ХХІ ғасырда еліміздің туын асқақтатар білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – біздің, ұстаздар қауымы алдымыздағы ең басты міндеті. Ал ұрпақ тәрбиесінде адамгершілік тәрбиесінің маңызы қай қоғамда, қай кезеңде болмасын күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Оған дәлел Аристотельдің «Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек»— деген сөзі дәлел.
Осы тұрғыда жалпы білім беру жүйесін ізгілендіру қажеттілігі, қазіргі таңда рухани–адамгершілік тәрбие беру өзекті мәселе ретінде қарастырылады.
«Бала тәрбиесі–мемлекеттің маңызды міндеті» деген сөзді Платонның өзі де бекер айтпаған болар. Өйткені, ұрпақ тағдыры дегеніміз – ұлт тағдыры. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешіліп отыр. Қазіргі таңдағы ағымда оңай болып отырған жоқ. Біз қайда бара жатырмыз, қандай ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз, алдымызда не күтіп тұр деген сұрақ әрбір ата-ананың, әрбір педагогтың көкейінде тұр.
Француз жазушысы әрі философы Жан-Жак Руссо өзінің «Эмиль немесе тәрбие туралы» атты кітабында «баланы өмір сүруге үйрету керек» деп жазған болатын, өйткені өмір сүру адамның – ең басты мақсаты мен міндеті. Ал өмір сүру дегеніміз- өмірдің әрбір мезетін, әрбір көрінісін толыққанды, бар мүмкіншіліктерімен, мүшелерімен сезіну. «Дана» деп көп ғұмыр сүрген адамды емес, өмірді жан – жақты сезіне білген адамды атамаймыз ба?!
Сондықтан да шәкірт оқу орнының табалдырығынан қандай да бір ғылым иемденіп қана емес, бірінші кезекте адам болып шығуы қажет. Ол өз жүрегі мен жанын өмірге және басқа адамдарға айқара ашқан, жалған қағидаларды ұстанбайтын, дүниеге өз көзқарасы бар тұлға болуы керек. Адам болу дегеніміз-адамгершілік қағидалар мен құндылықтарды ұстану, өмірдің мәнін өзіңнен емес, басқадан көру. «Өзің үшін!» қағидасының «Өзге үшін!» ұстанымынан бәсең болуы. Адамгершіліксіз білімнің еш қажеті жоқ екендігін ХХ-шы ғасыр дәлелдеді емес пе?!
Сол себепті де ұстаздың басты мақсаты–шәкірттерін адам болуға баулу деп тұжырымдауға тұрарлық.Әрбір пән,әрбір сабақ, әрбір тақырып осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталуы керек. Керек десеңіз, олардың барлығы да тек осы мақсаттың құралы ғана.
Ал егер де оқушы қандай да болмасын бір тақырыпты немесе бір пәнді білмесе, бұл қынжылуға тұрарлық жәйт емес, өйткені мұндай жетіспеушілікті аталған биік мақсат толықтырады. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт оқу нәтижесінде қандай да болмасын пәнді біліп емес, адам болып қалыптасуы керек.
Жан-Жак Руссо ХVIII ғасырда «Бізде физиктер, геометрлер, химиктер, астрономдар, ақындар, музыканттар, суретшілер бар, алайда бізде азаматтар жоқ деп налып айтқан екен. Бір ғасырдан кейін орыс педагогы Н.И. Пирогов педагогикалық процестің мақсаты «біздер адам қылу, саудагер, теңізші, солдат, заңгерлерді тәрбиелеу емес, адам мен азамат қалыптастыру» деп Жан-Жак Руссоға үн қосады.
Ғұлама хәкім Абайдың негізгі ұстанымы да «Адам бол!» еді ғой… Абай өзін өзгеден артық санайтын адамнан бойын тартып, тіксініп қана қоймай, оны адам қатарына қоспаған. Адам мен адам бір-біріне тең тұтқанда, тегін сыйлағанда ғана сүюі мүмкін.Адам баласын осылай сүйе алған Абай «Адамның баласы – бауырың», «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген нақыл сөздерінен білуге болады. Аса зор гуманистік сүйіспеншілікпен айтылатын мұндай ауқымды, құдіретті сөзді тек кеудесінде Жер шарындай алып жүрегі бар Абай сынды тұлға ғана айта алса керек. Сондықтан талай-талай ұлылардың тәлім-тәрбиелік әдеп-қағидаларын, өмірлік ғибратты өсиеттерін жастарымыздың санасына сіңіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды игерту білім беру жүйесіндегі қажетті шарты болып табылады.
Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беруі үшін балаларда жас кезеңінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті, сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандылықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек.
Қазіргі жағдайда бұл талаптарды жүзеге асырудың мынадай мүмкіндіктері бар.Рухани-адамгершілік құндылықтарды кез-келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу.Сыныптан тыс сабақтарды баланың адамдық асыл қасиеттерді игеруіне ықпал ететіндей бағытта ұйымдастыру.
Бүгінгі таңда үлкендерге балалардың ынтасы мен назарын өзіне аударуға қол жеткізу оңайға түспейді. Балалардың рухани-адамгершілік тағылымына кері әсер етуші факторлар: жат қылықты жариялайтын фильмдер, бейнетаспалар және компьютерлік ойындар.Сондықтан сабақтан тыс кездердегі жұмыстарды ұйымдастыруда оқытушы барынша тапқырлық танытқаны жөн. Мұндай кездесулерді оқушылар оларға қатысуға құлшынып тұратындай және оның жалғасын асыға күтетіндей дәрежеде тартымды етіп өткізу керек.
Сабақтан тыс кезіндегі пікірталас, әсерлі әңгі мелер, мұражайға, театрға немесе классикалық музыка концертіне бірге бару, үйірмелердегі театрланған сабақтар–осының бәрі рухани-адамгершлік тәрбие үшін таптырмас құралдар.
Олар білімгерлердің шығармашылығын оятып, жан дүниесімен сезінетін тамаша ойларға жетелейді. Ал одан тек жағымды қасиеттер туындайтыны белгілі.
Жалпыадамзаттық құндылықтар білімгерлерге жеке сабақтарда берілуі мүмкін. Мұғалім әрбір сабақты жан-тәнімен беріле оқытуды, бала жанына әсер ететін құндылықтарды қалыптастыруды өзі үшін заң санауы қажет. Шын мәнінде жалпыадамзаттық құндылықтар ұғымына енетін өмір құбылыстарының бәрін сабақтардың кез келгенінде көрсетуге болады.
В.А.Сухомлинский айтқан екен:«Дәрігер балаға жақындар алдында қолын жылыту керек деп, ал мұғалім жүрегін». Сондықтан мұғалімнің бұл сабақтарға дайындалуына қажетті қайнар көздері өте көп…
Көрнекті педагог В.Сухомлинский: «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады»- дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп,оның жүрегіне адамгершілікті үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Қаленова Гульзахира Сапарғалиқызы
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша ПҚБАИ,
қоғамдық-бұқаралық байланыс және
баспа қызметі бөлімінің басшысы, магистр