Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, танымдық іздемпаздығын дамыта отырып, шығармашылық қабілетін қалыптастыру жолдары өзекті мәселе болып отыр. Зерттеу үнемi iзденiс пен шығармашылықты қажет етедi. Себебi ол – белгiсiз, тың жол. Зерттеу барысында өзектi мәселенi шешу әрекеттерiмен қатар, көптеген кедергiлер кездеседi. Тiптi iзденiс барысында табылған жаңа ақпараттар қажетсiз немесе қауiптi, зиян болуы мүмкiн. Кейбiр зерттеулер өкiнiштi әсер де қалдырады. Зерттеушi белгiсiздiктiң шешiмiне жету немесе құпияның сырын ашу үшiн толығымен шығармашылықты қажет етедi. Олай болса, зерттеу – шексiз түбiрге жету қозғалысы. Осы аталған айырмашылықты терең түсiнбеу себептерiнен кейбiр мұғалiмдер зерттеумен айналыса бастаған балаға, алдын ала жоспар құруын талап етедi, «зерттемес бұрын мақсат қой, мәнiн бiлiп ал, қандай нәтижеге жетуiң керек», – деген сияқты талаптар қояды. Бұл, әрине, үнемi бақылап әдеттенген мұғалiмнiң құзыреттiлiгi жеткiлiксiздігін көрсетедi. Егер оқушыға зерттеу жұмысының нәтижесi белгiлi болса, онда оны iздеудiң қажеттiлiгi қанша? Оқушылар шығармашылық жұмыстарын жобалау әдiсiмен де, зерттеу әдiсiмен де жүзеге асыра алады.
Оқушылардың зерттеп оқу iс-әрекетiнiң нәтижесiн анықтау проблемасы сырт көзбен қарағанда жеңiл көрiнедi. Шын мәнiнде – бұл күрделi iс. Алдымен ненi нәтиже деп санауға болады, соны қарастырған жөн. Зерттеп оқу жұмыстарының барлық кезеңдерiнде негiзгi күтiлетiн нәтиже – баланың танымдық қажеттiлiктерi мен қабiлеттерiнiң дамуы екенiн анық ұғыну керек. Бұл баланың интеллектуалды және шығармашылық дамуы емес, психоәлеуметтiк өрiсiн дамыту. Педагог үшiн зерттеулiк оқытудың басты нәтижесi – баланың дайындаған көрнектi, детальды жасалған мәтiні немесе қағаздан жасалған макеті, техникалық суретi емес, ең бастысы өзiндiк шығармашылығы, зерттеу жұмысындағы құнсыз тәжiрибесi, жай орындаушыдан ерекшеленетiн шығармашыл баланың жаңа бiлiмдерi, ептiлiктерi және дағдылары.
Зерттеуші – білім алушы өзінің табиғатынан зерттеуге бейім болып келеді. Білуге құмарлық, бақылау жасауға талпыныс, өзінше эксперимент жүргізу баланың балалығымен бірге жүретін процесс. Зерттеу, іздеу белсенділігі – баланың жаратылысына тән табиғи құбылыс.
Адамның зерттеушілік әдебі шығармашылықта байқалады. Шығармашылық зерттеушілік әдебінің басты сипатын білдіреді. Зерттеушілік шығармашылық ізденіс адамға екі жақты көзқараста: біріншісі, қандай да бір жаңа өнім алу жағынан, екіншісі, ізденіс процесінің мәні жағынан маңызды. Адам тек шығармашылығының нәтижесінен ғана емес, сонымен қатар шығармашылық, зерттеушілік процестің өзінен ләззат алуға қабілетті. Психологтар зерттеушілік әдебін тұлғаның өзін-өзі дамытуда маңызды деп көрсетеді. Ізденушілік белсенділігінің тежелуі тұлғаның кез-келген жағдаятта қауқарсыздығына әкеліп соғады. Сонымен бірге оқушының жүзеге асырмаған зерттеушілік белсенділігі оның өзіне деген сенімін төмендетеді, ақырында өзінің мүмкіндігін қолдана алмайтын жағдайға душар етеді.
Әңгіме барысында балалар ең негізгі әдістерді өздері ұсынады: «Кітаптан оқу», «Қолмен ұстап көру» т.б. Әр жауаптан кейін оқушыны мадақтап, алдына сол әдістің карточкасын қою қажет. Осындай жұмыс барысында оқушылардың алдында зерттеу жұмысының тізбегі құрылады (балалар айтпағанды, мұғалім өзі айтып кету керек). Оқушыларға «Эксперимент», «Компьютерден қарау», «Мамандарға сұрақтар қою», «Байқау» деген әдістерді ұсынады да, ал «Өзіме ойлану керек» дегенді ұмытып, айтпайды.
Зерттеуге арналған әртүрлі жұмыс тақырыптарын негізгі 3 топқа бөлуге болады.
Фантастикалық тақырыптар – бұл өмірде болмайтын, ой-қиялдан ойлап тапқан объектілерді құру және қорғау. Мысалы, картоннан, қалдық қораптардан сиқырлы ұшақ немесе машина құру.
