Қазіргі заманның балалары – ерекше ақылды, жылдам, еркіндікке құмар балалар. Мүмкін сондықтан да олар көп нәрсені талап етеді. Осыған орай қазіргі ата-аналар тәрбие беру жөніндегі мәселелер бойынша біршама қиындықтарға тап болады.
Тәрбиенің отбасынан басталатыны сөзсіз. Күнделікті «беті қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма» т.б деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек.
Баланың үлкендерге өтірік айтуы, көбінесе ол балаға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейтіндіктен деп түсіндіреді мамандар. Кейбір ата-аналар баланың ішкі жан дүниесіне үңілмейді, тіпті оның қажеттіліктері мен сұраныстарына назар да аудармайды. Мұндай жағдайларда бала өзін ата-анасына еш керексіз сезінеді, бірақ олардың қоятын талаптарынан қорқады. Бала бойын жайлаған қорқыныш оның ересектер алдында өтірік айтуға, алдауға итермелейді. Бала ересектердің көңілінен шығу үшін және өзін қорғау үшін, тығырықтан шығу үшін де жалған сөйлеуге барады. Мұндай нәрсе ой-қиялы бай, яғни ойынан «шындық» құрастырып шығарғысы келетін балаларда көп кездеседі.
Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.
Әдетте ата-ананың балаға деген немқұрайлығы, салқынқандылығы теріс мінездердің қалыптасуына әкеліп соқтырады. Өзіңіз ойланыңызшы, өмірде алаяқтар, бетімен кеткен жүгенсіздер, қылмыскерлер қайдан шығады? Олардың тағдыр жолдарын талдап қарағанда балалық шағы дұрыс қалыптаспағаны белгілі болған. Әсіресе, баланың 4-5 жасындағы қылықтарына мән берген абзал. Көптеген ата-аналар бұған балалық деп қарайды. Басында балалар әке-шешесінің қатаң сөгісінен қорқып, өтірік сөйлей бастайды. Қалағанын алу үшін өтірік айта бастайды. Бірте-бірте бала қулыққа бейімделе бастайды. Тіпті, жалған сөйлеуді «қару» етіп алады. «Сәтті» басталған өтіріктер әрі қарай да баланың осылай көзқарасы бұрыс қалыптасуына жол ашады.
Сондықтан, отбасында бала қандай жағдайда өтірік айтады, соны анықтап алуыңыз керек. Оның өтірік айтуының себебі неде? Бәлкім, отбасындағы мүшелермен арадағы қарым-қатынастың дұрыс болмауынан, қатар-құрбыларының арасындағы қарым-қатынастың қиындауынан болар. Мұны біліп алған соң, енді жай өзгертуге тырысыңыз. Яғни, баланың өтірік сөйлеуіне итермелейтін жағдайларды болдыртпауға тырысыңыз.
Естеріңізде болсын! Егер балаңыз өтірік айта бастаса, оның ішкі жан-дүниесінде қандай да бір проблема болғаны.
Бала өтірік айтқан жағдайда ата-аналар не істеуі және өздерін қалай ұстауы керек? Мысалы, балаңыздың өтірік айтқанын біліп тұрсыз, тіпті дәлеліңіз де бар делік, психологтар мұндай жағдайда онымен ақырын отырып, жәйлап тілдескен жөн дейді. Психолог Алан Фромм балаңызға әсіресе мына сөздерді міндетті түрде айтып өтіңіз деп ескертеді. «Балам, маған мұның қалай болғанын бастан-аяқ айтып берші. Мейлі, сен кінәлі болсаң да, жазаламай-ақ қояйын. Тек менен ештеңе жасырма. Егер сен бәрін айтып берсең, неліктен жаман қылыққа барғаныңның себебін тауып түсіндіріп беремін. Екінші рет қайталамайтын боласың!» деп айту керек.
Бала мына жағдайда өтірік айтады:
- ыңғайсыз жағдайға тап болудан қорқып, ата-анасының жазалауынан қорыққаннан, ұялғаннан.
- қалағанына қол жеткізу үшін немесе ұнатқан нәрсесін алу үшін.
- баланың өзі жақсы көретін досын қорғау үшін.
- өзінен үлкендердің мақтауына ие болу үшін және ұнау үшін.
- өзінікі «дұрыс екенін» ұқтыру үшін.
Ешуақытта баланың теріс әрекетін көре сала оны қорқытып-үркітіп, жазалаймын деп шара қолдануға асықпаңыз. Оны одан бетер өтірік айтуға итермелейсіз. Сондықтан баланың ішкі эмоциясы басылғанын күтіңіз. Төтеннен ашуға мініп, дөрекілік көрсететін болсаңыз, сізге сенбей өседі, іштей «жау» санап өсуі мүмкін. Бұл жерде балаға өтірік айтқызбаудың бірден-бір кепілі – сенімділік. Яғни, бала мен үлкен адам арасында сенім қалыптасуы керек. «Бала неліктен өтірік айтады?» кітабының авторы, американ психологы Пол Экман бұл мәселені жеңу үшін баламен ашық әңгімелесу керек екенін айтады. «Балам, екеуіміздің арамызда бір-бірімізге деген сенімнен артық ештеңе жоқ. Егер ұнамсыз қылықтар жасап қойсаң, маған оны айтудан қорықпа. Әрине, сен бәрін жасырып қалуыңа болады. Бірақ, шындықты айтуға батылдық танытсаң, мен сен үшін мақтанар едім». Балаға өтірік айтудың соңы неге апарып соқтыратынын мысалдармен түсіндіріп беріңіз. Ертең үйден тыс бөтен ортадағы адамдармен араласа бастаған шақта мұнан да үлкен мәселелер, жалған нәрселер, алдап-арбаулар балаңыздың алдынан кездесуі мүмкін ғой. Мысалы, қатарластары, құрбы-құрдастары, одан ересектері… Оларға қалай сенуге болады? Қандай жағдайда сенбеуі керек? Өмірде кездесетін мысалдарды, оқиғаларды айтып беріңіз.
Әрине, біз балаларымыздың тәртіпті, әділ, өнегелі болғанын қалаймыз. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін тіпті ең кішкентай деген мәселеге дейін әділ болуыңыз керек. Берген уәдеңізді орындай алмадыңыз ба, онда не себепті ондай болғанын айтып, балаға түсіндіруіңіз қажет және кешірім сұрау артықтық етпейді.
Сенің қолдайтының да, қорғайтының да – отбасы бақыты. Айтарың да, үйретерің де – тәрбие.
Абай атамыз былай дейді: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Солардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады. Сондықтан жұмыс қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін ұмытпауы тиіс. Балалардың болашақ қадамы отбасында басталатыны бәрімізге аян. Бала жақсы әдетті болса да, жаман әдетті болса да ең алдымен отбасында алады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда адамдарға сеніммен қарау балаға қажетті аса маңызды қасиет. Осы кезде балада үлкендердің талап-тілегінен шығуға деген тырысушылық, үлкендердің көзіне түсуге деген талпыныс байқалады. Бала үлкендерге ұнауға талпыныс білдіре отырып, мінез-құлық ережелерін орындауға ұмтылады. Осы ұмтылыс барысында оның бойында ар-ұят сияқты адамгершілік сезім пайда болады. Сондықтан баланың түр-сипатына емес, ішкі жан дүниесіне өте қатты көңіл бөлсек екен.
Ержанова Алия Егинбаевна
Қарағанды қаласы,
КМҚК «Қарлығаш» балабақшасының психологы