Home » Мақалалар » Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі

Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі

Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа?!

Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше, үй іші үлкендерінің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.

Балаңызбен көбірек сөйлесіңіз. Есіңізде болсын, теледидар да, радио да сіздің орныңызды баса алмайды. Балаңыздың құрдастарымен қарым-қатынасын шектемеңіз. Баласы бар отбасылармен араласыңыздар. Өз тәжірибелеріңізбен алмасыңыздар. Балаларыңыз өсіп, жеке өмір сүретін кез келетіні естеріңізде болсын. Оны болашақ өмірге дайындаңыздар, ол туралы әңгімелесіңіз.

Қазағымыздың ұлттық-мәдени құндылықтарын қастерлей, имандылық адами қасиеттерін құрмет тұта отырып, «Ұлт тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлды тәрбиелейміз» деп өз жеріміздің, ұлтымыздың болашақ иелерін тәрбиелейік.

 

Карсахова Еркинай Танжарыковна

Балапан балабақшасының тәрбиешісі

Қостанай облысы, Жітіқара қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.