Home » Балабақша » Балауса бағым, шаттық пен қуаныш ордасы

Балауса бағым, шаттық пен қуаныш ордасы

      

Мақсаты: Балалардың жеке қасиеттерін дамыту, өлеңдерді, әндерді нақышына келтіре айтуға үйрету. Бір-бірін сыйлауға, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпауға тәрбиелеу.

     Жүргізуші:

Армысыңдар, балалар, бармысыңдар!

Жаз да келді жайнаған гүлді шыңдар

Алдыменен алайық амандасып,

Армысыңдар, бәріңде бармысыңдар!

     Жүргізуші:

Бүгін бізде мереке, қуанышта балалар,

Хош келдіңдер, хош келдіңдер, қонақтар.

Құрметті «Айгүл» балабақшамыздың көркі де, сәні болған бүлдіршіндеріміз! Бүгінгі төл мерекелерің құтты болсын! Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық, елімізді өркендетер, келешектің кемеңгері болыңдар демекпін.

Баршамызды бала тілмен баурайтын,

Бала деген бір бақыт қой самғайтын.

Ата-ананың арманы мен тілегін,

Бала емес пе, бал бұлақтан жалғайтын.

Бүгінгі 1-маусым «Балалар күніне» арналған «Балауса бала бағым, шаттық пен қуаныш ордасы» атты мерекелік ертеңгілігімізді ашып беру үшін және бүлдіршіндерге мерекелік лебізін білдіру үшін сөз кезегін балабақша меңгерушісі Гульмира Нұрмаханқызына береміз.

   Жүргізуші:

Ән айтайық қосылып,       

Сәбилердің бұл күні

Мақтап кетсін осы жұрт

Балалар деп үлгілі.

   Ән шашу: орындайтын Гулнур Қойшыбайқызы

Жүргізуші: Балалар, бүгін бізге қонаққа бүкіл әлемге жарық жылу беретін Күн келу керек еді. Бірақ Күніміз қиын бір жағдайға ұшырап қалған сияқты. Жарық, жылу беретін Күнге көмектесеміз бе? Қанекей, қарайықшы. Күнді көріп тұрсыңдар ма? ( Күн костюмін киген қыз, төрт бала бұлт болып, Күннің көзін жауып тұрады)

— Күнге нелер кедергі болып тұр? Бұлттар күнді бізге қарай жібермей тұр. Күнді құтқару үшін бәріміз бірігіп сиқырлы сөздерді айтайық.

Көк аспанда Күн күлсін,

Бірге күлсін бүлдіршін.

Көк аспанда Күн күлсін,

Жерге ұдайы нұр құйсын!

(Бұлттар екі жаққа қарай ашылады, күн ортаға шығады)

Музыка ойналады.

Жаздың жайма шуақ күні еді. Айналаның бәрі әдемі, көкте күн күлімдеп, шуағын шашып тұр. Күннің шуағы айналаға нұрын төгіп, жан біткеннің бәріне ерекше көңіл күй сыйлап тұрды.

Жаздың осындай жаймашуақ күнінде орманда ерекше бір оқиға болды. Сахнада көңілді балапан билеп, ойнап жүреді. Бір мезетте аспанды қара бұлт торлап, күннің бетін жауып тастады. Сол-ақ екен, айналаның бәрі қараңғыланып, күн күрт салқындап кетті.

Найзағай ойнап, жаңбыр жауа бастады. Жаураған балапан ағаштың түбіне жасырынып қалды. Қорыққанынан жылай бастады. Оны көріп қасына мысық келеді.

Мысық: Балапан, сен неге жылап отырсың?

Балапан: Аспанды бұлт торлады, күннің көзі жоғалып кетті. Мен қорқып отырмын.

Мысық: Сен қорықпа, Балапан! Екеуіміз дос емеспіз бе? Жүр, мен саған күнді іздеуге көмектесейін. Автор: Сөйтіп екеуі күнді іздеуге шығады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, келе жатып, бұтаның

түбінде жасырынып отырған қоянды көреді.

Балапан: Сәлем, Қоян!

Қоян: Сәлем, досым!

Мысық: Саған не болды? Неге жылайсың?

Қоян: Күннің сәулесі болмаған қандай жаман! Мен қорқып отырмын.

Мысық: Білесің бе, қоян, күн сәулесі бәрімізге қажет. Біз балапан екеуіміз күнді іздеуге шықтық.

Бізбен бірге барасың ба?

Қоян: Әрине, Мысық досым! Мен де барамын.

Автор: Сөйтіп, үсті-басы су болып, тоңып қалған қоянды ертіп үш дос күнді іздеуді жалғастырады. Жолда құйрығын бұлғаңдатып, сылқым түлкі келе жатты.

Мысық: Амансың ба, түлкішек?

