Home » Баяндамалар » Балаға ерте жастан ана тілін үйрету

Балаға ерте жастан ана тілін үйрету

«Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» — деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқан болатын. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ана сүтімен бойымызға тараған туған тіліміз – қазақ тілі. Қазіргі Қазақстандық қоғам көпұлттық, көптілдік және көпмәдениеттілік жағдайда. Сондықтан осы қоғамға бейімделген көп тілді меңгерген мәдениетті тұлға қалыптастыру – өзекті мәселелердің бірі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген Қадыр Мырзалиевтің сөзін тілге тиек ететін болсақ, қайсыбір ұлт болмасын өз тілін құрметтей отыра, басқа тілді білуге міндетті екенін түсінеді. Өз ана тілімді жақсы меңгергендіктен, мемлекеттік тіл – ана тілді үйрету менің бастапқы мақсатымның бірі. Қазіргі таңда ерте жастан қазақ тілін жеделдете үйрету – басты мәселенің бірі. Бүгінгі күнде мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ тілін үйретудің төте жолы педагогтардың назарын аударуда. Қазақ тілін ерте жастан оқытудың мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Сонымен қатар, балалардың коммуникативті даму біліктіліктерін арттырып, қызығушылықтарын оятуға мүмкіндік жасайды. Балабақшадағы екі тілді оқыту, қарым-қатынас құралдары ретінде баланың қазақ және орыс тілдерін практикалық меңгеруін көздейді. Тілді меңгеру оңай емес, алайда бірнеше тілді меңгерген адам кез-келген бір тілді игергеннен рухани бай бола түседі. Мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін үйретудің басты міндеттері: ойын көмегімен жолданған сөзді ұғынуға үйрету, қарапайым тілдік құралдарды пайдалана отырып айналасындағы адамдармен қатынасқа түсуді білу; өз ойын және әсерін білдіру; сөздік қорын жандандыру; қазақ тілінің ерекше дыбыстарының айтылуын қалыптастыру. Мектеп жасына дейінгі балаларды қазақ тіліне үйретуде әртүрлі әдіс-тәсілдермен, ойындармен қызығушылығын оятудың өзі шеберлік. Шын мәнінде ойнау және ойын арқылы әлемді тану, бұл – осы жастағы балаларға қалыпты жағдай. Мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ тілін үйрету балалардың тілін ерте жастан дамытуына ықпал етеді. Ол үшін балалар отбасында ауызекі тілде қазақша сөйлесіп, балабақшада одан әрі тілін дамыту үшін күнделікті тұрмыстағы заттарды қазақша айтқызып үйрету керек. Балалар отбасы мүшелерін, сандар мен түстер атауларын қазақ тілінде қайталап, амандасу шеңбері мен сергіту сәтін қазақ тілінде орындап, қозғалыс ойындарын ойнайды. Өйткені 5-6 жастағы балалардың негізгі іс-әрекеті ойнау іс-әрекеті болып табылады. Ойын арқылы балалар қазақ тілінде қарым-қатынас жасап, ойын кезінде шаршағандарын сезбей, әсерлене, қызыға отырып қазақ тілін тез үйренеді. Егер мұғалім ойынды тек балаларды көңілдендіруге, дем алдыру үшін ойнатса, одан ешқандай пайда жоқ. Ойын белгілі бір білім беруді мақсат етіп, ойналған кезде ғана нәтижелі болады. Белгілі бір сөйлеу үлгілерін бекіту үшін ойыншықтар, құрылыс құралдарын қолдануға болады. Ойыннан оқу іс-әрекетіне көшу үшін ойыншықтардан суреттеуге көшуге болады. Әдетте 6-7 жастағы балалар жалпы жасалған нұсқауларды қабылдамайды. Сондықтан тапсырма беру үшін әр балаға жеке ескерту жасаған жөн.

«Менің тілім өз ұрпағыма түсініксіз боп қалады-ау дегенді ойласам жаным түршігеді» — деген В.Г. Короленконың пікірімен толықтай келісемін. Сондықтан ерте жастан бастап қазақ тіліне бейімдеу өте қажет деп санаймын. Қазіргі таңда алға қойған мақсатымыз: егеменді еліміздің болашағы үшін ерте жастан қазақ тілін үйретуде аянбай еңбек ету керек. «Тәрбие басы бесіктен» демекші, егер біз балаларға қазақ тілін дұрыс және тиімді, ұтымды ұйымдастырып үйретсек, тәуелсіз егемен еліміздің болашағының жарқын әрі жарық болғаны.

                             Алтанбаева Айкүнім Серікқызы,

«Сәтбаев қаласының № 1мектеп-гимназиясы» КММ

                                 қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

Қарағанды облысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.