Қазақ халқының ерте заманда жасаған мұрасының бірі халық ауыз әдебиеті. Халық ауыз әдебиеті – талай ғасырлардан келе жатқан мұра, сарқылмас бай асыл қазына. Одан халқымыздың өткенін білеміз, сол арқылы бүгінгі заманымыздың ұлылығын танимыз.
Қазақтың мақал-мәтелдері болсын, жұмбақ-жаңылтпаштары мен ертегілері болсын – бәрі де балаларды Отанын сүюге, ерлікке, елін қорғауға үндейтіні белгілі. Балалар бақшасының тәрбиеленушілерін ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстырып, олардың өмірін байыта түсу тәрбиешілердің міндеті болып саналады. Қиял дүниесінен туған ғажайып оқиғалы ертегілер, батырлар жыры, өмір тәжірибесінің қысқаша қорытындысы – мақал-мәтелдер, ойға түрткі салатын сыр сандықты жұмбақтар, қиыннан қиыстырылған тақпақ, жаңылтпаштар – бәрі де балалар бақшасында кең пайдаланылады.
Қазақ халқының тұрмыс-салтын, арман үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті үлгілерінің көлемді саласының бірі – ертегілер. Ертегілер өте ерте заманда, тіпті жазу-сызу болмаған кездің өзінде-ақ туған. Бұларды халқымыз күні бүгінге дейін ұрпақтан – ұрпаққа ауызша жеткізіп келеді.
Халық ауыз әдебиетінің басқа түрлері сияқты ертегілер де адам баласының еңбекке, тұрмыс-тіршілік жағдайына байланысты туған. Қазақ ауыз әдебиеті нұсқалары жас бөбектердің ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтеді. Оларды адамгершілікке, еңбекке, тапқырлыққа, туған өлкеге сүйіспеншілік сезімге баулу ісінде шешуші орын алады.
Ахмадиева М.К.,
МҚКК Ақсу қаласының түзету үлгісіндегі
№ 12 бөбектер бақшасының тәрбиешісі