Балабақшадағы оқыту – тәрбиелеу жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, одан әрі күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста дидактикалық ойындар арқылы қолдана білуге ерекше мән берілген.
Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі- дидактикалық ойындар арқылы тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болып есептелінеді.
Мен балалармен дидактикалық ойын арқылы сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр- түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретемін.
Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде дидактикалық ойын арқылы балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып
— балалардың сөздік қорларын дамытамыз;
— жаңа сөздерді меңгертеміз;
— үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отырамыз;
Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі дидактикалық ойын арқылы сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын молайтуда дидактикалық ойындар, тапсырма жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде дидактикалық ойындар –баланың шын тіршілігі. Дидактикалық ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады.
Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Дидактикалық ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала ешнәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал, еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.
Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлайда білмейді», «Ойында озған, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп –есейгенде де жалғаса береді. Ойын барысында өзін қоршаған үлкендер сияқты, өзінің сүйікті әңгімелері мен кейіпкерлері сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды.
Ойынды қолданумен бірге ойлауға, тілді дамытуға, шығармашылық әрекетін байытуға бағыт алады. Баланың ойын кезіндегі қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, ал қарым-қатынастағы пайымдаулары өзіндік таным-түсінік, мінез-құлық әдептерін бекітуіне әсер етеді. Бала ойын арқылы бір әрекеттен екінші әрекетке ауыса отырып, өзіне түрлі ақпараттар алады, дүние сырын ашады.
Дидактикалық ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Ойын дегеніміз — баланың тілін дамытатын, қызықтыра отырып, ойдан ойға жетелейтін тыныс кең, алысқа меңзейтін, қиялға қанат бітетін нәзік нәрсе.
Ұлы педагог В.И Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, фантазиясыз, шығармашылықсыз толық мәндегі ақыл – ой тәрбиесі болмайды» дейді. Демек, ойын арқылы баланың ақыл- ойы, сөздік қоры толыға түседі.
Дидактикалық негізгі мақсаты балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын,байқампаздығын, еске сақтау, қабылдауын дамытуға, икемділікті арттыруға, өзінің жеке құрбыларының іс-әрекетін бағалай, құрметтей, өз ісінің дұрыстығын дәлелдей білуін анықтау, қалыптастыру. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болса, сол ойындардан үлкенде мәнді, мағыналы істер туындап өрбейтінін байқаймыз. Өйткені ең алдымен не нәрсенің болсын жөн бастар қайнар көзі болатыны белгілі. Сондықтан да ойын бала бойындағы қандайда бір өнердің бастауы деп білеміз.
Өз тәжірибемде балалардың сөздік қорларын дамытуда дидактикалық ойындарды, тапсырма- жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Дидактикалық ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді,таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіреді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар.
Тәжірибемде балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және сөздік ойыны) үш түрлі етіп өткізуіне айта кеткім келеді.
Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Дәл осындайды тауып ал», «Салыстыр да, атын ата», «Қай ағаштың жапырағы?», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы аз, қайсысы көп?» т.б. Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады.
Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір сөзбен ата», «Кім байқағыш?», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «Не артық?»
Ал, сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуді үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата».
Сонымен қатар балалардың сөздік қорларын дамыту жұмысына ойындарды қолнаумен қатар, «Пішіндер көрмесі», «Өрнекті есіңде сақта», «Қиын жолдар», «Суретті жалғастыр»,
«Биші адамдар», «Көңілді таяқшалар» тәрізді жаттығу тапсырмаларды да пайдаланып отыру өз нәтижесін береді. Бұл аталған жаттығу, тапсырмалар балалардың сөздік қорын дамыта отырып, таным белсенділіктерін және саусақ бұлшық етін дамытады. Жалпы ойынды ұйымдастыру ойынды өткізуге әзірлік, ойынды өткізу, ойынды талдау сияқты үш бағытта қамтиды. Ойынға қажетті құрал, заттарды даярлау ойынды өткізуге әзірлік болып табылады.
Ойын деген менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған деп тегіннен айтпаса керек. Балабақшаларда сонымен қатар ұлттық педогогиканы дидактикалық ойындармен ұштастырып ұтымды пайдаланылса, онда тәрбиеленушілердің тілін дамытуға, білімге деген құштарлығын арттыруға және қазақ халқының мол мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға болады.
