Халықтық шығармалардың ішінде ертегілердің балаларға тигізетін әсері ұшан теңіз. Халықтық ертегілер – халық өмірін бейнелейтін фантастикалық негізге құрылған оқиғалы көркем шығарма. Ертегінің өзіндік құрылысы, көркемдік ерекшелігі бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиғаның желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Әсіресе адам өміріне байланысты іс-әрекет өткір сықақ-мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді. Бала жағымсыз кейіпкердің жексұрын әрекетінен бой тартып жақсылыққа құмартады. Ертегінің әр жақты сырын қызықты, тартымды, бала санасына лайықтай жеткізу айтушының шынайы шеберлігіне тікелей байланысты.
Ертегінің бай фантастикасы балалардың ойына қозғау салып, өмірдің неше алуан сырларын танытады, сана-сезімі мен ақыл-ой қызметінің дамуына, ерте қалыптасуына көмектеседі. Ертегі оқиғасы басталатын жерден-ақ қызықты, ұшқыр қиялды болып келеді де, баланың ойын бірден қызықтырып, еліктіріп әкетеді. Халық ертегілерінің ішінде балалар арасына кең тарағаны – хайуанаттар жайындағы ертегілер. Ондай ертегі кейіпкерлерінің өмір сүру жолындағы, қарым-қатынастар жасаудағы айла тәсілдері балаларға ой салады. Бұл ертегілер баланың санасын оятып, мақсат-мұрасына жетуге үйретеді. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: « Ертегілер жас баланың ой-санасын оятып, қиялының шарықтап өсуіне әсер етеді.»,-деп көрсеткен. Хайуанаттар жайындағы ертегілердің бәрін алып қарасақ та, баланың ұғымына сай, түсінуіне жеңіл, күлкілі, қызықты болып айтылады. Ертегілерде балаларға ой салатын екі сипат бар. Олар:
- Ертегі бәрі кейіпкерлерінің мінез өзгешеліктерін, сырт көріністерін, күн көрінісін байқайды. Есту, тыңдау арқылы олар енді тікелей білуге, зерттеуге құштарланады.
- Екіншіден хайуанаттар жайындағы ертегілер арқылы оны мысал ете отырып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, олардың мінез-құлқын салыстыра отырып, байқайды. Ондай ертегілердің қатарына «Түлкі мен қоян», «Түлкі мен бөдене», «Күшік пен мысық», «Түлкі мен тауық», т.б жатады.
Ертегі кейіпкерлері арқылы балалар қиын қыстау кезінде асып-сасуға, не нәрсені болса да, ақылға салып шешуге үйренеді. Ертегі баланы парасаттылық пен тапқырлыққа баулиды. Мұнда балаларға үлгі, өнеге боларлық терең ойлар айтылады. Ертегі оқиғасындағы әр алуан кейіпкерлердің іс-әрекеттері, ол кейіпкерлердің тапқырлық іскерлік, айлакерлік іс-әрекеттері: аңқаулық мінездер балалардың таң-тамаша қалдырып, сүйсіндіреді. Ертегілердің осындай ерекшеліктері балалардың талғамын күшейтіп, сөйлеу мәдениетін, байланыстырып сөйлеуін дамытып, өз ойын жүйелі жеткізе білуге үйретеді.
Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық.
Руханилық жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады. Балалардың ой-өрісін кеңітіп, дүниені молырақ танытатын ертегілер бала ұғымын, түсінігін, дүние танымын кеңейтеді. Тілін ұстартып, ұштай түседі, ойлау мен қиялын дамытады. Мысалы: «Қаңбақ шал» ертегісіндегі қауқарсыз шалдың ақылмен жеңуі, дәулердің күші көп, ақылы аздығы тыңдаушыны қызықтырып, тіпті ертегіні баяндаушыға қосылып айтып кеткісі келетіндей әсерге бөлейді. Халқымызда қай тақырыпта да табылатын, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиерлік ертегілері қаншама?! Ол ертегілер арқылы бала өз халқының тілін, мәдениетін, дәстүрін біледі және ой өрісі қиялы дамиды және адамгершілікке тәрбиеленеді. Мысалы: «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» деген мақалды, «Жаман дос жолдасын жолда қалдырар» деген мақалдарды «Екі дос», «Кедей мен бай» атты ертегі желісінен оқуға болады.
«Бай баласы мен жарлы баласы» атты қызықты ертегі арқылы еңбек адамның кез келген қиыншылықты жеңуге үйрететінін және өмірлік тәжірибесі арқылы жеңіске жететінін көреміз және «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалды дәлелдей түседі.
«Мақта қыз бен мысық» ертегісі өте тартымды, қызықты. Бұл ертегіде мақта қыздың досы мысық мақта қыздың тілін алмай қатығын төгеді де, оны қайтарып беру үшін көптеген адамдарға жолығып, көп қиыншылық көріп барып, қатықты төлей алады. Бұл жерде адамды әрбір іс қимылына жауап беруге, үйренуге қателік тәрбиелейді.
«Бес ешкі» ертегісі хайуанаттар жайлы ертегіге жатады. Өте қызық, тартымды. Мұнда кедейдің бес ешкісі қарлы боранда далада қалады да, қасқырға жолығады. Сол кезде бәрі бірігіп, береке-бірлік танытып, қасқырдан аман қалады. Бұл ертегі балаларды бір-біріне көмектесуге, береке бірлікке, бауырмалдыққа үйретеді.
«Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісі аңғалдықтың кесірін, шапшандықтың пайдасын айтады. Онда аңқау түйе жыл басынан құр қалады, шапшаң тышқан жыл басы атанады.
«Шық бермес Шығайбай» ертегісі сараң, қайырымсыз байларды қарапайым кедей Алдардың ақылмен алдап кетуін баяндайды. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа», «Жаман дос, жолдасын қалдырар жауға» деген мақалды осы ертегі желісінен оқуға болады.
«Зеректік» ертегісіндегі үш жолаушының жол бойында кездескен нәрселерге зер салғандарын баяндайды. Яғни, балаларды қағілездікке, зеректікке тәрбиелейді.
Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады»-деп айтқан болатын.
Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Куракова Роза Нсангалиевна
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
«Инновациялық технологиялар және жаратылыстану
(гуманитарлық) ғылымдары пәндерін оқыту әдістемесі»
кафедрасының аға оқытушысы,
PISA және жобалау пәні тренері