Сабақтың мақсаты: Қазіргі кездегі баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата- ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре отырып, қарым –қатынас орнату және ұлттық сананы бойына сіңіру.
Міндеттері:
- Ата-аналардың мектеппен, сынып жетекшімен тығыз байланысын арттыру:
- Балалармен бірге мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсету;
- Бала тәрбиелеу сапасының аз да болса жоғарылауына ықпал ету.
Қажетті құрал-жабдықтар: үлестірмелі қағаздар, А4 формат, қалам, доп және мақал-мәтелдер жазылған плакат,т.б.
Әдістері: пікір алмасу, сұрақ-жауап, тест, психологиялық жаттығулар, тренингтер.
Тренинг бағдарламасы:
Психолог сөзі:
Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар!
Бүгінгі біздің «Бала – ата- ана өмірінің жалғасы…..» атты тренинг сабағымызға қош келдіңіздер! Ата-ананың тілегі – баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, оқу мен еңбектегі табыстары.
Баланы бастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң,
Қадірден жұрдай қасқа боп,
Кешкенің өмір босқа тек, — дегендей, баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйсінбейтін ата-ана жоқ шығар.
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана.
- «Сәлемдесу»
Әр ата-ана кезекпен жеке-жеке өз бетінше сәлемдеседі, келесі ата-ана бұл сәлемдесуді қайталамау керек. (Амансыздар ма?, Кеш жарық! Сәлеметсіздер ме? Тс.с)
- Есімдер аллитерациясы.
Мақсаты: Ата-аналарды бір-бірімен таныстыру.
Шарты: Әр отбасынан бір адам осы жерде отырған отбасы мүшелерінің есімдерін айтып және де есімдерінің бірінші әрпінен басталатын жағымды қасиетін айту керек.
Әр отбасының сөзінен кейін қалғандары үш рет қол соғып қошеметтеп қояды.
— Сіздің есіміңізді, жақсы қасиетіңізді айтып жатқанда қандай сезімде болдыңыз?
— Өзіңіз қазіргі кезде қандай көңіл-күйде отырсыз?
Психолог: Ендеше, құрметті ата-аналар, осындай мейірімді, жаймашуақ атмосферада ата-ана махаббаты деген тақырыпта емін-еркін отырып әңгімелессек дейміз. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі дейді, демек сіздермен келесі «Аяқталмаған сөйлем…» әдістемесіне көшейік.
- «Аяқталмаған сөйлем…»
— Егер баланы үнемі сынап отырса, …
— Егер балаға үнемі күлсе, …
— Егер баланы үнемі мақтап отырса, …
— Егер бала төзімділікте өссе, …
— Егер бала адалдықта өссе, …
— Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, …
— Егер бала кекшілдікте өссе, …
— Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, …
Дұрыс жауаптары:
— Егер баланы үнемі сынап отырса, … (оның оқуғы құлқы болмайды).
— Егер балаға үнемі күлсе, … (ол бұйығы болып кетеді).
— Егер баланы үнемі мақтап отырса, … (ол өз қадірі үшін оқиды).
— Егер бала төзімділікте өссе, … (ол басқаларды түсінуге тырысады).
— Егер бала адалдықта өссе, … (ол адал болып жетеді).
— Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, … (ол адамдарға сеніммен қарайды).
— Егер бала кекшілдікте өссе, … (ол қатыгез болып өседі)
— Егер бала түсіністікте және сүйіспеншілікте өссе, … (ол әлемнен махаббат табуды үйренеді).
- «Қолынан танып біл!».
Көздері байлаулы балалар ата-анасын тауып алулары керек.
Талдау:
- Сізге анаңызды табуға не көмектесті?
2. Анаңыздың қолынан ұстағанда не сезіндіңіз?
- «Менің анамның үні».
Баланың көзі байланып, аналар кезекпен оның есімін атап шақыруы керек. Баласы анасын дауысы арқылы табу керек.
— Балаңыз сізді тауып алғанда қандай сезімде болдыңыз?
— Анаңыздың дауысын ажырату қиынға соқты ма?
— Анаңды тауып алғанда қандай сезімде болдың?
- Қызықты сұрақтар:
- Балаңыздың туған күні?
- Сынып жетекшісінің толық аты-жөні?
- Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
- Балаңыздың парталас көршісі кім?
- Бүгін сабақтан қандай баға алды?
- Балаңыздың сүйікті асы не?
- Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
- Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
- Балаңыз сыныпқа қай жылы барды?
- Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?
- Балаңыз сізді ренжіткенде ең алдымен қандай сөз аузыңызға түседі?
- «Өтінемін» ойыны.
Мақсаты: Ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, бір-біріне көңіл бөлу, бір-бірін тыңдай білуге үйрету.
Қатысушылар ортаға жартылай шеңбер жасап тұрады.
-Құрметті ата-аналар! Сіздер қандай «сиқырлы» күші бар сөздерді білесіздер?
-Рахмет, өтінемін, т.б
-Мен әр түрлі өтініштер жасаймын, егер мен «өтінемін» деген сөзді айтсам сіздер оны орындауларыңыз қажет. «Өтінемін» деген сөзді айтпасам, сіздер ол өтінішті орындамайсыздар.
-Секіріңдер.
-Оң аяқтарын көтеріңдер.
-Өтінемін, алақанмен қол шапалақтаңдар.
-Өтінемін, бір-біріңді құшақтаңдар.
— Оң қолдарыңмен сол құлақтарыңды уқалаңдар.
- «Біз бақытты жанұямыз!»
Психолог: Құрметті ата аналар! Сіздердің алдарыңызда балалардың «Біз бақытты жанұямыз!» атты тақырыпқа салған суреттері ілулі тұр. Енді сіздер жақынырақ келіп осы суреттерден өз отбасыларыңыздың суретін тауып алуларыңызды сұраймыз.
Талдау:
- Өз отбасыңыздың суретін қалай таптыңыз?
- Өз отбасыңызды табу қиын болды ма?
- Суреттерден отбасыңыздың суретін тапқаннан кейін қандай сезімде болдыңыз?
- «Тәубеңе кел…» (видеоролик)
- Қорытынды
«Жүрек жылуы» тренингі
Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу
Ананың кезі бар ма кекті болған,
Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса, топырақта жатқан жүрек:
«Құлыным, байқасаңшы»,- депті оған …
Адамның бауыр еті, жүрегі – бала. Сондықтан да осы жүректі аялы алақандарыңызбен ұстап балаларыңызға деген ақ тілектеріңізді жеткізе отырып, бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.
- «Ой-түйін»
Бала – ата-ана өмірінің жалғасы. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп әлпештеп өсірген перзенті ауырып не басқа бір қатер төнгенде мойындарына бұршағын салып, «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» деп Құдайға жалбарынған.
Құрметті ата-аналар. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болсын! Бала – әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.
Кадирова Асель Жеңискызы,
№68 мектеп-интернат-балабақша кешені,
Қарағанды қаласы