Түлкі: Жолдарың болсын, балақайлар!

Мысық: Түлкі, түлкі, күнді қалай табуға болады?

Түлкі: Күнді қайтпексіңдер? Оны табу сендердің қолдарыңнан келе қоймас. Менің сендермен бос сөйлеп тұратын уақытым жоқ. Әтештен сұраңдар, сол бәрін біледі. Ал мен кеттім! Автор: Үшеуі қол ұстасып, әтеш досына бет алады. Әтеш келе жатқан қонақтарды көріп амандасады:

Әтеш: Ку-ка-ре-ку, ку-ка-ре-ку! Амансыңдар ма, достарым!

Балапан: Сәлем, әтеш досым!

Қоян: Әтеш досым, сен күнді қайдан табу керек екенін білесің бе?

Мысық: Бізге көмектесші, Әтеш досым, әйтпесе, барлығымыз қатты жаурадық, көңіл-күйіміз жоқ.

Әтеш: Жарайды. Мен сендерге көмектесейін. Анау таудың басындағы ақ бұлтқа жетсеңдер, ол

сендерді күнге алып барады. Ку-ка-ре-ку!

Балапан: Тауға? Жоқ, мен тауға шыға алмаймын!

Қоян: Біз қалай тауға шықпақпыз? Мен қорқамын, бармаймын!

Мысық: Достар, бұларың не? Сендерсіз мен жалғыз қалай тауға шығып, күнді табамын? Күн бәрімізге де өте қажет қой.

Әтеш: Мысық дұрыс айтады. Достар қашан да бір-біріне көмектесуі керек. Достар тату, бірге болса, кез келген қиындықты жеңуге болады. Кеттік, ендеше!

Автор: Барлығы қол ұстасып биік тауға жетеді. Тауға шығу оларға қиын болды. Осының бәрін бұлт көріп тұрады.

Бұлт: Достар, сендер күннің әрдайым жарқырап тұрғанын қалайсыңдар ма?

Бәрі: Ия, иә, әрине, қалаймыз! Күн – бізге керек.

Бұлт: Олай болса, мен сендерді сынап көрейін.

1-тапсырма: Маған «Достар» әнін орындап беріңдерші.

Мысық: Жарайды сенің сұрауың орындалуда: «Достар». Орындайтын: Айгул.

2- тапсырма: «Достық» биін билеңдер.

Мысық: Жарайды, сенің бұл сұрауыңда орындалуда: Би: «Достық»

Бұлт: Жарайсыңдар, достар! Мен сендерге ризамын. Қазір күннің көзін ашып берейін. Алдымен

бірге айтайық: Жарқыра, күн, жарқыра!

(Бәрі осы сөзді қайталайды, таудың арт жағынан Күн шығады

Күн:                                                                                                                                                                                                

Сәлем, гүлім!

Сәлем , жерім!

Сәлем,саған- туған елім!

Бір шаңырақ астында

Сен тұрасың,

Ол тұрады,

Мен тұрамын,

Біз тұрамыз!

Жүрек жылуын,

Берем саған,

Берем сізге,

Берем мен бәріңізге!

Балапан: Жарқырасын Күніміз!

Мысық: Жарқын болсын үніміз!

Қоян: Достығымыз берік боп,

Әтеш: Таусылмасын жырымыз!

Түлкі: Мәңгі тату болайық!

Автор: Күннің жылы шуағы жандарыңды жылытып, құшақтары мейірімге толған Достар қуанысып, ән айтылсын, Мысық, Қоян, Әтеш, Күн, Бұлт, Түлкі – бәрі бірге билейді.

Ойын: 4-Конфет:  

Шарты: Ойынға бес ойыншы шығады: музыка қойылады, ойыншылар жердегі конфетті айнала жүреді. Музыка біткен соң ойыншылар конфетке таласады.

«Балапан» әні орындайтын: Мадина Зұлыпхарқызы, Нәскен Бегжанқызы.

Жүргізуші:

Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,

Осылай болсын әрбір күнің арайың,

Қадамдарың сәтті болсын, балалар,

Тілектерің қабыл болсын, ағайын!

Бақшаға біз гүл ексек,

Балдырғаным, сен үшін,

Бақытыңды жыр етсек.

Балдырғаным, сен үшін,

Жігіт болар күні ертең.

Балдырғаным, гүл еркем,

Бақытты бол, өсе бер.

Құтты болсын мерекең! -деп, «Балауса бағым, шаттық пен қуаныш ордасы» атты мерекелік ертеңгілігімізді аяқтай келе, балаларды мерекелік дастарханға шақырамыз.

Көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет!

Куленова Айгүл Тұрғанбайқызы

МКҚК «Айгүл» балабақшасы, тәрбиеші

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.