Home » Балабақша » Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде

Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге — жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде мектепке дейінгі мекемеде атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің балабақша атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақшаға ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата — анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби — педагогикалық оқулықтарға енгізген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті».
Біздің елімізде бала ерекше халық. Ерекше болатыны сәби алғаш дүниеге келгеннен бастап, айналасын ерекше шаттыққа, ерекше сезімге бөлейді. Күнделікті өсіп келе жатқан баланың әр қылығы ата — ана үшін қуаныш, бақыт.
Әр ата — ана баласының денсаулығы мықты, ержүрек, қайсар, батыл болып өсуіне жауапты.
Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М. Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек», – дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, балаларға салт — дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп — тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық тәлім — тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің ата — аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – балабақшада болғандықтан, ата — ана мен балабақша, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе екені баршамызға аян.Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері; туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.Тұрмыс – салтқа байланысты туған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің, бәрінде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады. Қазақтар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қазақтың дәстүрлі тәрбиелік үлгі-өнегелері ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады.Жиналып тұрған топқа жақын келген адам оларға бірінші болып сәлем беруге міндетті. Атты адам жаяу кісіге, жасы кіші үлкендерге бірінші болып сәлем береді. Алға келген астан алдымен жасы үлкен адам дәм татады. Тамақ ішіп отырған кезде көп сөйлеуге болмайды. Балаларға жақсы тәрбие, үлгі-өнеге беруде мақал-мәтелдердіңатқаратын рөлі зор. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды. Мәселен, «Аққа Құдай жақ», «Батырдың күші — айласында», «Асықпаған арбамен қоян алады», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «Жаздың бір күні жылға азық», «Жақсыда жаттық жоқ», «Жаман үйді қонағы билейді», «Жақсы жігітке жеті өнер де аз» сияқты мақалдардың тәрбиелік маңызы зор.
Ата — аналар А. С. Макаренконың“Балаларды тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең жауапты сала. Дұрыс тәрбиелеу – бұл біздің бақытты қарттық шағымыз, жаман тәрбиелеу – бұл біздің келешек қасіретіміз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдар алдындағы, бүкіл ел алдындағы айыбымыз” – деген пікірінің мағынасын түсінуі тиіс. Сондықтан әр отбасында ата — ана өз баласының инабатты, тәрбиелі де әдепті, адамгершілігі зор азамат болып өсуі үшін, ұлттық тәрбие бере білуі керек.

Бижанова Перизат Оралбайқызы,
№47 «Нұр-Ай» балабақшасының тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.