Эмпириялық тақырыптарда жүргізілген экперимент бойынша өз тәжірибелерімен бөліседі. Бұл зерттеу жұмысы қызықты және перспективті, оқушы зерттеу барысында өзі үшін әлем туралы бір жаңалық ашады. Зерттеу жұмысының объектісі ретінде: адамдар, үй жануарлары, табиғат құбылыстары т.б. болуы мүмкін. Мысалы: 3-ші сынып оқушысы өз сыныптарындағы оқушылардың тамақтану ерекшеліктерін зерттеп, газдалған сусындардың зияндылығын дәлелдеуге болады.
Теориялық тақырыптарда — оқушының жұмысы теориялық баспалардан дәйектерді жинап, танысып, қорытынды сараптама жасау. Зерттеу жұмысының объектісі ретінде: басқа адамдармен сауал-пікір жүргізу, кітаптардан оқып алу, энциклопедиямен жұмыс. Мысалы: 4-ші сынып оқушысы «Менің ауылым» атты жұмысында көптеген зерттеулерді архивтік документтермен жүргізеді.
Зерттеу түрлері мен әдістері
Бірінші кезең — мәтінге көз жүгірту, мәтінді қарап шығу;
— Кітапты парақтау, оқығанға дейін суреттерін қарап шығу
— Бөлімдерімен танысу;
— Кіріспесін оқу;
— Мәтіннің назар аудартатын жеке бөліктерін оқу.
Екінші кезең – мәтін бойынша оқушының өзіне сұрақ қойғызу:
— Маған қаншалықты қызық?
— Бұл проблема жөнінде не білемін?
— Мазмұнында қандай идеялар жатыр?
— Қандай жаңа нәрсе білуім мүмкін?
Үшінші кезең — мәтінмен тереңірек танысу, оқып шығу.
Төртінші кезең – ең бастысы мен қосымшасын бөліп алу. Бастауыш мектеп оқушысы үшін ең бастысын бөліп алу қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан оқушыға мәтіннің логикалық құрылымын анықтауға мүмкіндік беретін графикалық сызба жасап беруге болады.
Бесінші кезең – мәтін мазмұнының деңгейін, логикалық құрылым дәрежесін бағалау, яғни оқушы резюме құрады.
Жеке тұлғаның зерттеу жоспары:
- Өз бетімен ойлану
- Өзіне-өзі сұрақ қою
- Адамдардан сұрау
- Кітаптан қарау
- Интернеттен қарау
- Бақылау жасау
- Материал жинау
- Тұсаукесер
Өз жұмысын қорғау – қазiргi өмiрде маңызды дағдыларды игеруге мүмкiндiк туғызады. Қорғау барысында оқушы табылған ақпараттарды баяндауға, проблемаға басқаша қарауға, өзiнiң көзқарасын дәлелдеуге, басқаны сендiруге жаттығады. Қорғауды жоспарлау нақты мерзiмдi қажет етпейдi. Зерттеулiк iзденiспен айналысатын балалар да, олардың шығармашылықтары да әр түрлi болатындығын ескеру керек. Жұмысты даярлау мерзiмi баланың мiнез-құлық ерекшелiгiне, дайындық деңгейiне және зерттелетiн пәнiне байланысты болады. Сондықтан мерзiмдi баланың жұмыстың аяқтау мүмкіндігіне байланысты, жуықтап белгiлеген жөн. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық, тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез болып саналады. Ендеше, зерттеушілік, ізденушілік- бала табиғатына тән құбылыс. Бұл белсенділік оның жеке дамуына, өзіндік көзқарасының қалыптасуына игі ықпал етеді. Шығармашылық ізденушілік кез-келген кәсіппен тікелей байланысты. Зерттеу ісі қазіргі кезде аясы тар мамандандырылған қызмет емес, ғылыми қызметкерлердің белгілі топтарына ғана тән емес, сондай-ақ бүгінгі заман адамының өмір сүру тәсіліне енген, кәсіби шеберлігін танытуда өзіндік көзқарасына сәйкес қызмет болып табылады.
Бұл пікірімізді Абайдың жетінші қара сөзіндегі: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі- «ішсем, жесем, ұйықтасам» деп тұрады, екіншісі- «көрсем, білсем» деп, ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да «ол неге үйтеді», «бұл неге бүйтеді» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді»,- деген ой-тұжырымы растайды. Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті. Сондықтан әрбір оқушының интеллектуалдық және шығармашылық қабілеті жоғары, өз бетімен білім алу мүмкіндігі болуы тиіс.
Шығармашылық зерттеушілік ізденіс адам үшін екі түрлі көзқараспен маңызды: бір жағынан, жаңа өнімге қол жеткізуінде, екінші жағынан, ізденіс процесінің мәнділігінде. Адам шығармашылық нәтижесіне ғана қанағаттанып қоймай, шығармашылық пен зерттеу ізденушілігінің өзінен де ләззат алуға қабілетті болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Білім беру сапасы – Қазақстан Республикасының тұрақты даму ұстанымдарын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету кепілі» атты материалдар жинағы 2009 ж.
2. Республикалық ғылыми –әдістемелік журнал «Мектептегі ғылыми жұмыс» № 4,6. стр. 13, 19, 21
3. «Педогогикалық кеңес» журналы № 2,3 2011жыл стр, 17,23,27.
4. «Қазақстан мектебі» ғылыми- педагогикалық журналы.№5, 2008
5. Жексенбаева Ү.Б. «Зерттеушілік оқыту технологиясы» (Бастауыш мектепке)
«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ Жамбыл облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
«Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш оқыту»
кафедрасының аға оқытушысы: Ж.С.Кошербаева