Home » Бастауыш » Баланы оқуға қызықтыра білу керек

Баланы оқуға қызықтыра білу керек

Алаңсыз демалыстардан кейін бала мектепті сағынғанымен, оқуға келгенде аздап тосырқап қалатыны үнемі байқалады. Бұны табиғи нәрсе деуге де болады. Ойыннан бірден қол үзіп кете алмайтын бастауыш сынып оқушыларының басында болатын мұндай жағдайларға байланысты талай рет айтылып та, жазылып та жүр. Шындығында, баланы тезірек оқуға қайта бейімдеу де маңызды жұмыстың біріне жатады.

Бұл істі қалай жүзеге асыруға болады? «Қайталау — білім анасы» деген өнеге сізге керемет көмектеседі. Балаңызға бұрын өткен тапсырмалар мен бағдарламалардан сұрақ қойып, оларды бір мезгіл еске түсіруді әдетке айналдырған абзал. Балаңыздың есіне өткенді түсіріп алғаннан соң, оны бекіту жұмыстарын бастап кетудің кезі келеді. Бұл кезеңнен мүдірмеуге сізге түрлі тапсырмалар, тек қызықты болсын, таптырмайтын көмекші құрал есебінде. Мәселен, тамақ дайындап жүріп, балаңызға:

— Балам, сен көбейту кестесін жаттап алып едің ғой, үйдегі бес адамға бір шанышқы мен бір қасықтан барлығы қанша қоясың? — деп тапсырма беріңіз, тосыла ма, өзіңіз бағып көріңіз әрекетін. Бұл, әрине, бір ғана мысал, оны түрлендіру өзіңіздің шығармашылығыңызға байланысты. Үшінші мәселе — ойын мен оқудың алмасу кестесінде. Оқу мен ойынды жиі алмастыру — демалыстың орнын оқуға ауыстырудың тиімді жолы. Сіз балаңызға өз еркінше кітаптарды оқуға кеңес беріңіз.

Оқу оқып отырған балаңызды талапты орындағанымен мадақтап, жетістігі ретінде ойынға жіберсеңіз, ол үшін тапсырмаларыңызды орындау қиынға соқпайтын болады. Өйткені, міндетті әрекетін орындағаннан кейін қызықты әрі еркін ойын күтіп тұрғаны оның ойында тұрады. Ал, бұл балаңызда дағдыға айнала бастайды. Сіз осы кезеңде оқудың орнын молайта, ойынның қазанын ортайта түсіңіз.

Келесі кезекте тұратыны — тәлімгердің тапсырмалары. Мұғалімнің балаңызға берген тапсырмаларын орындауын қадағалаңыз. Бірақ, көп араласпауға тырысыңыз. Бұл  балаңыздың сіздің көмегіңізге мұқтаждығын болдырмайды. Бәрі ойдағыдай бола бастағанын байқасаңыз, балаңызды түрлі сайыстар мен олимпиадаға дайындаңыз. Бұл ұстаздың жұмысы дейсіз бе? Рас, білімді мұғалім береді, ал парасат-пайым — сізден. Сондықтан, сәбиіңізге сенім ұялатып, бойына өмірге сүйіспеншілікті сіңіріп, жемісті жарысқа жан-дүниесін психологиялық дайындау — сіздің қолыңызда.

Әрине, бұл әрбір кезеңді табандылықпен ғана бағындыруға тура келеді. Себебі, мұнда балаңыздың болашағы, өскелең ұрпағыңыздың өмірі, жалпы, тентегіңіздің тәрбиесі тағдыр таразысында тұрады. Ақиқатында атамыз қазақ «Баланы жастан» деп тегін айтпаса керек.

 

Нурадинова Маржан Файзуллаевна,
№102 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.