Home » Мақалалар » Бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі мен міндеттері

Бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі мен міндеттері

 

Жас ұрпақ-біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы өкілі ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Бүгін мектеп табалдырығын аттаған жас өркеннің ертең қандай адам болып шығатыны ата-аналар мен ұстаздар қауымының арасында мәңгілік таусылмас тақырып болып қалып отырғаны да сондықтан. Бұл-білім мен тәрбиенің егіз ұғым екенін көрсетеді.

XXI ғасыр-қатаң бәсеке ғасыры.Еліміздің білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Қазақстанда білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасып, жаңа білім парадинмасы бірінші орынға баланың білім дағдысын қалыптастыру емес, тұлғаның ақыл-ойы, іс-әрекетін дамытуды көздеп отырғандықтан, мектепте жеке тұлға тәрбиелеп, оның ақыл-ой еңбегін арттырып, ой ұшқырлығын шыңдап, қоғамда ой-сана алуандығын жетілдіру, қоғаммен байланыстыру, өз ортасымен байланыс жасауын нығайту.

Болашақ ұрпақтың тәрбиелі, мәдениетті де білімді болуы, ең алдымен ата-анадан, отбасы, ошақ-қасынан басталмақ. Дана қазақтың  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөзі тегін айтылмаса керек. Адамды адам ететін қоршаған орта және тәлім-тәрбие десек, мектеп жасы балаларының тұлғалық ерекшеліктерінің қарым-қатынасына отбасы, отбасының қарым-қатынасы, отбасының психологиялық тәрбиелеу стилінің маңызы зор екенін білеміз. Ата-аналар мен мектептің басты мақсаты-дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, ұлтжанды, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу. Ендеше отбасында балаға берілетін тәрбиенің ауадай қажеттегі. Жасыратыны жоқ, қазір отбасы тәрбиесі үлкен маңызын жойып отыр, өйткені, ең басты белең алып отырған қасірет: үйдегі ата-ананың жұмыссыздығы, әркімнің бір жұмысын тұрақсыз істеуі-бала тәрбиесіне жеңіл қарауының салдары. Ата-аналар бала тәрбиесінде жауапкершілікті бәсеңдетпеуі тиіс. Ал ата-ана балаларына үлгі-өнеге көрсете алмаса, тәрбиелі бала өсу екіталай. Өйткені бала ересектерге өте еліктегіш келеді, көп нәрсені жақсыны да, жаманды да солардан үйренеді. Бүгінгі ұрпақ өз отбасының мүшелерін сыйлау арқылы, Отанын, жерін, өз халқын сүюді бойына сіңіреді. Қазіргі кезде мектеп пен отбасындағы ынтымақтастықты орнатуға немқұрайлылықпен қарау да орын алып отыр. Бұл күн көріс жағдайымен отбасындағы балалар тәрбиесіне көңілдің бөлінбеуі, тіпті ата-аналар жиналысына келмеуі, мектеппен байланыс жасауға талпыныстың болмауы-ойландыратын-ақ мәселе.

Қазақстан Республикасының  «Неке және отбасы» туралы Заңының X тарауындағы 62-бапта: «Ата-аналардың балалар тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі құқықтары мен міндеттері» көрсетілген. Онда: «Ата-аналар өз балаларын тәрбиелеуге міндетті» делінген. Сонымен қатар: «бала тәрбиелеуші ата-аналар өздерінің қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктерінің шегінде, оның дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін, негізгі жауапкершілікте болады»-деп көрсетілген. Сондықтан баланың, әсіресе, демалыс күндері бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, сабақтан тыс уақытта немен айналысып жүргенін күнделікті бақылап, беймезгіл уақытта кіммен жүргенінен ата-аналар хабардар болуы шарт.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 49-бабын мысалға келтіретін болсақ, онда: ата-аналар мен оларды алмастырушылардың міндеттері туралы айтылған. «Ата-ана білім беру ұйымынан өз баласының үлгеріміне, мінез-құлқына және оқу жағдайларына қатысты ақпарат алуға құқығы бар және балаларға өмірімен оқу үшін салауатты, қауіпсіз жағдай жасауға, олардың ой-өрісімен дене күшін дамытуда имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз етуге міндетті және балаларды оқу орынындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті»-деп көрсеткен. Ал біздің мектебіміздің жарғысында ата-ананың міндеті былайша айқындалады:

-баланың өміріне, оқуына, денсаулығына, рухани және дене күшінің  нығайуына, адамгершілікті болып өсуіне жағдай жасайды;

-6-7 жастан бастап баланы жалпы білім беретін мектепке орналастыруды анықтайды;

-пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен үнемі байланыста болады;

-баласы орта білім алғанға дейін оның мектептегі оқуын, сабаққа қатысуын қадағалайды;

-мұғалімнің, сынып жетекшісінің, мектеп басшысының талабымен мектепке келуге тиісті.

-мектеп Жарғысының талабын және оның ішкі тәртібін орындауға көмектеседі.

-мемлекет пен мектеп алдында баланың рухани дамуына, моральдық бетпердесі мен тәртібіне, тіпті заң жүзіндегі қылмыстық әрекеттеріне дейін толық жауапкершілікті өз міндетіне алады.

Мектебімізде, мектеп алды, даярлық топтары мен 11-сынып аралығында мың жарымға тарта оқушы оқиды. Яғни мыңға жуық ата-ана бар деген сөз. Осы ата-аналарымыздың көпшілігі өз жауапкершіліктері мен міндеттері жақсы түсініп, мектеппен тығыз байланыс орнатып отыр. Осындай бірлескен жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Ұлы Абай: «балаға мінез үш адамнан жұғады, біріншіден-ата-анасынан, екіншіден-ұстазынан, үшіншіден құрбы достарынан»- дегендей, ең алдымен ата-анаға ұқсас мінез пайда болатын, отбасындағы тәрбиенің жоғары болуы керектігін көрегендікпен айтқан. Отбасы-балаға өмір мақсаты мен құндылықтары туралы мағлұмат беретін және мінез құлық мәдениетін қалыптастыратын алғашқы ұжым. Отбасында бала алғашқы адамгершілік дағдыларын үйренеді. Ата-ананың түсіндіруі, айтқан ақылы мен үлгі өнегесі, үйдегі өмір салты, отбасындағы ахуал балалар бойындағы мінез-құлық әдетін бағалау өлшемдерін қарастырады.

Дербес Қазақстан мемлекетінің ертеңгі болашағы-бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне тікелей тәуелді. Өскелең ұрпақтың рухани жан-дүниесін білім нәрімен сусындатып,халықтың ерте заманнан жинақталған асыл мұрасымен байытып, ұлттық дәстүрлердің озық үлгілерін санасына сіңіріп, Абайша сөйлесек: «Көкірек көзін оята тәрбиелеу»-ата-ана жауапкершілігінен басталып, мектепте жалғасып, бүкіл қоғам болып, көтеретін жауапты міндеттердің бірі болып табылады. Осы міндеттерді шешу жолында дұрыс тәлім-тәрбие беру нәтижесінде тәрбиелі бала, мейірімді ана, ұлтжанды,инабатты тұлға тәрбиелеп шығарсақ, қазақ елінің дамуы ғасырлар бойы жалғасын табатынына сенеміз.

 

 

Коптилеуова Фарида Коптилеуовна
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылы
«Бейнеу ауданының  әкімдігінің «Жұмағали Қалдығараев атындағы  орта мектебі» ККМ
бастауыш сынып мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.