Қазақтың белгілі ғалым – ағартушылары Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин Халық ойындарының балаларға білім берудегі тәрбиелік мәнін, өткен ұрпақтың дәстүрі мен тарихын құрметтеп, эстетикалық, адамгершілік, қасиеттерінің дамуына, сөздік қорынының баюына қосатын үлесін жоғары бағаласа, біртуар ақын Мағжан Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінің бастаулары қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігінің, тілдік тәрбиенің негізгі ажырамас бөлшегі деп тұжырымдайды. Тілді дамыту мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жұмыстарының негізі болуы тиіс, өйткені баланың сөздік қорының нығаюы оның танымдық қабілетін арттырып, сана –сезімін кеңейтеді.
Мектепке дейінгі балалық шақтың барлық кезеңдерінде ұйымдастырылған оқу қызметтеріне арналған дидактикалық ойын әдістеріне үлкен мән беріледі. Оқытудың әдістері мен тәсілдері ережеге сәйкес қолданылады, әртүрлі үйлестіруде оқытудың көп бейнелі әдістері мен тәсілдерін пайдалану, оларды шебер үйлестіру керек, сонда ұйымдастырылған оқу қызметі балаларға пайдалы, қызықты болады. Өзім дидактикалық ойындарға ерекше көңіл бөлемін. Қызықты жаттығулар, шығармашылық тапсырмалар т.б.
Өзімнің тәжірибемде 5 сала бойынша өткізілетін оқу қызметтерімде жұмбақтарды пайдаланамын, өлеңдер, тақпақтар таңдаймын, логикалық ойлауға арналған тапсырмаларға мақалдардан, қанатты сөздерден, ертегілерден және сергіту сәтінен топтама жасаймын. Әртүрлі қызықты материалдарды қолдану педагогикалық үрдістің тиімділігін арттырып, сондай-ақ, олар баланың ақыл — ойының, тілінің дамуына үлкен ықпал ете отырып, балалардың ойлануына, есте сақтауына себеп болады. Балаларды ойын үрдісіне оқыта жүріп, ойыннан алған әсерлерін оқу қуанышына ұласу үшін ары қарай жұмыстар атқарамын.
Баланың сөйлеу мәдениеті әлеуметтік ортаға байланысты қалыптасады. Оның пайда болуы және қалыптасуы баланың қатынас қажеттілігінен туындайды. Қарым-қатынастағы қайшылықтар баланы тілді білу қабілетін ұштауға, сөйлеудің жаңа формаларын білуге жетелейді. Жас ерекшеліктерін, баланың қабілетін ескере отырып, баланың ересектермен қарым-қатынасы арқасында нәтижеге жетеді, мектепке дейінгі әр түрлі топтардағы балалардың тілін дамытуда дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану осы бағыттағы атқарылатын игі іс-шаралардың нәтижесіз қалмайтындығының айқын дәлелі деп санаймын.
Қорыта келгенде, баланың тілін дамыту үшін түрткі болатын екі күш қажет. Осы күштердің бірі ең алдымен ата-ана болып табылады. Өз баласының ерекшелігін көріп, оны дұрыс бағалай және бағыттай біліп, біліммен, тәртіппен, еңбекпен ұштастырып отырса, бала тілінің дамуына қажетті жағдай жасаса, бұдан балаға үлкен пайда болуы сөзсіз. Екінші тылсым күш бұл- тәрбиешілер. Демек, тәрбиешілер мен ата-аналар арасындағы алмасу – ең маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Осылай бірлесе еңбектеніп қана баланың тілін, ой-өрісін кең дамыта отырып мақсатымызға жететініміз анық.
Есжанова Жанар Пердебаевна,
№71 «Мөлдір» балабақшасы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мемлекеттік жалпы міндетті мектепке дейінгі 3 жастан 5жасқа дейінгі балаларға білім беру стандарты. Ресми басылым. Астана. 2007ж
- Дүкенбаева Ғ.С. Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу: Алматы. Рауан, 1992.-60 б.
- Л.П.Федеренко, Г.А.Фомичева, В.К. Лотарев, Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы. А., «Мектеп», 1981, 244 б.
- «Отбасы және балабақша» 2010 ж №5 12 бет.