Home » Білім және тұлға » Бала деп соққан жүрегі…

Бала деп соққан жүрегі…

Ұлыларды ұлықтау, кейінгі толқынға аға буынның өнегелі жолын насихаттау, яғни оларға құрмет көрсете білу де кісіліктің белгісі. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылы №23 «Балдырған» ясли-бақшасында осындай өнегелі өмірімен, еткен еңбегімен, жүрген жолымен, бағындырған биігімен үлгі болған, бала жанының бағбаны, тәрбие ісінің үздігі Күләй Сағындыққызына арналған «Бала деп соққан жүрегі…» атты кездесу кеші болып өтті. Кездесу кешіне облыстық білім басқармасының бас маманы Зарипа Жармағанбетқызы, облыстық оқу орталығының директорының орынбасары Гүлнар Батырбекқызы, аудандық білім бөлімінің білім беруді дамыту секторының бас маманы Мария Бегаліқызы және облыс көлемінде балабақшалар меңгерушілері қатысты.

Кеш Күләй Сағындыққызының жас кезінен арман қуып Сыр өңіріне келген кезін бейнелеген көрініспен басталды.

Өмір – дастан, өзің жазған әу бастан,

Өмір – өзен, ағып жатқан тынбастан.

Өмір – күрес мәңгілікке жалғасқан,

Өмір – сағым бір көрініп, бел асқан.

Адам боп өмір есігін ашқаннан кейін сол өмір – өзен ағысымен жалғасып алға қойған арманыңа жетуге асығасың. Осындай ақ арманды шырақ еткен бауыр еті баласының қиялына қанат бітірген әке бүгін қызын шығарып салмақшы.

«Мен болашақта бала жанының бағбаны болғым келеді» деген қызын әкесі ер түріктің алтын бесігі, талай ғұмырларға мекен болған, қасиетті қорқыт бабаның табаны тиген қасиетті шаһар Қызылордаға аттандырмақшы. Жасынан әке жанынан жырақ кетіп көрмеген қаршадай қыз бүгін жанына шуақ, көңіліне қуат бітірген әкесін де, балалық бал шақтың куәсі болған туған жері Орынборды да, туған-туыс, дос-жарандарында қимай, көңілі қобалжу үстінде.

Арман жетелеген жас қыз жерінен күріші, елінен ырысы кетпеген Қызылорда қаласына келді.

Қызылорда қаласындағы М. Мәметова атындағы қыздар педучилищесіне оқуға қабылданады.

Қас-қағым сәтте өте шыққан студенттік шақтарды артта қалдырған кешегі шәкірт, бүгінгі түлек қолына дипломын алды.

Қолына диплом алған жас қыз еңбек жолын ең алғаш №13 балабақшада тәрбиеші болып бастайды. Бұл өмірдің ақ пен қарасын, жақсысы мен жаманын әлі танып үлгермеген жаны таза, көңілі пәк жас бүлдіршіндердің жүректерін баурап алған жас тәрбиеші өзінің ісіне жауапты, жаңашыл, ізденімпаз екенін бірден таныта бастады.

6-жыл тәрбиеші болған жас маманның болашағынан зор үміт күткен басшылар оны №16 балабақшаға әдіскер етіп тағайындайды. Қайда жүрсе де жақсы істердің, өнегелі тәрбиенің ұйытқысы болған әдіскер ұстаз ерінбей еткеннің арқасында облыс көлеміне танылып, 1979 жылы облыстық білім басқармасына қызметке ауысады. Еңбек жолын тәрбиеші болудан бастап, ел таныған, халқы қадірлеген басшы болуға дейін жеткізген, әрине ол – адал еңбек, төгілген тер.

Өзі ана, өзі ұстаз Күләй Сағындыққызына арнап балабақшамыздың бүлдіршіні

Ақжігіт Нұрхан «Арнау» өлең жолдарын оқыды.

Күләй Сағындыққызына

Шын сөйлеуден от жүрегі тартынбай,

Қос жанары жалын атып жарқылдай.

Жалқаулықты серік еткен жандарға,

Үн қататын найзағай боп шартылдай.

Өнегелі ұстаз болып жайдары үн,

Күшіменен ақыл-білім, ой-дарын.

Жалықпастан үлгі беріп сан жылдар,

Жас ұрпаққа жол желпіген айдарын.

Үлкен менен кішіге ақыл берген,

Жақсылықты жанына жақын көрген.

Қасиетті жандарды қастер тұтып,

Үлгі тұтқан ұрпаққа атын берген.

Өн бойыңыз өнер ғой тұнып тұрған,

Пәк сезім адамдықтан сыр ұқтырған.

Жүзіңізден жайдары көрінеді,

Жайма шуақ жаз мінез күліп тұрған.

Өсиет бізге үлгі айтқаныңыз,

Болдыңыз бәріміздің мақтанышымыз.

Өнеге болып отыр еш адаспай,

Өмірден орныңызды тапқаныңыз.

Ізденіп жалықпастан шығып биік,

Мерейіңіз үстем болды көкке тиіп.

Ерінбей қызмет етіп жасыңыздан,

Сыйлайды сондықтан да халқың сүйіп.

Осылайша кеш көркін тәрбиешілер мен бүлдіршіндердің ән-билері қыздыра түсті.

«Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» — деген Бауыржан Момышұлы. Олай болса, аяулы да, ардақты ардагер ұстаздарымыздың қадіріне жетіп, ардақтай білейік.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтты тәрбиелеу, заман талабына сай, сананы байыту жөніндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мәселелер ертеңгі болашақ үшін, ертеңгі ұрпақ үшін қажет екені бәрімізге белгілі. Олай болса, ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне бар өмірін арнаған Күләй Сағындыққызының өмірі мен өнегелі жолын көпке танытуды осы Елбасы Жолдауына қосқан үлесіміз деп білеміз.

 

                                                                    Орынбаева Гулмира Орынбайқызы

                                                                     №23 «Балдырған» ясли-бақшасының меңгерушісі

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.