Байболова Шекер Орынтайқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы,
Білім басқармасының №70 «Құлыншақ»
балабақшасының ІІ санатты әдіскері.
Тәуелсіздігімізді алып,өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол, сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше. Қазіргі таңда балабақшаларда ұлттық тәрбиеге айрықша мән берілуде. «Балапандарымыз — біздің болашағымыз!»,- дейтін болсақ, сол балапандарымыздың ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға ұлттық тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Балабақша үрдісінде тәрбиеленушілерге тұрмыстық тәрбиеге байланысты салт-дәстүрлер, бала балабақшаға келгеннен мектепке кеткенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу әдебі және киім кию тәрбиесі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні бар ұлттық құндылықтарымызды бойларына қалыптастыруымыз керек. Тәрбиенің басты нысаны — елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу және ұлтсыздықпен күресу болса керек.
Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарын, әлем елдерінің озық дәстүрлері мен озық тәрбие үлгілерімен байытып, жаңа тәрбие тұжырымдамаларын жасауда. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру ісі басты нысанаға алынып отыр.
Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!»,- демекші, ел болып, ұлт болып қаламыз десек, «Ұлттық тәрбиені» балабақшадан бастап қолға алғанымыз жөн деп ойлаймын. ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн».Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
— бүлдіршіндеріміздің ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
— жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
-ана тілі мен дінін , оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін,рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
— жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.
Бала бойына ұлттық тәрбиені сіңірудің көздері фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады.
Сонымен бірге, отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.
Ұлттық тәрбие — қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы.
Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, Отанын сүйетін патриот, ұлттық рухы биік парасатты азамат, жоғары адамгершілік иесі, еңбекқор болып өседі.
«Әр бала бір жұлдыз – жарқырауына жәрдем бер!» — деген ұстанымды бетке алған ұстаздар қауымының, әр баланы ұлттық тәрбие негізінде тұлға ретінде қалыптастырып, дамытуға бағытталған жұмыстарын атап өтуге болады.
Қазақ мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениет. Ол ұлттық тәлім-тәрбиенің негізінде дамып, қалыптасты. Жалпы адамзаттық құндылық қасиеттер ұлттық тәрбиемен ұлттық мәдениеттің дамуындағы қозғауышы күші болып табылады. Әрбір халықтың тарихы тіршілігі мен рухани тәжірибесі бар. Яғни, балаларға осындай тарихи тіршілігіміз жөнінде ұмыт қалған нәрселерді жаңғыртып, түсіндіріп отыру күнделікті балалбақшамызда іске асырылып жатқандығын айтуға болады.
Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М.Шахановтың «халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек» дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы мектепке дейінгі шақтан бастап, салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық тәлім тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісінің жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені, бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – балабақшада болғандықтан, имандылық тәрбиесі балабақшада үзіліссіз өткізіліп тұрады.
Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзатттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету басты міндетіміз болып қала бермек.
Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын бүлдіршіндеріміздің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – бүгінгі күн талаптарының маңыздысы. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Сонымен қорытындай келе, осындай халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі балалардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысайық! Тәрбиенің түп қазығы үлгі берер ұстазда, «Ұстазға қарап шәкірт өсер» деп халқымыз ұстазға үлкен жүк артқан. Ұстаздар, яғни, тәрбиешілердің жұмысы қиын, жауапты, өте күрделі. Сондықтан балаларға сүйіспеншілікпен қарап, барлық күш-жігерін салып, оны талапқа сай орындап,балалардың ұлттық құндылықтары мен жалпы адамзаттық қасиеттерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп дамыту біздің тікелей парызымыз.