқас заттарды  танып біледі. Санамақтар сан үйретеді, әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Санамақтың түрлері өте көп. Ойында балалар әр нәрсеге жақсы зейін қояды және көбірек есіне сақтайды. Ойын үстінде ол алға қойылған мақсатты шұғыл және оңай жүзеге асырады. Ойын шарттарының өзі баладан заттарға, айналатын көріністер мен сюжетке зейін тоқтатуды талап етеді. Егер бала ойын талабына зейін қойғысы келмесе, ойын шарттарын есте ұстамаса, онда оны құрдастары ойыннан шеттетуі ықтимал.

Ойын — балалардың негізгі іс — әрекетінің бір түрі. Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Кіші мектеп жасындағы балаларды көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданалытанын байқау қиын емес. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар  дүниені тани бастайды, өзінің күш-жігерін жұмсап, сезініп білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.

Бүгінгі күн талабы баланың ақыл ойын дамыу, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойы жүйрік етіп тәрбиелеу.

Сондықтан да баланың танымын алғашқы күннен бастап дамытудың, бойында оқыту мен тәрбиелеудің негізін қалыптастырудың құралы-ойын әрекеті, яғни ойын баланың жетекші әрекеті. Бірақ, ойын теқ қана балаларды қызықтырып уақыт өткізудің құралы болмай, балаға берілетін білім мен тәрбиенің құнды негізі болуы ерек. Яғни,  оқыту-тәрбиелеу жұмысын бағдарлама алаптарына сәйкес ойын үрінде ұйымдастыра отырып, баланың логикалық ойлау қабілетін арттыруға жағдай жасау негізгі міндет. Бала ойын барысында айнала құбылыс сырын танып сезінеді, себеп-салдарлық байланысты және  тәуелділікті анықтауға тырысады.

Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік мәні зор. Бұған қоса, ұлттық ойындар қазақ халқының о бастан ерекше мәдениеті болғанын айқындайды. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек, адамның өмір сүруінде қазақтың ұлттық ойындарының атқаратын маңызы ерекше. Басқаны былай қойғанда, әр ұлттық ойын оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп ғана қоймай, қиындықтан қорықпай, қарсы тұра білуге үйретеді.

 

 

Данибекова Жанар Нұртаевна
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
Есік қаласы
«Айжан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.