Халықтық тәлім-тәрбиенің асыл қағидаларын жан-тәнімен сезініп, өмірге енгізіп жатқандар — қатардағы педагог тәрбиешілер. Баланы ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеу — бұл жауапты да күрделі міндет. Бүгінгі ұрпағымыздың бойына халқымыздың ғасырлар бойы қастер тұтып келген ар-намыс, атамекен, ана тіліне сүйіспеншілік, қайырымдылық, үлкенді және ата-ананы сыйлау, құрметтеу қасиетін дарыту — олардың өз еліне өгей тартып кетпеуінің басты шарты. Балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, жан-жақты тұлға етіп тәрбиелеу — біздің, яғни «Айназ» жекеменшік балабақшасының басты міндеттерінің бірі. Осыған орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында балабақшамызда іс-шара болып өтті.
Мақсаты: Балалардың бойында ұлттық сананы ояту, туған халқына деген құрмет, ұлттық сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру.
Шара барысында киіз үйдің керегесі құрылып, ішіне көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық мұраларымыз қойылып (домбыра, текемет, самаурын, торсық, қамшы, ұлттық ою-өрнектер) балаларға жеке-жеке түсінік берілді. Қамшы өріп, асықты жіпке тізіп, керегеге байлағанды балалар сондай қызығушылықпен орындады. Қазақ халқы өмірге дені сау, шыныққан азаматтар тәрбиелеу жөнінде өз ұрпақтарына үлкен де бай мұра қалдырған. Соның бірі — ұлттық ойындар. Халқымыздың ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп те ерекше
бағалаған. Балабақшамыздың педагогтары Урманова Зинахан мен Аралбаева Құртқа қазіргі таңда қолданылмайтын, ерте кезде таудың тасымен ойналған «Бес тас» ойынының ережесімен таныстырып, ойнап көрсетті. Ұлдарымыз асық иіріп ойнап, қыздарымыз жүн түтіп, педагогтар ұршық иіріп, тоқыма жіптің қалай алынатындығын түсіндірді. Ата-бабамыздан келе жатқан арғы-бергі тарихы мен дәстүрін, тарихи асыл мұраларын біліп, қастерлеп, бүгініміз бен келешегіміздің құнарлы топырақ, нәрлі қайнарына айналдыру – өмір қажеттілігі, адамзаттық, перзенттік парызымыз.
Тауманова Улболсын Мэлсқызы,
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылы